Сұхбат

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІ ТУҒАНДАРҒА ТОСЫН СЫЙ ЖАСАЛАДЫ

3d946eee89484fed6b7ebd2d400ecfd1

Астана қаласының әкімдігі Тұңғыш Президент күнінде туған сәбилерге сый-сияпат көрсетпекші. Осыған байланысты елордалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Сәуле Нұрашевамен тілдескен едік.

– Сәуле Қуанышқалиқызы, сәбидің дүниеге келуі – бір отбасының ғана емес, бүтін бір мемлекеттің де қуа­нышы екені сөзсіз. Жалпы елордада туу көрсеткіші қандай деңгейде?

– Астана қаласында туу көрсеткіші жылдан жылға артып келеді. Мұның өзі халықтың өмір сүру сапасының артып келе жатқанын аңғартса керек. Айталық, 2012 жылы елордада  21 266  нәресте іңгәласа, былтыр 22 600 сәби дүниеге келді. Ал, өткен жылы Тұңғыш Президент күнінде туған балалардың саны – 50. Соның 25-і – қыз, 25-і – ұл бала. Былтыр туған сәбилердің 71-і Нұрсұлтан есімін иеленді.

Биылғы туу көрсеткіші өткен жыл­ғыдан артық болатынына сенім­діміз. Себебі, 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 18 087 сәби дүние есігін ашты. Бұл – өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10,9 пайызға артық көрсеткіш.

Тұңғыш Президенттің күнінде туған сәбилерге былтыр да тарту-таралғылар үлестірілгенін  білеміз. Биыл да осы дәстүр жалғасын таба ма?

– Әрине, біз былтыр туған нәрес­телердің бәріне «Қуан, сәби» оқу құралын, сәби киімдерін сыйлаған болатынбыз. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай, мереке күні туған балаларға ерекше естелік сыйлық әзірлеп отырмыз. Аналар да құр алақан қалмайды. Мұндай сый құрмет тек мерекеге байланысты ғана емес, Қазақстан аза­маттарының жағдайын жақсартуға  және еліміздің демографиялық жағ­дайын көтеруге байланысты ұйым­дастырылып отыр.

– Жалпы, Астанада ана мен бала денсаулығын қорғау, өлім көр­сеткішін азайту мақсатында ат­қарылып жатқан шаруаларға қыс­қаша тоқталып өтсеңіз.

– Ана мен бала – еліміздің бола­шағы. Сондықтан перзентханалар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы негізінде  ананы барынша қауіпсіз босандыру қағидатымен жұмыс істейді. Перзентханаларда енгізілген заманауи тәсілдер, жүктілік кезіндегі күтім мен босандырудағы тиімді технологиялар ана мен жаңа туған нәрестелердің өлім көрсеткішін азайтуға септігін тигізді. Бүгінде елорданың перзентханаларында шұғыл жағдайларда тез әрекет ететін жоғары білікті кадрлардан құралған бригадалар жұмыс істейді. Әйел босанғаннан кейін де назардан тыс қалмайды. Оларға күйзеліске ұшы­рауының алдын алу мақсатында арнайы тест жүргізіледі. Емханадағы гинекологтар да стационардағы, ірі ғылыми орталықтардағы мамандармен ұдайы тәжірибе алмасып, кеңес алып отырады. Сондай-ақ, №1 Перинаталдық орталықтағы ультрадыбыстық пери­наталдық скрининг жүргізу де ана мен сәби бойындағы сырқаттарды ерте анықтап, дер кезінде ем-дом жасауға ықпал етті.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button