Басты ақпарат

Тұңғыш рәмізтанушы

Менің пайымдауымша, қазақ даласындағы ХХ ғасырдың ортасында дүниеге келген перзенттері несібесі нәсіпті, өте бақытты буын өкілдеріне жатады. Олар сталинизмнің шырмауынан кейінгі еркін тыныс алу кезеңімен ­тұспа-тұс, «кемелденген» социализм дәуірінде өмір сүрді. Одақтың білім беру жүйесінде оқып шыңдалды. Ал ең қызығы, ХХ ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағының күйреуіне де куә болды.  

[smartslider3 slider=3115]

Бұл буын өкілдері тəуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қа­лыптастыру жо­лында ­ерік-жігерін аямаған. Сол егемен елдің құ­рылуы, нығаюына тікелей үлес қосып, еңбек еткен азаматтардың бірі Ербол Шаймерденұлы еді. Біз Ерекеңмен 90-жылдары таныстық. Ол кезде М.С.Горбачев бастаған бетбұрыстан кейін елімізде терең де маңызды өзгерістер болып жатқан-ды.

Қазақстан Республикасы Коммунистік партиясының ішкі ахуалында да терең үдерістер жүрген-ді. Орталық Комитеттің өзінің екі үлкен ағымы болатын: оның бірі бұрынғы кеңес дəуірін көксейтін, Мəскеудің шылауында, соны құптайтын күш болса, ал екіншісі ел тəуелсіздігін аңсайтын реформаторлық күш болатын. Екінші топта ұлтжанды, елдің болашағын ойлайтын жастар топтасқан еді. Оларға дем беруші ағалар: Өзбекəлі Жəнібеков, Əбіш Кекілбайұлы, Қуаныш ­Сұлтанов ­сияқты азаматтар болатын. Сөз жоқ, Ербол Шаймерденұлы осы саяси ағымды қостайтын күштерге жататын. Ол білімі мен ­күш-жігерін қазақ елінің көр­кеюіне жұмсауды мақсат тұтты.

Жоғарыда аталған аға буын өкілдері билік жүйесіне, оның ішінде Орталық Комитетке ойшыл, ұлтжанды, өткір мамандардың қосылуына ықпал етті. Тіпті талай биформалды топтардың мүшелері де партия комитетіне келе бастады, баяғы ескі сарынды, қатып қалған толқынды ығыс­тыра түсті.

Өмір көрсеткендей, азаматтардың тағдыры əрқилы болды. Əрбір азамат өзінің əлеуеті деңгейінде қолынан келгенше ел дамуы мен жаңғыруына үлес қоса бастады. Қызылжар өңірінің Жаңажол ауылынан түлеп ұшқан Ербол Шаймерденұлы еліміздің маңдайалды оқу орындарының бірі – Қазақ мемлекеттік университетін аяқтады. Еңбек жолы облыстық газеттегі бұқарамен байланыс жұмыс­тарынан басталған болатын. Ол Қазақстандағы Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметін ұйымдастырушылардың қатарында болды.

Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік ­рəміздердің тек көркем образ ғана емес, тə­уелсіз мемлекет құру идеясы­ның жаршысы екендігі

Ербол Шаймерденов Жоғарғы Кеңес қабылдап, қоғамның түбегейлі өзгеруіне негіз болған заңнамалық құжат­тарды қарас­тыратын ең жоғарғы заң шығарушы мекемеде қызмет атқарды. Ерекеңнің саналы өмірі егемендік туралы декларация, елдің жер, су, шекара жөніндегі, экономиканы, саяси жүйені түбегейлі өзгерту туралы заңдар талқыланып, қабылданған кезеңдерімен біте қайнасты. Мұндай шешуші сəтті Ерекең жүрегінен өткізді.

Ол тіл, отандық мəдениет, баспа ісі салаларына аса зор мəн берді. 1992 жылы ҚР Мемлекеттік рəміздерін жасау жөніндегі комиссия­ның хатшысы қызметінде, тың тақырып – Қазақ елі рəміздерінің тарихына ерекше мəн берді жəне бұл тақырып бұрын-соңды зерделенбегендіктен, жауапкершілігі де зор еді.

1991-1996 жылдар аралығында Ербол Шаймерденұлы ҚР Жоғарғы Кеңесі, ҚР Парламентінің баспасөз хатшысы қызметін жоғары жауапкершілікпен алып шықты. Оның «Егемен Қазақстан» газетіндегі басшылық, Байланыс жəне ақпарат министрлігінің Ақпарат жəне мұрағат комитетінде төраға орынбасары, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметтеріндегі еңбегін мемлекет жоғары бағалап, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілсе, 2011 жылы «Құрмет» орденін алды, ол М.Дулатов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Дегенмен Ерекеңнің жұлдызды кезеңі тарихтың өткен дəуірінде ел рəмізі қабылданар тұс еді. Мұны сезінген азаматтың жасаған қимылдары батыл болды əрі ел тарихының қажеттілігін өтеді. Мемлекеттік рəміздерді зерттеу үшін терең білім, көп ізденіс қажет болатын: отандық тəжірибе мен шетелдік рəміз жасау дəстүрлеріне салыстырмалы талдау жасау, көптеген фотосуреттер, карталар, схемаларды жинастыру, авторлармен кешенді жұмыс жүргізу керек еді.

