Басты ақпарат

Тұран – ұлы даланың алғашқы атауы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменей қырықтан астам ғылыми кітаптардың авторы, одан бөлек, ғылыми мақалалары, Иран, Ауған қазақ диаспоралары туралы зерттеулері – бір төбе. Егер ғалым еңбегін жүйелеп алсақ, алдымен иран-парсы көне жазба деректеріндегі қазақ тарихы, көне парсы және түркі  әдебиеті, соның ішінде Мырза Мұхаммед Айдар ­ДУЛАТТЫҢ «Тарих-и Рашидиі» парсы тіліндегі текстологиясы мен аудармасы, Шәкәрім жырлаған Хафиздің мұрасын талдаған еңбектері, Тұрмағанбет назиралаған Фирдаусидің «Шаһнамесі», парсы және түркі жазба деректеріндегі қазақ тарихы екі ел арасындағы мәдениеттің алтын қазығы ретінде қағылды

[smartslider3 slider=2776]

 

Мәдениеттердің жақындатуға арналған парсыша-қазақша және қазақша-парсыша сөздіктері ұстаздық биігінің бір сатысына көтерді. Диаспора танудың кірпішін қалаған Ислам Жеменейдің Нияз Тобышпен бірге шығарған «Қазақ әліппесі» кітабы Иран қазақтары үшін ана тілін үйренудің, ұлттық салт-дәстүрді танудың негізгі құралы болғанын айта кету керек. Бұл кітап Иранның Горган қаласында 1980 жылы жарық көрді. Қазақ – Иран қатынастарын зерттеуге зор үлес қосқан ғалыммен сұхбатты әріден, Тұран тарихынан бастағымыз келді.

– Мағжан Жұмабаевтың әйгілі Түркістан өлеңінде «Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен» деген жолдарындағы Тұран тарихын көне Иран тарихынан таратыпсыз…

– Əлемге белгілі парсының ұлы ақыны Əбілқасым Фирдаусидің «Шаһнаме» атты жырында Тұран мен Иран бір-бірінен ажырамас, тағдырлас елдер екендігі суреттеледі, десек те Иран елі парсы жұрты ретінде өзіндік мəдениетін қалыптастырды. Тұран түркі жұртының мекені мен өркениетінің бейнесіне айналды. Тарих бойынша саяси, əскери тағы басқа себептермен Иранды қоныс еткен түркілер парсыланып кетті. Өйткені адамзат əдебиетіне өшпес мұра қалдырған Əбілқасым Фирдауси, Маулана Жалаледдин Руми, Қожа Хафиз Ширази, Низами Гəнжи сынды ұлы шайырлар өз шығармаларын парсы тілінде жазды. Ал түркі даласын мекен еткен парсылар да Тұранда түркіленіп кетті. Себебі түркілік салт-дəстүр, жыр мен əн Тұранда үздіксіз жаңғырып тұрды. Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Маһмұд Қашғари, Əлішер Науаи, Зəһиреддин ­Мұхаммед Бабыр сияқты даналар білім, ғылым мен əдебиетті замананың қиын-қыстау жағдайына қарамастан түркі тілінде жазды. Ортақ тұлға Афрасиаб ғасырлар тозаңынан арылып, түркілердің «Алып Ер Тоңаны жоқтау» жырында мəңгі қалды.

Сол себепті кейбір ғалымдардың зерттеулеріне сүйене отырып, ежелгі заманда сақ тайпаларын арий текті халық деп пайымдағанмен, шындығына келгенде, бəрібір сақтар – толық түркіленіп кеткен тайпалар. Мəселен, Иран елін екі жүз жылдай македониялықтар, екі жүз жыл арабтар, екі ғасырдан аса моңғолдар, мың жылдай уақыт түркілер биледі. Бірақ Иран қазірге дейін парсы жұрты деп танылады. Сондай-ақ ежелгі Тұранды, түркі елі екенін бүкіл əлем мойындайды.

