Басты ақпарат

Түйткілді мәселелер аз емес

Елордалық депутаттар алдағы мәслихат сессиясында мәселелерді жіліктеп қарау үшін бас шаһардағы бірнеше медицина мекемелерін аралап шықты. Оған тұрғындардан келіп түскен әлеуметтік нысандарға қатысты әртүрлі өтініштер түртпек болған. Мәслихат хатшысы Ерлан Каналимов жиырмаға жуық үзеңгілестерімен бірге қала әкімдігіне қарасты №1 және №2, №3 көпсалалы қалалық балалар ауруханаларына, қалалық жедел жәрдем станциясына барып, емдеу мекемелерінің жұмысымен танысты. 

[smartslider3 slider=2431]

Депутаттар ат басын бұрған бірінші нысанда бірқатар түйткілді жайттар бар екені мәлім болды. Тозығы жеткен жертөлені көрген Е.Каналимов пен оның әріптестері №1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жылу жүйесін жөндеу жұмыстарын жеделдету керектігін түсінді. Көп жылдар бұрын салынған аурухананың ахуалы аянышты халде. Қабылдау бөліміне келген науқастарға аядай бөлме тарлық ететіні түсінікті болды. Мекеме директоры А.Шаймердинова тиісті жобалық сметалық құжаттарды әзірлеп ұсынғанын айтып, ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын шұғыл жүргізуді сұрады.  Жағдайға байланысты жөндеу жұмыстарына бөгет болмас қажетті шараларды қабылдайтынын да жеткізді.

Қаржы бөлу кезінде оның өтпелі жылдарға бөлу керек екендігін айтқан мәслихат хатшысы одан бөлек аурухана айналасын абаттандырып, автотұрақпен жүретін жолды ретке келтіру қажет деді. Сондай-ақ аурухана әкімшілігімен ақылдасып, мәселелерін тыңдады. Алаңдатарлық жағдайдың аз еместігін аңғарды.

Екінші нысанға барған кезде де Е.Каналимов қалада 36 денсаулық сақтау нысаны бар екенін айтып, түрлі сала мамандарынан комиссия құрып өзекті мәселелерді зерделеп, шешу жолдарын мәслихатқа ұсыну керек екенін ескертті. Өйткені №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы заманауи талаптарға сай болғанымен, жаз мезгілінде балалар ойнайтын алаңы жоқ, жолдары шұрқ тесік, келушілерге жағдай жасалмаған. Мұндайда аурухана басшылығын кінәлаудан аулақ болған Ерлан ­Ермекұлы аурухана директорының тапсыратын 50-ге тарта есебі бар, оның шаруашылық және басқа да сұрақтармен айналысуына мүмкіндігі бола бермейтінін алға тартты. Сол үшін 36 нысанға 36 жоспар құрып, саланың өзекті сұрақтарына нақты жауап қату керек деді ол.

Аталған аурухананың директоры Г.Кулушева мәслихат хатшысына бірқатар жұмыстарды баяндап, жұмысқа кедергі келтіретін келеңсіздіктерді айтты. Сондай-ақ ол МРТ немесе КТ түсіру барысында біраз қиындықтар бар екенін айтты. Атап айтқанда, әр бала томографияға түсу үшін 5 сағат тамақ ішпей келу керек. Сосын сырқатына қарай әрбіріне 30-40 минут шамасында уақыт жұмсалады. Үзіліссіз жұмыс істегеніне қарамастан кезекте отырған 7-8-ші ата-ана балалардың қарны ашты, неге ұзаққа созылды деп шағым айтады екен.

Қалада тіркеу­де тұрған 1 млн 300 мыңға жуық адамға бөлінген ақша өзге өңірлерден келген кісілерге қарас­тырылмайды. Соларды өз есебімізден емдеу үшін үлкен шығындар кетеді. Осы мәселені оңынан шешу қажеттігін түсінген халық қалаулылары алдағы сессия барысында мұны күн тәртібіне қоюға уағдаласты

Ал сол жағалауда орналасқан аты әйгілі жедел жәрдем станциясында айтарлықтай мәселе жоқ.  1 млн 300 халыққа қызмет ету үшін 120-дай жедел жәрдем көлігі сақадай сай тұр. Қоңырауды қабылдап, саралайтын мамандар да ауысым бойынша қызмет жасауда. Қала бойынша жедел жәрдем бригадаларының орналасуы алып монитор арқылы бақыланып отырады. 4 ауданның қай бұрышына шұғыл көмек керек болса, ең жақын жүрген бригада жіберіледі. 103 нөміріне түскен қоңыраулар 4 деңгейге бөлінеді, сәйкесінше 5-10 минуттан 1 сағатқа дейін уақытта көмекке келеді. Депутаттар тобына осының барлығын баяндаған директор М.Оразбаев жедел жәрдем жүргізушілердің жалақысын біраз өсіргенімен, 150 мың теңге тәулік бойы көзі ілмей қызмет ететін медицина қызметкерлері үшін аз екенін айтты. Сондықтан олар демалуға берілген уақытта такси қызметін көрсетіп, құрылыспен айналысатын көрінеді.  Медицина қызметкерлерінің жалақысын өсіргенде жүргізушілерді ұмыт қалдырмаса екен деген тілегін айтты. Сондай-ақ ол МӘМС бойынша қызмет көрсетуге келгенде жылына 100 млн теңге шамасында шығын кететінін атап өтті. – Мысал үшін қызылордалық әжей елордаға немерелерін бағуға келеді. Сосын қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдемге жүгінеді. Ал бізге қаржы жан басына қарай бөлінеді. Қалада тіркеуде тұрған 1 млн 300 мыңға жуық адамға бөлінген ақша өзге өңірлерден келген кісілерге қарастырылмайды. Соларды өз есебімізден емдеу үшін үлкен шығындар кетеді, – дейді ол. Осы мәселені оңынан шешу қажеттігін түсінген халық қалаулылары алдағы сессия барысында мұны күн тәртібіне қоюға уағдаласты.

Балаларға арналған алғашқы медицналық көмекті жағдайын жақсарту туралы кезекті сессияға дайындалу үшін шыққан депутаттар барған соңғы нысан  №3 көпсалалы балалар ауруханасы болды. Директор И.Шаметеков келген меймандарды аурухана ішін аралатып, атқарылған жұмыстардың жайын ұқтырды. Сонымен қатар жоспарларымен бөлісті. Салынғанына көп болмаған нысандарда, негізінен, өзекті мәселе жоқ. Тек барша директорлар қосымша травматология­лық т.б. пунктер салып, қала санына байланыс­ты балалар көп екендігін ескеріп бірқатар мамандар тарту қажет деген тілегін білдірді.

Жалпы ұдайы жаңартуды, жаңғыртуды талап ететін саланың бірі әрі бірегей денсаулық сақтау мекемелері екені әмбеге аян. Көздерімен көріп, көңілдеріне түйіп қайтқан қалалық мәслихат депутаттары айдың соңында өтетін кезекті сессияда кеңінен көсілмек. Қордалаған мәселелерді біртіндеп қарап, ел игілігіне арналған шешім қабылдайды деп сенеміз. «Жаңа Қазақстанның» жұмысы осындай болуы тиіс емес пе?

Осылайша қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қысқа мерзімде жүйелі проблемалардың тізімін жасап, нақты ұсыныс әзірлеу туралы тиісті тапсырма берілді.

Байжан ЕМБЕРДІ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button