Ол Елбасының жаңа мемлекеттік рəміздерді қабылдауға қаншалықты зор мəн бергендігін, тəуелсіздікке қатысты мəселенің қай-қайсысына да туған ел тағдырының ең бір шешуші кезеңінің жауапкершілігін мойнына алған перзенті ретінде айрықша көңіл бөлетінін, жанын сала қадағалайтынын мақ­танышпен еске түсіреді жəне одан өзіне тағылым алады.

Рəміздер саяси тəуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері: көтерген туы мен елтаңбасы, аспанда əуелеген əн­ұраны. Бұл рəміздер арқылы елдің өмір-салты, бол­мыс ерекшелігі, арманы көрінеді, олар əлеммен байланыс мұратын негіздейді. Ербол Шаймерденұлының есімі тарихи кезеңнің куəгері ретінде ғана емес, тарихты өз қолымен жасауға қатысқан қайраткерлер қатарында мəңгі қалады.

Рəміздерді саралау кезеңін­дегі халық арасындағы шығармашылық белсенділіктің арт­қандығы жөнінде Ерекең: «…танымал өнер иелері ғана емес, қолына тұңғыш рет қалам, қыл­қалам ұстаған мектеп оқушысынан зейнеткерге дейінгі мыңдаған отандастарымыз ойға ой қосып, өз жүрек дүрсілін жеткізуге асықты. Олардың арасында əртүрлі ұлт өкілдері, шетелдегі қандастарымыз бен тілеулестеріміз де бар еді. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» озды» деп жазады.

Ол өзіндік тұжырымын «Қазақ­стан Республикасының тəуелсіздік рəміздері» (2008) кітабында былайша береді: «Ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол – мемлекеттік рəміздердің тек көркем образ ғана емес, тə­уелсіз мемлекет құру идеясы­ның жаршысы екендігі. Олар осынау ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-­ойына дарытуға қызмет етеді». Бұл кітапқа еліміздің мемлекеттік рəміздері туралы зерттеу еңбектер енгізілді. Автор өскелең ұрпаққа өсиет ретінде қалдыруды, яғни Ата заңды жəне ұлттық зерденің, ой-сананың бойтұмары – рəміздердің мəн-мағынасын білу парыз екенін көрсетті.

Ерекеңнің тағы бір ерекше қа­сиеті – мемлекеттік қызметті өзінің сүйікті кəсіби мамандығымен үйлестіре алып жүруінде. Қазақстан Журналис­тер одағының мүшесі, ақын, зерттеуші, публицист Ербол Шаймерденов көптеген еңбегін жарыққа шығару арқылы халқының рухани мұрасын байытуға үлес қосты. Олардың ішінде: «Астана» (1999), «Қазақстан Республикасының тəуелсіздік рəміздері» (2000), «Адамдар тағдыры» (1989), «Түркі елдерінің мемлекеттік рəміздері» (1997), «Менің Қазақстаным» (1998) жəне басқалары бар. Еңбектері бірнеше шетел тіліне аударылды. Ал ол жазған «Арман қала – Астана», «Төгеді жаңбыр», «Асыл жар», «Көлсай» өлеңдері əн болып шырқалуда.

Ерекеңнің əлемдік философиялық ойшыл классиктер: ­Ф.Ницше, Л.Вовенарг, А.Камю, Х.Ортега-и-Гассет, К.Поппер, Ж.Деррида, М.Хайдеггер жəне басқаларға аударма жасауы, сол сияқты қазақ тілінен орыс тіліне аударма жасау арқылы оқырмандарының ризашылығына бөленді, өзінің ғылыми ой-­өрісін халқына таныта алды. Ере­кеңнің еңбегі елеусіз қал­ған жоқ, қоғам өте жоғары бағалады. Қысқа мерзім ішінде дайындалған кітаптар мемлекеттік мекемелер, мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары студенттерінің өте қажетті оқу құралына айналды. Мұның барлығы Ерекеңнің талғамының зор, талабының биік болғандығын көрсетеді.

Ақын, публицист ретінде қалыптасқан ол уақыт талабына сəйкес Қазақстан рəміздерін қабылдау кезінде терең зерттеу­шілік еңбекпен айналысып, осы салаға қатысты үлкенді-кішілі жиырма шақты еңбек жазды. Соның арқасында өзі де тəуелсіз еліміздің тұңғыш рəмізтанушысы дəрежесіне көтерілді.

Ербол Шаймерденұлының есімі өз тағдырын ел мүддесімен еселеген, туындыларымен еліміздің бүгіні мен ертеңін нұрландырған дара тұлға ретінде жадымызда əрдайым сақталады.

Бүркіт АЯҒАН,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button