«Қазақ» сөзі ортағасырлық парсы, түркі тілдеріндегі жазба деректерде қай уақыттан бастап қолданылған? Қандай мағынада қолданып келген?» деген сұрақтарға жауап іздейік. Қолда бар жазбаларға сүйенсек, алғаш рет «қазақ» сөзін тарихшы Шарафеддин Әли Йәздидің 1424-1425 жылдары парсы тілінде жазған «Зафарнаме» кітабынан кездестіреміз

 

«Тұран» – Ұлы даланың алғашқы атауы болғандықтан, түркілердің сақ дәуірінің белгісі. Сондықтан Тұран жайын анықтау арқылы түркінің саяси тарихының бастау мерзімі айқындалады. Тұран және Тұран патшасы Афрасиаб туралы болымды, болымсыз мәлімет берген «Авеста» кітабы.  Егер оны жазба дерек ретінде негізге алсақ, Тұран елінің бастау тарихы б.з.д. 7-6 ғасырлар шамасында болады. Мұны қазақ даласында табылған заттық ескерткіштері де дәлелдейді. Демек, түркінің ежелгі дәуір тарихының бастауы б.з.д. 7-6 ғасырлар аралығында басталып, 751 жылға дейінгі аралықты қамтиды. 14 ғасырға созылған ежелгі дәуір тарихы 751 жылғы қазақтар арасында Атлақ шайқасы деп аталып келген уақытқа дейін созылады. 751 жылдан түркінің орта ғасырлық дәуірі басталады. Орта ғасырлық дәуірі (751-1465) түркілер үшін  өте күрделі дәуір болды. Сол үшін оны бірнеше тақырыпқа (саяси идеяға) бөліп қарау керек. Олар: біріншісі 8-9 ғасырлар араб тілі мен мәдениетінің үстемдік құрған кезеңі. Екіншісі 10 ғасыр – парсылардың тілі мен мәдениетінің үстемдік жүргізе алған ғасыры. Үшіншісі 11 ғасыр – Түркілердің түркілік саяси санасының ояну кезеңі. Осының бәрі ежелгі Тұран жерінде өтті. Мағжан айтқандай:

Ертеде Оқыс, Яқсарт-

Жейхун, Сейхун,

Түріктер бұл екеуін дария дейтін.

Киелі – сол екі су жағасына,

Болмаса, барсаңшы

іздеп бабаң бейітін!

– Фирдауси есімі – қазақ жұртшылығына жақсы таныс. Алдыңғы өткен ұрпақтардың арасында Тұрмағанбет ­Ізтілеуовтің «Рүстем Дастанын» білмейтіндер болмағанмен қазіргі жастар екі мәдениеттің алтын арқауын үзіп алған сияқты. Фирдауси «Шаһнамесінің» желісімен жырланған тарихи дастанның Тұрмағанбет Ізтілеуовтің қалдырған қолжазбасымен қайта қарап басын құрап, екі томдық етіп шығарғанбыз, алтынның тозаңнан тазартып жарқыратқандай әсер қалдырды.

– Мен өзі 1929-1933 жылдары Кеңес өкіметі қысымы салдарынан Иран жеріне қоныс аударған маңғыстаулық қажы Ақмұраттың перзентімін. 1970 жылы Иран әдебиеті мамандығы бойынша Горгандағы орта оқу орнын, он жылдан кейін Теһрандағы Иран ұлттық университетінің педагогика ғылымдары факультетін психология мамандығы бойынша бітіріп, араға жылдар салып Түркиядағы Стамбул университетінің экономика факультетінің магистратурасын бітіргенмін. Ғылым жолында жүргенімде Қазақстанның шақыртуы бойынша елге келіп, ғылыми жолымды жалғастырған жайым бар. Иран-парсы әдебиеті мен мәдениетін жақсы білсем, мүмкін сол қазынадан қазақтың ізін, өзімнің болмысымды іздеуім де заңды нәрсе болар. Мен бар болғаны алдыңғы толқын ағалар жүріп өткен жолдарды шарладым. Шәкәрім ғашық болған Хафиз, шәкірт Абай мінәжат еткен шығыс шайырларының өміртарихы, Шахнама – осы жолда кездескен дүниелеріміз. Мен тек ілгеріде өткен ақындардың таңдауын жаңғыртып халқына қайта насихаттау, заманауи көзқараспен ғылыми сипат беру міндетін алдым. Екі елдің телбаласы деп жақсы айттыңыз. Тұнығын қанып ішкен қос мәдениетке екі жақтан ықылас беруімнің өзі осы әлемге жақындата түсті.

