Білім

Тумайды енді қайтып Иманжүсіп…

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйым­дастыруымен №42 орта мектепте Иманжүсіп Құтпан­ұлының 150 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. 

Сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесіне арналған музыкалық–әдеби кеште жиналған көпшілік алдымен тұлғаның өмір дерегімен танысты. Ноқтаға басы симаған асау мінезді ақынның отызыншы жылдары халық жауы атанып, оның әндерін орындауға, тіпті, атын атауға да тыйым салынғаны туралы деректер айтылды.
Шараны өткізуге ұйытқы бол­ған азаматтардың бірі, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев халқы­мыздың біртуар перзенті жайлы кеңінен мәлімет берді.
Кезінде Иманжүсіптің талантын көре алмаған жергілікті әкім-қаралар қыр соңына шырақ алып түскен екен. Олардың қысымына шыдамаған ақын Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің әділетсіздігін, зорлығын бетіне басып, небір уытты өлеңдер шығарады. Өлеңдері мен әндері ауыздан-ауызға көшіп, елге тарайды. Тіпті, ақынның ел арасында беделі өсіп, Қараөткелдің қазақ-орысы оны болыстыққа ұсы­нады. Бұл сайлауда Ақмоланың аға сұлтаны болған Ыбырай Жайық­баевтың туған інісі Рахымжанмен бірге дауысқа түседі. Бірақ, әр­түрлі себептермен жеңіліп қала­ды. Осыдан кейін-ақ екеуінің арасы шиеленісе береді. Ақын қу­ғынға ұшырап, жалған жаламен жа­уапқа тартылып, 1905-12 жылдары Өскеменге, кейін Жетісуға жер аударылады. Қызыққа толы ғұмырының азапқа айналғанына қамығып, ол іштегі зарын жыр ар­қылы төккен екен.

Иманжүсіптің сан қырлы дарынын өлеңмен өрнектеген ҚР еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұр­ғынбек жиналған көпшілікке жыр­дан шашу шашты. Әнші Данияр Мұқан талай ұрпақты там­сандырған Иманжүсіптің әйгілі «Ерейментау» әнін нақышына кел­тіріп орындады.
Сарыарқа төріндегі Қараөткел – талай тарихқа куә шежірелі қоныс. Сол Қараөткел бүгінде Алаштың астанасына айналды. Яғни, Қара­өткел кезінде Алаш арыстары ар­ман­даған қазақтың бас қаласы бол­­ды. Сондықтан бұл жиында Иманжүсіптің тарихпен сабақтас «Қа­­раөткел» әні шырқалды.
Иманжүсіптің қай әнін алсақ та, асқақ рух пен өр намыс сезіле­ді. Сондай әндерінің бірі – «Сары­ар­қаны» ҚР еңбек сіңірген әртісі Гүл­нар Хамзина, «Сармойын» және «Қаракесек» әнін Айтбек Ны­ғызбаев орындады.
Кеш соңында мектеп директоры Серік Қалиев шараны ұйым­дастыруға мұрындық болған Аста­на қаласы Тілдерді дамыту бас-
­қармасының басшысы Ербол Тілешовке және әдеби кешті жүр­гізген Қайыржан Мақановқа ал­ғысын білдірді.

 

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button