Басты ақпаратБілімЖаңалықтар

ТҮЛЕКТЕРДІҢ «ТРИУМФ» БАЛЫ

Талаптың тұлпарын мініп, тас қияға өрлеген талантты шәкірттердің басын біріктірген «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы биыл 10 жылдығын тойлауда. Мерейтой аясында аталмыш мекеме мен Астана қаласының Білім басқармасы дәстүрлі «Триумф» балын ұйымдастырды. Елорданың ең үлгілі түлектерін үкілейтін салтанатты жиынға біз де қатысып қайттық.

Оқушылар сарайының ішінде ерекше атмосфера орнаған. Ақ көйлекті бойжеткендер мен шырттай киінген бозбалаларға қарап көзің сүйсінеді. Бүгін олар қандай марапатқа да лайық. Өйткені ұл-қыздар дүбірлі додаларда дес бермей, бас шаһардың беделін биіктетіп келеді. Мәселен, биылғы оқу жылында АҚШ-та, Бразилияда, Грузияда, Ресейде, Оңтүстік Кореяда өткен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда 268 медаль еншілеген. Республикалық олимпиада мен ғылыми жобалар жарысында да 10 жыл қатарынан жалпыкомандалық есепте 1-орыннан көрініп жүр. Осы жылы оқушылар 97 жүлдені олжалапты.


Кештің шымылдығын ашқан елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев:
– Білім бәсекесінде қол жеткізген жетістіктерің біз үшін өте қымбат. Бұл жолда ұстаздарың мен ата-аналарың да орасан еңбек сіңірді. Лайым осы бағыттан таймай, елдің елеулі, халықтың қалаулы азаматы атаныңдар. Үлкен өмірге басқалы жатқан қадамдарың құтты болғай! – деп шәкірттерге ыстық лебізін жеткізді.
Бұдан соң әкім орынбасары Астанадағы үздік мектептердің басшыларын марапаттады. Атап айтсақ, дарынды ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің директоры Нұркен Әкімов, №4 мектеп-гимназияның директоры Базаркүл Сыздықова, №73 физика-техникалық бағыттағы мектеп-лицейдің директоры Құралай Байтәжікова сынды педагогтар алғыс хатқа ие болды.


Ал кештің басты кейіпкерлері – Астананың атын Қазақстан мен әлемге танытып жүрген дарынды жеткіншектер қатарында Елтай Задашев, Әсел Кәпішева, Әлім Аманжолов, Дана Доқтырбек, Елхан Қамзабек, Әдина Үйсенбаева, Темірлан Амангелдин секілді ұл-қыздар бар. Оларға Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті директоры Жаңыл Жонтаева арнайы статуэтка табыстап, сапарларына ақ жол тіледі.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button