Тұран әуендері асқақтады
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі «Тамыр» атты концерт қойды.
Концерт барысында Түркі халықтарының түп тамыры, мифологиялық дүниетанымы заманауи музыкалық-театрландырылған сахналық шоу арқылы көрсетіліп, туысқан халықтарға ортақ музыкалық аспаптарда ұлттық шығармалар орындалды. Концерттің басты ерекшелігі – толықтай жанды дауыста өткендігінде. Әр орындалған күй, айтылған ән түгелдей өнерпаздардың шеберлігін әйгілеп тұрды. Тыңдармандар бір сәтке тамыры бір, түбі бір түркі әлеміне саяхат жасап қайтқандай күй кешті. Көпшілік қобыздың үнін естіп күңіреніп, думбақтың үні шыққанда дүбірлеп отырды.
Концертте ансамбль мүшелері қазақ халқының отыздан астам Ұлттық музыкалық аспаптарымен қатар, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік, түркімен, мажар, саха халықтарының ұлттық музыкалық аспаптарымен де шығармалар орындады.
Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті Ақтоты Райымқұлова, бүгінгі шараның мәні мен маңызын айрықша атап өтіп, «TURAN» этно-ансамблі, «Салтанат», «Гүлдер» ансамбльдерінің бүгінге дейінгі атқарған, атқарып келе жатқан жобаларына арнайы тоқталды. Сонымен қатар бүгінгі концертке ерекше қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, Астана қаласы әкімдігіне және қаланың Мәдениет басқармасына, шығармашылық топтарға ерекше алғысын білдірді.
Еске салайық, «TURAN» этно-ансамблі – он бес жыл ішінде әлемнің 122 қаласында 3000-нан астам жеке концерт беріп, түркі әлемінің музыкалық брендіне айналып үлгерген өнер ұжымы. Ансамбль қазақ музыка мәдениетінде өзіндік жеке стилін қалыптастырып, елімізде бес адамнан құрылған мультиаспапшылардан құралған ансамбль қатарының көбеюіне, дамуына негіз болып келеді.
Қабиден Қуанышбай