Басты ақпарат

Тұңғыш

Бүгінгі әңгіме бұрынғы Ақмола, қазіргі елорда топырағында туып, бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет пен ел игілігі жолында сарп еткен Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов туралы болмақ. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы, егемен елдің тұңғыш Қорғаныс министрі, тұңғыш Халық қаһарманы, БҰҰ мінберінде тұрып сөз ұстаған тұңғыш қазақ генералы.

[smartslider3 slider=2902]

Көзі тірісінде аңыз­ға айналған адамның қол астында қызмет ету бақыты бұйырды, ағаның қамқорлығын көрдік, тәрбиесін алдық. Ендеше естелікке бір ауыз сөз айтпау арымызға сын болар еді.

Батыр адамның басты қасиеті қарапайымдылық болса керек. Ол біреуге ешқашан жоғарыдан төменге қарамайтын. Үлкенмен де, кішімен де тең дәрежеде сөйлесуші еді. Кеуде керген кезін көргеніміз жоқ.

Еске cақтау қабілеті мықты болатын. Қанша уақыт өтсе де қарамағындағылардың аты-жөнін, қайда туып-өскенін жатқа айтып отыратын. Ең бастысы, ол өзін ешқашан батырмын деп есептемеген. Бұл жайында сәл кейінірек айтамыз.

Бала Сағадат сегіз жасында жетім қалып, ағасы Сағит пен жеңгесінің қолында өседі. Кейін Сағит майданға аттанып, соғыстың алғашқы жылында-ақ Новгород түбінде қаза табады. Осыдан соң отбасының бар ауыртпашылығы бала Сағадаттың иығына түседі. «Менің алғы шебім» кітабында өзінің осылайша жастайынан ересектермен қатар тер төгіп, еңбекпен есейгенін жазады. Автордың сол кездегі Ақмоланы суреттеуі де қызық: «Бірде-бір асфальт төселген көше жоқ. Жаз мезгілінде қала шаңқып жатады. Саз балшықтан және ағаштан соғылған жатаған үйлердің мысын шіркеу, мешіт және су айдайтын мұнара басып тұратын».

Ағасының қаза тапқаны туралы қара қағаз келген соң ол майданға сұранып, әскери комиссариаттың табалдырығын тоздырады. Талай рет жасың жетпейді деп кері қайтарған. Алайда табанды бозбала алған бетінен қайтпайды. Ақыры әскери комиссар оны әскери училищеге оқуға жібереді. Сегіз айдан соң Бірінші Түркістан пулеметшілер училищесін үздік бітіріп, майданға аттанады.

Он тоғыз жасар лейтенант. Пулеметшілер взводының командирі. Қарамағындағылардың дені – ұрыста ысылған сақа солдаттар, кейбірі әкесіндей. Оларды басқару оңай емесі анық еді. Әйтсе де өмір мектебі ерте есейткен, көргенін қағып алатын қағылез жігіт соғыс өнерін сол солдаттармен бірге меңгереді. Оның от кешкен майдан жолы Кубаньнан басталып, Донбасс, оңтүстік Украина, батыс Белоруссия, Молдавия, Польша арқылы Берлинде аяқталды. Гитлердің рейхсканцеляриясын алғанда батальон командирі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов небәрі жиырма бір жаста болатын.

Кітабында өзіне осынау жоғары атақты тапсыру сәтін суреттеген тұсында біз тағы да қарапайымдылықтың үлгісін көреміз: «Ленин» ордені мен «Алтын жұлдыз» медалін тапсыру салтанатты жағдайда өтті. Үрмелі аспаптар оркестрі ойнады. Полк сап түзеп, жауынгерлік ту алып өтілді. Кеңес Одағы Батыры атағын алғандар топ болып бір бөлек тұрды. Оның ішінде мен де бар едім». Бар-жоғы осы.

1945 жылдың сәуірінде оны командование Кеңес Одағы Батыры атағына екінші рет ұсынады. Енді 1052-атқыштар полкінің командирі, Кеңес Одағының Батыры, полковник А.Пешков қол қойған құжат сөйлесін: «24 апреля 1945 года батальон майора Нурмагамбетова, сломив упорное сопротивление противника, ворвался в Берлин. Мастерски управляя батальоном, в сложных уличных боях с большими группами фаустников и автоматчиков уничтожил 45 и захватил в плен 1560 гитлеровцев и ликвидировал девять опорных пунктов. В этом бою майор Нурмагамбетов был ранен. Достоин награждения второй медалью «Золотая звезда».

