Басты ақпаратМәселе

Түкірігің жерге түссе – айыппұл!

Шыны керек, біз қазір «Әдептілік – әдемілік» деген сөзді ұмыттық. Кез келген жерге «былш» еткізіп түкіреміз, қақырамыз, тіпті біреудің көзінше сіңбіре саламыз! Мұндай әбес қылыққа айналаңдағы адамдардың жай жиіркенішпен қарағаны былай тұрсын, заң жүзінде жазаға тартылатынын жұрт біле бермейді. Білмегені шығар, биыл елордада көшеге түкіргені үшін 6300 адамға айыппұл салынған. Тамыз айында астаналық полицейлер екі күнде көшеге түкірген 23 адамды «Сергек» камераларының көмегімен анықтап, әрқайсына 15900 теңгеден (5 АЕК) айыппұл төлеткен.

Жазаны қатайтайық!

Десек те елімізде көшеде түкіріп-қақырғандарға заңмен тыйым салынбаған. Өткен айда екі мегаполис – Астана мен Алматының мәслихат депутаттары түкіргіш, қақыр­ғыш, сіңбіргіш азаматтарды заң жүзінде жазалауды ұсынды. Астана қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Дженалае­ва елорданың көшелері ғана емес, бақтар мен саябақтар түкірік пен қақырықтан аяқ алып жүре алмайтын алаңдарға айналғанын қынжылып жеткізді. «Өзіміз де кешкілік таза ауаға серуендеуге шыққанда күнде көретініміз – түкірік! Күл-қоқыс тастайтын жәшіктердің айналасынан өту мүмкін емес. Автокөлік жүргізушілері де бағдаршамда тұрып, көлігінің есігін ашады да бар күшімен қақыра салады. Қала тұрғындары да бұл мәселеге қатысты қаншама рет шағым айтты. Меніңше, бұлай қалдыра бермей, әдепсіз, мәдениетсіз адамдардың жаман қылығына заңмен тыйым салуымыз керек» деген ұсыныс айтты депутат.

Бұл ұсынысқа жауап қатқан елорда әкімі Алтай Көлгінов: «Бұл – өте ұят нәрсе. Бәлкім, шетелдік тәжірибеден үйреніп, түкіргендерге салынатын айып­пұлды көбейту керек шығар. Мысалы, Сингапурда түкірген адамға өте үлкен көлемде айыппұл салынады. Халықпен кездесулерде тұрғындар ауламыз қоқысқа, шемішкенің қабығына толып кетті деген шағымдар айтады. Менің жауа­бым мынау: мемлекет жайлы, әдемі аула салып берді. Ендігі қожайыны – тұрғындар. Оны күтіп ұстау, тазалық сақтау – тұрғындардың шаруасы. Әр адам өз үйінде шемішке шағып, қабығын лақтыра бермейді ғой. Аулаға да, көшеге де, қалаға да осындай көзқараспен қарайық» деп жауап берді. Сайып келгенде, астаналық депутаттар көшеде түкірген автокөлік жүргізушілерін бейнекамералардың көмегімен анықтап, айыппұл салу жөнінде шешім қабылдады. Тәртіп бұзушылар автокөлігінің нөмірі бойынша анықталады.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Сергей Пономарев та қоғамдық орындарда, көлік жолдарында түкіргендерді (бұған қоқыс, темекі қалдығын, сағыз лақтырғандарды, шемішке қабығын тастағандарды қосты) қатаң жазалауды ұсынып, өз әріптестерін көшеде жүріп-тұрудың қосымша ережелерін дайындауға шақырды. «Әсіресе қоғамдық орындарда, тас жолдарда түкіріп, қақыр­ғандарды аямай жазалайық. Түкірік арқылы ауаға қаншама ауру таралып, адамдардың денсаулығына зиян келуде» деді ол.

Қоғамдық орында түкіру әдепсіздік қана емес, гигиенаға жат, аурулардың таралуына жол ашатын жиіркенішті қылық. Себебі дәрігерлер жерге түскен түкірік пен қақырықтың кепкеннен кейін әртүрлі бактерияларды қоршаған ортаға тарататынын дәлелдеген. Яғни ауру адамның түкірігі арқылы дені сау адамға дерт жұғады. Кепкен түкіріктегі бактериялар шаң-тозаңмен жоғары көтеріліп, адамдардың аяқ киімі, үстіндегі киімі, қолындағы заты арқылы үйіне ілесіп барады. Халық қалаулыларының көшеде түкіруге тыйым салу туралы ұсынысын Денсаулық сақтау министріміз Ажар Ғиният та қолдады. «Бұл ұсынысты толық қолдаймын. Жағымсыз мәдениеттің көрінісі, әдепсіздік, гигиенаға жат. Сол себептен бұл мәселені қоғаммен бірге талқылап, Парламент депутаттарының назарына ұсынуымыз керек. Кез келген тыйым салынған соң ол жазаға айналады» деп түсіндірді журналистерге мәселенің мәнісін құзырлы ведомство басшысы.

