Сұхбат

ТҮП-ТАМЫРЫ ТУЫСҚАН

10416765_282760838572669_1308526580_n

Жақында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жазу тарихы мұражайының бас маманы Сымбат МҮТАЛАПХАН Ресей Федерациясы құрамындағы Тыва Республикасына арнайы іссапармен барып келген еді. Түп-тамыры түркітілдес халықтардың қатарынан табылатын елдің тыныс-тіршілігі туралы мол мағлұматқа қанығып келген маманды әңгімеге тартқан едік.

– Соңғы жылдары «Түркі» сөзі брендке айналғандай. Осы тақырыпта жүздеген ғылыми конференциялар мен түрлі еңбек­тер жарық көрді. Сіз қызмет етіп отырған мұражай да түркі жұртының тарихынан көп сыр шертеді. Осының барлығы біздің ұлттық танымымызға қанша­лықты әсер етіп жатыр?

– Жасалып жатқан жұмыстың барлығы «біз кімбіз, қайдан келдік, қайда барамыз?» деген мәңгілік сұраққа жауап іздеудің бір формасы ғана. Түркі дегеннен гөрі Түрік халықтары деу ләзім болмақ. Оқу орнымызға келген әрбір қонақ Жазу тарихы мұражайына бас сұқпай кете алмайды. Себебі, Күлтегін ескерткіші бас ғимараттың көрнекі орнында менмұндалап тұр. Мұражайда біз экскурсия жүргіземіз, сонда қонақтар тарапынан сан-алуан сауалдар қойылады. Ал сол сұрақтар бізді үлкен ізденіске алып келеді.

– Жақында Тыва еліне ісса­пармен барып келдіңіз. Осы ел сізді несімен қызықтырды?

– 1992 жылы ғой деймін, Ресей төңірегінде өмір сүріп жатқан ұлттардан өз тілдерін қаншалықты білетін-білмейтіндері жөнінде сауалдама жүргізіледі. Сонда тывалықтардың 98 пайызы ана тілінде сөйлейтіндігі белгілі болады. Осы статистика мені қатты таңғалдырды. Кейіннен мұражайға қызметке орналасқан соң тывалықтар туралы тың деректер жинақтай бас­тадым. Жуықта ғана Тываға жолым түсіп, көптеген сұрақтарыма жауап алып қайттым. Асыл дінімізде «өзің білмеген нәрсеге пәтуа айтпа» деген қағида бар. Осы ұзақ сапар­дан келген соң, «тывалықтар ойрат­тар ғой, қазақты қырған» деген кейбір зиялы деген кісілердің түсі­нік­тері мені қайран қалдырды. Бұған жауабым дайын, тыва халқы бізге бауырлас, қандас ел, мені үл­кен қонақжайлықпен қарсы алды. Сондай-ақ, «Эдегей» фольклорлық сән ансамблінің жетекшісі модельер Кима Донгактың идеясымен әрі автор­лық бағдарламасы бойынша жасалған «Алтын бұлақ» демалыс кешені ерекше әсер берді. Алдыма қой­ған асы – қуырдақ, шелпек, кеспе көже, кәдімгі ши бауырсақ, талқан, сүт, айран, қаймақ, тілдері Алтай тобына жататын көне түрік тілі, аудармашысыз сөйлестім. Ал, бұған не дейсіз?

– Демек, тарихтан сыр шертетін түрік халықтарының бір бөлшегі, балбал тастары сөйлейтін тарихи отаны Тывада жатыр дейсіз бе?