Қыр баласына келгенде жоғары жақтың қырсығып қалатын әдеті емес пе, «Алтын жұлдыздың» орнына, қанағат тұтсын дегендей, Кремль «Қызыл жұлдыз» орденін береді.

2001 жылы ҚР Қарулы күш­терінің құрылғанына орай ҚР Президентінің телерадиокешені деректі фильм түсіріп, оған полковник Қ.Дінбаянов екеуміз кеңесшілік жасаған едік. Сол жолы Сағадат ағамен бір жарым сағаттай сұхбат құрдық. Көбі, әрине, кадр сыртында қалды. Майдан жайлы айта келіп, «Бізді батыр дейді. Біз батыр емеспіз. Қан майданның алғашқы жылдарында қаншама боздақ опат болды, міне, нағыз батыр солар!» деген еді. Сол сәтте соғыстан оралмаған өзінің ағасы Сағитты да есіне алған шығар, кім білсін…

Халық махаббатына да ол кісі түсіністікпен, бірақ биік парасат тұрғысынан қарайтын. «Былтыр Қабанбай батыр мавзолейінің ашылу салтанатына қатыстым. Сонда көпшілік ішінен бір келіншек «Ата, баламның аузына түкіріп, батаңызды берсеңіз» деп өтініш жасады. Мен болсам «Нәрестенің не жазығы бар, аузына түкірмей-ақ бетінен сүйіп, батамды берейін» дедім. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар» дегені есімде.

1946 жыл. Егер оның тумысынан қайсарлығы болмағанда, Фрунзе атындағы әскери академияға түспеуі де мүмкін еді. Емтихандарды сәтті тапсырып болған соң, офицерлерді жеке-жеке мандаттық комиссия төрағасы, генерал-лейтенант Сухомлинов қабылдайды. Ол «сен небәрі жиырма екіде екенсің, әлі жап-жассың, академияда оқуға ертерек» дегенді айтады. Сонда Сағадат жұлып алғандай «Соғысқанда жас болмадым, оқуға келгенде жас болып қалдым ба? Менің қазір түскім келеді, болмаса ешқашан! Әйтпесе әскерден босатыңыз!» дейді. Генерал да азамат екен, сөзге тоқтайды. Осылайша бір ауыз сөз бүкіл ғұмырын әскери қызметке арнауға жол ашады.

Академиядан соң әскери қыз­меттің барлық баспалдағынан өтіп, ұзақ жыл бойы Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Венгриядағы Кеңес армиясы оңтүстік тобы қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарады. Кеңес Одағы кезінде мұндай жоғары әскери лауазымда болған қазақ азаматтары некен-саяқ.

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста генерал-лейтенант С.Нұрмағамбетов құрметті демалыста болатын. Елдің егемендігін сақтап, оны нығайта түсу үшін шегеге ілген шинелін қайта киюге тура келді.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін құру туралы Президент Жарлығы шықты. Сол Жарлық бойынша С.Нұрмағамбетов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалып, оған генерал-полковник әскери атағы берілді.

Ел аумағында орналасқан барлық әскери құрамалар, бөлімдер, мекемелер ресми түрде Қазақстан Республикасының құзырына өтіп, оның жаңадан құрылған Қарулы күштерінің құрамына енді. Алғашқы күндерден бастап ұлттық әскери кадрлардың тапшылығы байқалды. Қорғаныс министрі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде, арғы жағы Германияда, бергі жағы Түрікменстанда әскери қызмет атқарып жүрген қазақ офицерлерін елге шақырды. Бастарын бір жерге жиып, оларды басшылық қызметке тағайындай бастады. Сонымен қатар әскери тәжірибесі мол басқа ұлт өкілдерінің де Қазақстанда қалуына жағдай жасады. Қазақ генералдарының алғашқы шоғыры, сөз жоқ, С.Нұрмағамбетовтің шинелінен шыққан. Олар да ақсақалды ұстаз тұтып, әрдайым ерекше ықыласпен еске алып отырады.