Өкінішке қарай, Сингапур емеспіз

Бүгінгі таңда түкіріп-қақыр­ғаны үшін тікелей жаза болмаса да, бірді-екілі жауапкершілікке тартылғандар бар. Мысал келтірейік. 2017 жылы астаналық полицейлер автобус аялдамасына түкірген бір азаматты ұстап, 17 мың теңге айыппұл салған. Ал 2021 жылы көпқабатты тұрғын үйдегі лифтте түкірген адам 10 күнге абақтыға қамалды. Қазір біздің заңнамамызда түкіргені үшін жекелеген жаза жоқ. Оқта-текте айналасына былш-былш түкіргендерді «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-2 бабы («Қоғамдық орындарды ластағаны үшін») бойынша жауапкершілікке тартады. Көшені ластағандар 5 АЕК көлемінде, яғни 15900 теңге айыппұл төлейді. Жаман қылығы 1 жылда екінші рет қайталанған жағдайда – 10 АЕК көлемінде, яғни, 30 630 теңге айыппұл төлейді.

Астана қалалық Полиция департаментінің өкілі Нұралы Тәңірбергенов көшелердегі тазалық пен тәртіптің сақталуына полицейлер тәулік бойы бақылау жүргізетінін айтады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 434-2 бабын жұрт біле бермейді. Полиция­ның жедел басқару орталығында көп бейнекамералар бар. Солар арқылы көшедегі заң бұзушылық іс-қимылдар тіркеліп, түкірген және қоқыс тастаған адамдарды полиция ұстап, әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл жазылады» дейді ол. Назар аударарлық жайттың бірі, 2022 жылдың басынан бері Алматыда – 5424 адам, Астанада 6300 адам көшеде түкіргені үшін жауапкершілікке тартылған. Жаман әдетке бейім адамдардың саны неге күрт өскен? Адамдар әдептен жаппай безіне бастады ма, әлде, бейнекамераларды көбейткен полицейлер дұрыс жұмыс істеуге кірісті ме?! Қалай десек те, көзге қораш көрінетін қылықтың көбейгені жақсылық емес.

Бұған тосқауыл қою үшін не істеуіміз керек? Әлемдік тәжірибеге үңілсек, жағымсыз әдеттен тез арылуға үйреткен тәсілдер көп. Соның бірі – Үндістанның тәжірибесі. 2020 жылы ел үкіметі көшеде түкіргендерге 500 рупий (3 мың теңге) көлемінде айыппұл салатын заң шығарды. Ал Үндістанда індет кеңінен таралғанда бұл жазаны күшейтіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыратын болды. Себебі үнділік дәрігерлер құрт ауруы, COVID-19 індеті ауада таралған түкірікпен жұғатынын анықтаған. Үнділер тропикте өсетін бетельдің жапырағынан жасалған сағыз шайнайды. Бұл сағыздан адамның ауыз қуысында сілекейдің мөлшері тез көбейеді. Біздің насыбайымызға ұқсас өнім. Құрамында сілтісі бар насыбайды атқан адам жиі-жиі түкіреді. Егер түкірікке заңмен тыйым саламыз десек, насыбайға қатысты да арнайы ережелер енгізу керек шығар.

Мәселен, Қырғыз елінде насыбай атып, жерге түкірген адамға 5500 сом көлемінде айыппұл салады. Біздің ақшамен есептесек – 30 мың теңге. Әлемдік тәжірибеде түкірік пен қақырыққа қатаң жаза қолданатын елдер көп. Лондонда байқаусызда көшеде түкіріп қойсаң, 100 фунт стерлинг (55 мың теңге) айыппұлыңды шытырлатып санап бересің. Ал өркениеттің ордасы атанған Сингапурға барсаң, аузыңа да, қолыңа да ерекше абай болуың керек. Өйткені сенің түкірігің, я болмаса тастаған сағызың не өзге қоқысың үшін 1000 долларыңды (338 мың теңге) қаланың қазынасына бересің. Несі бар, мұндай жазаға біздің түкіргіштер ойланып қалуы мүмкін. Бәлкім, астаналық депутаттар 5 АЕК-ті болашақта 50-100 АЕК-ке дейін ұлғайтуды жақтап, дауыс берер. Меніңше, көшедегі түкірген, қақырған немесе сіңбірген адамдарды ұстап алған полицейлер сол жерлерді жуғызуды заңға баттитып жазып қойса, мәселе өздігінен жедел шешілетін еді-ау.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button