Қала тіршілігі

ТҮЛЕКТЕР ЖҰМЫСТЫ ҚАЙДАН ТАБАДЫ?

Күні кеше редакциямызға Ұлбосын есімді оқырманымыздан хат келді. 2016 жылдың түлегі педагог-психолог ма­мандығы бойынша жұмыс таппай жүр екен. Барған жері еңбек өтілінің жоқтығын алға тартып, сыпайы түрде шығарып салады дейді. Сонда тәжірибесі жоқ жастар қызметке қалай тұрады? Өзекті мәселенің шешімін тарқатып көрелік…

kbb_7132

Миллион тұрғыны бар Астананың ширек пайызы жастар екен. Яғни, 14-29 жас аралығындағы тұрғындар саны бүгінде 250 мыңға жуықтайды. Ресми деректерге сүйенсек, шамамен 20 мыңнан астам түлек жыл сайын арнайы орта, жоғары оқу орындарына қабылданады. Олардың тең жартысы – бас қалаға арман қуып, еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер. Ал, жоғары оқу орнын жылда шамамен 12 мың студент аяқтайды. Қолына диплом алған олардың бәрін жұмыссыз деу – орынсыз. Біреу студент боп жүріп те білікті мамандардың назарына ілігеді. Екіншілері магистратураға тапсырып, оқуын жалғастырады. Білім жолында шетел асып жатқандары қаншама. Алайда көптен аңсаған бір жапырақ қағазына қолы жетіп, еңбек нарығында орын таппай жүргендер де баршылық. Мемлекет олардың мұңын мұңдап, жағдайын жасаудан тартынған емес.

ТӘЖІРИБЕГЕ АЙЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ
Жұмыс дегенде ең әуелі Астана қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығы еске түседі. Бұл мекеме «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» – мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыратындардың бірі. Күніне мұнда 400-ге тарта адам келеді. Олардың дені – жастар. Басында білімі, қалтасында дипломы бар, бірақ тәжірибесі жоқ олар «Жастар практикасынан» өтуге асық. Бұл бағдарлама жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне мамандығы бойынша алғашқы тәжірибесін жинауға жағдай жасайды. Әдетте тәжірибе барысында еңбекке деген ерекше қабілетімен жұмыс берушінің көзіне түскен жас азаматтар сол кәсіпорынға тұрақты түрде жұмысқа орналасып жатады.

Соңғы бес жылда мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болған серпінді жобаның игілігін 3746 астаналық түлек сезінді. Тәжірибеден кейін олардың 60 пайызы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Ал, биыл «Жастар практикасына» 572 адам жіберілді. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілерді қазан айының соңына дейін қабылдайды екен. Тек оған жасы жиырма тоғызға дейінгі, жоғары немесе арнайы орта білімі бар, оқыған мамандығы бойынша еш жерде жұмыс істемегендер қатыса алады. Жұмыспен қамту орталығы түлектермен алты айға еңбек шартын жасаған соң, оларды арада келісім бар жұмыс беруші компаниялардың біріне жұмыс істеуге жібереді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан бағдарлама қатысушыларына ай сайын 45 000 теңге жалақы төленеді. Тәжірибе кезінде жастардың кәсібі жұмыс берушінің көңілінен шықса, алты айдан соң, тұрақты жұмысқа қабылдауға құқылы. Бағдарламаға қатысу үшін бар болғаны Астана қаласы Жұмыспен қамту орталығына келу керек. Үміткердің өзімен бірге жеке куәлігі мен дипломы болуы тиіс.

ТҮЙІНДЕМЕ ЖІБЕРГЕН ЖӨН
«Астана жастары» ресурстық орталығы да кәсіби бағыт-бағдар беру мен жастарды жұмыспен қамту бойынша бірқатар тұрақты іс атқарады. Мәселен, 2015 жылдан бері ай сайын жұмыссыз азаматтардың сенімін арттырып, әңгімелесу кезіндегі сұрақтарға ұтымды жауап беруге үйрететін психологиялық тренингтер өткізіледі. Осы күнге дейін аталмыш тренингтерге 500-ге жуық адам қатысқан.

Сонымен бірге, биыл салалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылатын болды. Жас маманға деген таптырмас көмектің бірі – осы. Мәселен, наурызда – техникалық, сәуірде – гуманитарлық, шілдеде сауда және экономика саласындағы жәрмеңкелер өтті. Ондағы жұмыс берушілердің талаптары да көп емес. Мамандығы бойынша дипломы барлардың еңбек өтілінсіз де жұмыс табуға мүмкіндігі бар. Оларға көбіне айлығы жүретін тағылымдамалар қарастырылған. Бастысы, сынақ мерзімінен сүрінбей өтсе болғаны.

