Мәдениет

Тұңғыш скрипкашының тағдыры

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның кіші залында қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашы Айткеш Толғанбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған концерт өтті.

Шыңғыстау өңірінде туып, «Қазақтың Паганиниі» атанған Айткеш Толғанбаев – ұлы Абайдың немере інісі, ол да Ырғызбайдан тарайды. 1942 жылы Алматы музыкалық училищесін бітіргеннен кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа алынады. Сонда тұтқынға түсіп, асқан өнерінің арқасында аман қалды. Өнерді бағалайтын немістер тұтқындағы музыканттардан оркестр құрды. Айткеш Толғанбаев соның құрамында Бах, Верди, Моцарт, Бетховен, Шуберт, Бизе, Брамс, Паганини, Чайковский сияқты Еуропаның классик композиторларының шығармаларына қоса, күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа», «Ақбай», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Балбырауын», «Қайран шешем», Түркештің «Көңілашар» күйлерін, қазақтың зарға толы «Елім-ай» әнін сызылтты. Вена сияқты Еуропаның қалаларына гастрольмен барды.

Бірақ Кеңес билігі оны аямады. «Жау тұтқынында болды» деген желеумен соғыстан кейін қуғындап, Колымаға айдатты. Айдауда он жылдай жүрген скрипкашы 1956 жылы ғана Алматы консерваториясына түсті. 1961 жылы соны бітіргеннен кейін сонда оқытушы болып қалдырылды. Жаңашыл педагог, музыкатанушы, тамаша музыкант ретінде танылды. Қазақ әндері мен күйлерін, қазақ композиторларының шығармаларын өңдеп, скрипкаға лайықтады. Оларды өзі орындап, таспаға жаздырды. Айткеш Толғанбаевтың орындауындағы шығармалар Қазақ радиосының «Алтын қорына» алынды. Бұған қоса, скрипкашы «Скрипка мен фортепианоға арналған транскрипциялар» жинағының авторы. Онда қазақ әуендері алғаш рет осы аспаптарда орындау үшін жүйеленіп, өңделген. Сонымен қатар «Қатал тағдыр тәлкегі» өмірбаяндық кітабын жазды.

Концертті астаналық филармонияның симфониялық оркестрі (көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Абзал Мұхитдинов) ұсынды. Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов (скрипка), халықаралық байқаулардың лауреаттары Әнел Шәкірова (скрипка) және Ахмет Сұлтанов (альт) қатысты. Олар Айткеш Толғанбаевтың репертуарында болған Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский сынды қазақстандық және Бах, Моцарт, Бетховен секілді Еуропаның классик композиторларының скрипка мен оркестрге арналған шығармаларын орындады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button