– Иә, дәл солай. Бізде Тәуелсіздіктен кейін Моңғолия жері көбіне көп зерттеу нысанына айналды. Моң­ғолиямен шектесіп жатқан Тыва жерінде де түрік халқының тастағы жазу ескерткіштері мол. Негізі, тас жазуы ескерткішінің 60 пайызы Тывада сақталған. Мен кәсіби тарихшы емеспін, көзбен көріп, көңілге түйгенімді айтып отырмын, менің алғашқы мамандығым – қобызшы-музыкант. Осы тұрғыда айтар болсам, Тывадан қазақтың ұмытылып кеткен көне аспабы бозаншыны алып келдім. Бұл – білген кісіге үлкен олжа. Тарихи уақиғаларға байланысты жоғалып кеткен осы бір киелі аспаптың жалғыз үлгісі қазір Қазақ музыка аспаптар музейінде сақтаулы. Сәтін салып бозаншы менің де қолыма түсті. Тәуелсіздіктің арқасында ұлтымыздың өшкені жанып, жоғалғаны табылып жатқан тұста бозаншыны ел жатырқамас деп ойлаймын, аспапты кеңінен елге таныстырып, табыстыру міндеті тұр алдымызда.

– «Қазақ энциклопедиясында» «Бозаншы – қазақ халқының ежелгі саз аспабы. Ша­нағы шөміш тәрізді, мойны ұзынша, жіңіш­ке, пернесі жоқ, 4 қыл ішекті, ұзындығы 1 м 20 см, ысқымен ойна­лады. Ел арасын­дағы «боздап қал­ғыр бозаншы» дейтін мәтел бұл аспаптың үнінен хабар береді» делі­ніпті. Шамандық дәуірден ақпар беретіндей, сіз қалай ойлайсыз?

– Бозаншыда көмей әндері жақсы орындалады, тывалықтардың мық­ты­лығы сонда, көмей әндерін әлемдік брендке жеткізді. Өнерге ерекше ықыласпен қарайтын ел. Көмей әндерін орындауда Игорь Көш­кендей, Радик Төлеш, Алдар Тандын алдына жан салар емес, олардың дарындылығы сонда, өздері ойнайтын аспапты өз қолдарымен жасайды. Ал, бізде тек аспапта ойнауды ғана үйретеді. Музыканттары қолынан өнер тамған шебер болып келеді. Тывалықтардың мақтанышы – бүгінде Ресейдің қорғаныс саласын дөңгелетіп отырған Сергей Шойгу, тываша есімі – Сергек Шойғы. Мәдениеттанушы Аибек Соскал «Сергек маадыр», яғни, Сергек батыр деген жыр арнай келе, Шойгуді осы заманның батыры, Күшілік ханның ұрпағы деп жазады. Сергей Шойгу батыр десе дегендей-ақ екен, Тываның тарихы мен мәдениетіне қатысты кітаптардың жарық көруіне осы Шойғының тікелей сеп болып жатқанын байқадық. Тывалықтардың жартысы будда дініне сенеді, жартысы христиандар, десек те, тәңіршілдіктен кетпеген. Осы сапарымда тывалықтардың ең жоғарғы құрметті шаманы Кенин Лапсанның қабылдауында болдым. Тоқсан жасқа таяған қарияға көмекшілері менің іздеп барғанымды жеткізіпті, көп кісіні қабылдай қой­майтын ақсақал мені шақырып, «дүниені ешбір кедергісіз шарла» деген батасын берді. Тывалықтардың бірде-біреуінен дінге соншалықты берілген фанатизм байқалмайды. Сөйлеген сөздері сабырлы, әйел­дерінің дауысы нәзік, сыпайы сөй­леседі кісімен, киім киістері заманауи қалыпта. Бір байқағанымыз, Тыва зиялыларының Ислам дініне деген ықыластары ерекше. Қолында билігі бар тывалықтардың айтуынша, мешіт салынса, халық жаппай барар еді, осыдан бірер уақыт бұрын Түрік ағайындар келіп, түрік-тува лицейін ашпақ болыпты. Бірақ, орыс жағы рұқсат бермепті.

– 1990 жылы Ресей Федерациясы құрамындағы Тыва (Тува) Рес­публикасы болып жарияланғаны белгілі. Бүгінде даму жағынан қай деңгейде екен?

