Тұмаудан сақтаныңыз!
Соңғы аптада елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 4863 жағдайы тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сырқаттану 10%-ға жоғары.
Мониторингке сәйкес, эпидемиялық маусымның басынан бастап қала бойынша А тұмауы вирусының айналымы анықталды. Тұмаусыз вирустардың ішінде риновирус – 13%, аз дәрежеде риносинтициалды вирус – 8%, бокавирус – 2%, адам коронавирусы – 3%, аденовирус – 2%, парагрипп – 1%, метапневмовирус 1%-ды құрады.
«Метапневмовирус – бұл көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда таралатын классикалық вирустың бірі. Инфекциялардың басқа түрлерімен қатар, ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өсуі кезінде белсенді болады. Негізінен, ауа-тамшы жолымен беріледі» дейді Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева.
Оның айтуынша, департамент халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерде қарым-қатынасты шектеуге шақырады, бұл әсіресе созылмалы аурулары бар халықтың неғұрлым осал топтарына қатысты. Үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысын шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру керек. Егер аурудың белгілері пайда болса, уақытылы медициналық көмекке жүгініңіз.
Дайындаған Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