Сол кезгі кезек күттірмес мәселе, әскери құрылыстың негізгі міндетінің бірі нормативтік құқықтық базаны қалыптастыру, әскерлерді тиімді басқару жүйесін құру болатын. Сондай-ақ әскери қызметшілердің мәртебесін, әскери қызметтің түрлерін, мерзімі мен мазмұнын, әскери атақ беруді, қызмет бойынша өсуді, Қазақстан армиясының әскери нышандары мен атрибуттарын айқындау мәселелерін заң аясында шешуді уақыт талап етті.

Алғашқы Әскери доктрина қабылданды. Қарулы күштердің құрылымы мен құрамы түзілді, ықтимал қауіптер негізінде мемлекеттің әскери географиясы қайта қаралды.

Бір сөзбен айтқанда, С.Нұрмағамбетовтің басшылығымен салыстырмалы түрде қысқа мерзімде орасан зор жұмыс атқарылды. Қазіргі ҚР Қарулы күштерінің заманауи бейнесінің негізі сол тұста қаланды.

Құрметті демалысқа шыққан соң да Сағадат аға армиямен тығыз байланыста болып, қоғамдық өмірге, әскери-патриоттық тәрбие ісіне белсене араласты.

2005 жылдың 9 мамырында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 60 жылдығына арналған Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеяның салтанатты отырысында сөз алған жалғыз ардагер Қазақстанның өкілі, Кеңес Одағының Батыры С.Нұрмағамбетов болды. Ол өз сөзінде «Майдан жолдарымен мыңдаған шақырым жүріп өтіп, соғыс­ты Берлинде аяқтаған және Еуропаның бірқатар елдерін фашизмнен азат етуге қатысқан майдангер ретінде бұл барша адамзатқа сансыз құрбандар мен қасірет әкелген жойқын және қанды соғыс болды деп айта аламын» деді. БҰҰ мінберінде тұрып «Екінші дүниежүзілік соғыс­тың көзі тірі ардагерлері, сол жантүршігерлік және қайғылы оқиғалардың куәгерлері енді қателіктер мен текетірестердің қайталануына жол бермеуі керек, өйткені соғыс тарихының әрбір беті миллиондаған адамның қанымен жазылған» деп сөзін түйіндеген болатын.

Ардагер сол сапарда жүргенде елу жылдан астам отасқан, бүкіл өмірінің ыстық-суығын, ауыртпашылығын өзімен бірге көтеріскен жан жары Лира Сабырқызы қайтыс болды. Елге шұғыл шақыртып, қаралы хабарды келген соң әуежайда естірткенде, батыр қанша сыр бермесе де, «жүрегім сезіп еді-ау…» деген екен. Содан сегіз жыл өткенде өзі де келместің кемесіне мініп кете барды.

Тұлпардың тұяғы Талғат Нұрмағамбетов те әке жолын қуып, әскери қызметті таңдады. Әзірге ол – әскери медицина саласындағы қазақтан шыққан жалғыз генерал-майор. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Чернобыль апатын жоюға белсене қатысушы. Ақыры Талғатты сол апаттың зардабы алып тынды.

Ер есімі – ел есінде. С.Нұрмағамбетовтің аты ҚР Құрлық әскерлерінің әскери институтына, ел астанасының бір көшесіне және әскери колледжге (бұрынғы «Жас ұлан мектебі») берілді. Армия генералының туған ауылы Ақкөлде (Ақмола облысы) тарихи мұражайы да бар. Онда батырдың жеке заттары – кителі, фуражкасы, қолсағаты, ППШ автоматы мен Максим пулеметі – барлығы екі жүзден астам экспонат қойылған. Мұражайды ҚР ҚК Мемлекеттік әскери-тарихи музейі жуырда өз қамқорлығына алмақшы.

Біздің буын уызынан жарып, эпостық жырларды жаттап өстік. Түсімізге кісінеген тұлпарлар енетін. Сосын Екінші дүниежүзілік соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаевтың және т. б. кітаптарын жата-жастана оқыдық. Болмасақ та, ұқсап бағуға тырыстық. Ал сенің кумирің кім, жас өскін?

Әбубәкір СМАЙЫЛОВ, әскери журналист

Суреттер Қ.Дінбаяновтың мұрағатынан

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button