Ұлт ұпайы

Түпкілікті бетбұрыс қажет

2022 жылғы 9 тамызда ­«Астана ақшамы» газетінде «Жарнама жайында жанайқай» деген тақырыпта мақала жарық көрді. Редакция еліміздегі өзекті мәселенің бірін көтерген. Алайда мақалада жазылған бір-екі мәселе бойынша алып-қосарымыз болған соң, қолға қалам алдық. Біріншіден, мақалада фотосы қойылған және мәтінде бір оқырман редакцияға жіберді делінген «үйленбеген қошқар етінен самса» деп аталатын жарнамалық мәтін бұрын да интернетте таралған және елордамызға қатысы жоқ сурет. Аталған мәтінді әлеуметтік желі қолданушылары түсінбестікпен ел астанасында орналасқандай таратуы мұны тілге тиек етуге итермеледі.

Екіншіден, мақалада басқарма қызметкерлерінің айына екі рет мониторингке шығатыны жөнінде жазылған мәлімет келтірілген. Дегенмен қала әкімінің орынбасары бекіткен кестеге сәйкес басқарма қызметкерлері аудан әкімдіктерімен, мүдделі құрылымдармен бірге қаланы аралауға күн сайын шығатынын айта кеткеніміз жөн. Осы мониторинг нәтижесінде биыл жыл басынан бері 2000-дай кәсіпкерге заң талаптарын түсіндіріп, заңға қайшы келетін 600-ден астам жарнамалық мәтінді алдырып тастауға немесе түзетіп, қайта жаздыруға ықпал етті. Оның фотоесебі басқармада бар.

Еліміздегі қолданыстағы заңнамада кез келген жарнаманың, көрнекі ақпарат мәтінінің алдымен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс екенін нақтылайтын талаптар бар. Тіпті 2014 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 455-бабының 3-тармағында «Қазақстан Республикасының заңдарында жарнама тарату тілдеріне белгіленген талаптарды бұзу жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – жетпіс, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді» деп жазылған. Енді айыппұлды кім салуы тиіс деген мәселеге келейік.

Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты алға тарта отырып, 2018 жылы Кәсіпкерлік кодекстен жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлерді тексеру функциясы алынып тасталды. Бақылау функциясын қайтару туралы түрлі деңгейде бастамалар болғанына қарамастан, әлі күнге оң өзгеріс жоқ.

Президентіміз 2021 жылғы 29 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заңды дайындау жөніндегі жұмыс тобына мені де шақырды. Парламент қабырғасында заңгерлер, тіл жанашырлары, бір топ депутаттың талап етуіне қарамастан, жергілікті әкімдіктерге кәсіпкерлерді тілдік заң бұзушылықтары бойынша бақылау құзыреті берілмеді. Бақылау құзыретінің берілмеуіне ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы барынша мүдделі болды. Өздеріңіз жақсы білесіздер, кәсіпкердің мүддесіне қатысты кез келген заңға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы келісім бермесе, заң қабылданбайды.

Соңғы 1-2 жылда жарнама, көрнекі ақпарат мәселесін реттеуге қатысты Парламентте және министрлікте бірнеше рет ресми жиналыс болды. Аталған кездесулерге прокуратура органдарының өкілдері де қатысты. Барлық жиналыста жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерге баруына құқығы жоқ екенін, мұндай факті орын алса, қызметін асыра пайдаланғаны үшін кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылатыны ескертілген болатын.

Мәселе заң аясында реттелмесе, заңда жазылған талаптарды орындау механизмі ұсынылмаса, қол қусырып отыру да жөнсіз көрінеді. Сондықтан қазіргі таңда басқарма қызметкерлері мекеме атынан заң талаптары жазылған ресми хаттарды кәсіпкерлерге таратып, хатты тапсыру кезінде заңсыздықтарды реттеп кетуге күш салып келеді. Мұның бәрі – үнсіз, БАҚ құралдарында жарияламай жасалып жатқан шаруалар.

Сонымен қатар «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен ортақ меморандумға отырып, кәсіпкерлерге тұрақты түрде заң талаптарын онлайн түсіндіруде. Бірақ бұл мәселені түпкілікті шешудің жолы емес.

Заңда жазылған кемшілік үшін нақты шара қолдану тәжірибесі болмаса, ол олқылық жалғаса береді. Кәсіпкер де қалтасына салмақ түсіп, айыппұл төлемесе, тілге немқұрайлы қарауын тоқтатпайды. Бұл – өмірде дәлелденген тұжырым. Сондықтан тіл мәселесіне әлі де түпкілікті бет бұрылып, заңда көрсетілген талаптарды орындатуға заңнамалық негіз жасалады деген үміт бар. Мұндай болмаған жағдайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен айыппұл салу немесе ескерту беру сынды талаптарды алып тастай салған жөн бе деген ойға келесің.

Сәкен ЕСІРКЕП,

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі

басқармасының басшысы

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button