– Жалпы, біздің ұйым жылына шамамен 500 түлекті еңбекпен қамтиды. 29 жасқа дейінгі азаматтар электронды поштамызға түйіндемелерін жолдайды. Әрі қарай оларды тікелей жұмыс беруші компанияларға жібереміз. Мамыр айында елорданың жетекші 40 кәсіпорнымен серіктестік жайлы меморандумға қол қойдық. Енді олар біз бағыттаған лайықты кадрларды жұмысқа алады, – дейді «Астана жастары» КММ Жұмыспен қамту және кәсіби бағдар беру бөлімінің басшысы Айдана Мұсатаева.

Бүгінде «Астана жастары» ресурстық орталығы қаланың 319 кәсіпорны мен компанияларымен серіктестік орнатқан. Жыл басынан бері мекеме 100-ден аса жас азаматты жұмысқа тұрғызған. Бұл жұмыстар жыл бойына жалғасады. Ең бастысы, ұйымның ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларын ұдайы қадағалап отырған жөн.

ТАҒЫЛЫМДАМА МҮМКІНДІКТЕРІ
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында елімізде «Сәтті қадам» жобасы да 2013 жылдан бері жүзеге асып келеді. «Нұр Отан» партиясы алға қойған жобаға ЖОО мен арнайы оқу орындарын тәмамдаған жастар шақырылады. Бұл арқылы оқу бітірген түлектер еліміздегі ұлттық компаниялары мен мемлекеттік мекемелерде тағылымдамадан өте алады. Жоба қатысушыларды іріктеу, сұхбаттасу, сондай-ақ, тренингтер арқылы кәсіби біліктіліктері мен жеке мүмкіндіктерін қалыптастыруды көздейді.

Бүгінде «Сәтті қадам» жобасына қатысушылар 350-ден аса ірі жұмыс беруші мекемеде тағылымдамадан өте алады. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «ҚТЖ», «ҚазАгро», «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі», «Қазпошта», «Қазақтелеком», «KAZNEXInvest», «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» секілді компаниялар мен министрліктер және басқа да маңызды мемлекеттік органдар бар.

Құрметті елорданың жұмыс берушілері!
Астана қаласы әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығы» КММ 2017 жылы жастар практикасын, қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін өтініштер қабылдау басталғанын хабарлайды.
Өтініштерді қабылдау мерзімі – 2016 жылдың 1 қарашасына дейін жүргізіледі.
Өтініштерді мына мекенжайға ұсыну керек: Бейбітшілік к-сі, 25, «Өркен» ІО.
Анықтама телефондары: 57-86-47, 57-89-35, 57-86-42.

«Қазір еңбек өтілінсіз жақсы жұмысқа орналасу өте қиын. «Сәтті қадам» сияқты жобалар оқуды енді аяқтаған студенттерге білімдерін тәжірибеде қолдануға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мол мүмкіндік береді. 2015 жылы жоба туралы естіп, өз бағымды сынап көруге бел будым. Үш айлық тағылымдаманы жемісті өткізіп, еліміздің Ұлттық экономика министрлігіне жұмысқа орналастым» дейді «Сәтті қадам» жобасының 2015 жылғы қатысушысы Дина Абдрахмет.

– «Сәтті қадам» жобасы қазіргі күні үш бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі – ЖОО мен колледж тәмамдаған түлектерді қаланың жетекші орындарынан 1-3 ай аралығындағы тағылымдамадан өткізу, екіншісі – жетім балаларды жұмысқа тұрғызу және оқуға түсе алмай қалған не болмаса ҰБТ-дан құлаған жастарға жәрдемдесу. Биыл «Сәтті қадам» жобасына қатысу үшін құжаттар 20 шілде мен 15 тамыз аралығында қабылданады. Астана қаласы бойынша 200-ден аса өтініш келіп түсті, – дейді «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалының төрағасы Серғазы Шақабаев.

Оның айтуынша, «Сәтті қадам – Тағы­лым­­дама» жобасы жастардың жұмысқа тұруына кепілдік емес, жақсы мүмкіндік бе­реді. Қалғаны – жас азаматтың өз қолында.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button