– Республика аумағы Сібір мен Орта Азияның қиылысқан жерінде орналасқан. Жерінің 82%-ын Батыс Саян таулары алып жатыр. Тываның табиғаты тамаша. Бір жағы қары бораған Тайга болса, бір жағы Енисей таулары. Осы сапарымда өзімді ертегінің кейіпкеріндей сезіндім. Ар­ман­даған жерге жеті дарияны, тоғыз асуды, қырық бұлақты өтіп жеттім дегенге дәл келеді. Обь өзені, ары қарай Енисей дариясының үстінен жер асты туннельдері арқылы Абақаннан ары өткенде Саян тау­ларын, Красноярдың бір шетін жанап өтіп, сол таудағы туннельдер арқылы Тыва Астанасы – Қызылға жол тарттық. Таудың ұшар басында өтіп бара жатыр екенбіз, сол жағыма қарасам, ну орман, таулар тым төменде көрінеді. Саян батыр тауына жақындағанда жүргізуші жылдамдықты бәсеңдетіп, оның себебін түсіндіргендей, «бұл тауда Саян батыр ұйықтап жатыр» деді. Демек, оларда да аңыз-әпсана, дәстүрді сақтау, бабалар рухына тағзым ету бар.

– Тывада қазақтарды кездестіре алдыңыз ба?

– Әуежайда Сахалин аралынан жұмыс жасап келе жатқан қырғыз­дармен кездестім, жолшыбай Абақан­нан Туваға бірге бардым. Сахалинде сауда жасаймыз дейді. Қазақтар бар ма Қызылда деп едім, «ой, Қызыл деген, толтыра қазақ» деді. Мен уақыттың тығыздығына байланысты ондағы қазақтармен кездесе алмадым. Алыс та болса жақын, жақын да болса алыс болып отырған осы тывалықтар мені өте қатты қызықтырды. Ел экономикасы негізінен ауыл шаруашылығы мен шикізат шығарудан тұрады. Ауыл шаруашылығына жер аумағының 23%-ы ғана жарамды. Басты сала – мал шаруашылығы, оның ішінде қой мен ірі қара өсіру. Егін шаруашылығы біршама дамыған. Тау-кен өнеркәсібі жоғары деңгейде, түсті металдар, тас көмір, алтын өндіріледі. Жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалдарын шығару да жақсы жолға қойылған.

– Тывалықтардың игі жақсы­ларымен тілдесе алдыңыз ба?

– ТувГУ, яғни Тува мемлекеттік университетіне барып, тарих кафедра­сының жетекшісі Анна Оюнов­на деген кісімен сұхбаттас болдым. Түркі тектес халықтардың мұра­жайын жасап жатыр екен, біз­бен байланыс жасағысы келетінін айтты. Тываның білім министрі Бичельдеймен жолықтым. Заңгер Леонид Кара-оол үйіне арнайы қонаққа шақырды. Сол үйде дастархан басында Тыва Республикасының басшысы Кара-оол Шолбан Валерьевичпен сәлемдестім. Екеуі ағалы-інілі. Сондай-ақ, Жазушылар одағының төрағасы, драматург, ақын Эдуард Мижит бірнеше шығармаларын сыйға тартты. Непалдан келген орыс тілін жетік білетін монахпен тілдесу бұйырды. Қазақстан туралы көп сауалдар қойды, елдің осындай деңгейде дамуы Елбасымыздың арқасы екенін біліп отыр. Мені университет жіберіп отырғанын естігенде қатты таңғалды, олардың оқу орындарында біздегідей емес, қызметкерлерді іссапарға жібе­ріп отырудың қиындықтары бар екендігін байқадым. Маған Тыва жерінің топырағын басып, игі жақсы­ларымен тілдесуге, ел көріп, жер тануға мүмкіндік берген университет басшылығына алғысым шексіз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Құндыз ЕРАЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button