– Мырза Мұхаммед Айдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің жарық  көруіне мұрындық болдыңыз. Бұл басылымның ерекшелігі қандай?

– Бабамыздың мұрасы парсы тілінде 1542–1546 жылдары Кашмирде жазған. Энциклопедиялық шығарма XIV ғасырдың бірінші жартысынан бастап – XVI ғасырдың орта шеніне дейінгі Орта Азия, Тибет, Иран, Үндістан, Ауғанстан және т.б. аймақтардағы тарихи-саяси оқиғаларды баяндайды. Мырза Айдар бұл кітапты жазуда Шыңғыс ханның Шағатай ұрпағынан болған Тоғлықтемір ханнан бастап, оның соңғы нәсілі Саид хан мен оның баласы Рашид ханның саяси тарихын келешек ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен. Сондай-ақ еңбекте аталған ғасырларда Шағатай, Жошы әулеттері, Әмір Темір және Ирандағы билік құрған Шейх Сәфи династиясы арасындағы саяси бәсекеден туындаған тартыстар мен шайқастар және оның салдары туралы тұшымды мәліметтер беріледі. Сонымен бірге Орта Азиядағы түркінің саяси құлашының Қытай мен Үндістанға дейінгі кеңістікке созылғанына куәлік береді. Қазақ елінің тарихындағы саяси бастау­ларға негіз болған себептер жайлы сөз қозғап, Қазақ хандығы 1465 жылы құрылған деп шамалап жазғаны – аса маңызды мағлұмат. Мұны тарихшылар дерек ретінде қарастырады. Бұл Тәжікстан, Өзбекстан және ­­       А.Ғаффарифәрдтың Лондондағы қолжазбаларының негізінде жасалған текстологиялық еңбектің арқасында күні бүгінге дейін жасалған ең толық аударма нұсқа боп саналады.

Осы басылымда «Тарих-и Рашидидің» күні бүгінге дейінгі жасалған аудармалары, қолжазба нұсқалары, текстологиялық еңбектері және кітаптың пайдаланған қайнарлары һәм оны дереккөз ретінде қолданған өзге еңбектерді де көрсеттік. Кітапта қолданылған түркі өлеңдері мен көне түркі сөздеріне де тоқталып, адам аттары мен жер-су, тайпалардың атауын қазақша транскрипцияладық.

– Парсы тіліндегі көне жазба деректерді қазбалай келіп, «қазақ» сөзі алғаш рет кездескен еңбектерді саралап, оны үлкен мақала етіп шығардыңыз. Соған қысқаша тоқталып өтесіз бе?

– Иран мен қазақ елі – құдай жазған қадым заманнан қазірге дейін ұрпақтан ұрпаққа көршілік сыбағасының ащысын да, тəттісін де бірге татып келе жатқан елдер. Бірақ, кейінгі дəуірде бір-бірімен тікелей байланыс жасай алмай келді. Əсіресе, мəдени-əдеби шеңберіндегі қарым-қатынастарының жібі ХVІ ғасырдың соңына таман үзіле бастады. Сондықтан да 1602 жылы жазылған Қадырғали би Қосымұлының «Жами-ат-Тауарих» (Жалпы тарих) атты еңбегін соңғы жазба дерек ретінде қабылдауға болады.

«Қазақ» сөзі ортағасырлық парсы, түркі тілдеріндегі жазба деректерде қай уақыттан бастап қолданылған? Қандай мағынада қолданып келген?» деген сұрақтарға жауап іздейік. Қолда бар жазбаларға сүйенсек, алғаш рет «қазақ» сөзін тарихшы Шарафеддин Әли Йәздидің 1424-1425 жылдары парсы тілінде жазған «Зафарнаме» кітабынан кездестіреміз. Онда «..қазақ һәзарелері әмірзада Омар Шейхтан бас тартып, оған қосылды» деген дерек бар. Ал «һәзаре» парсы тілінде «мыңдық» деген мағынаны білдіреді. Шарафеддин Йәзди еңбегінің тағы бір тұсында: «…Олардың аттарын олжалап, мың кісі қос атпен жедел түрде жүріп отырып, Хожәнд өзенінен өтіп, «Қазақ жолы» арқылы Самарқандқа бет алды» дейді. Көне еңбектерде «қазақ» сөзін түрлендіріп, «еркіндіксүйгіш», «халықшыл» сынды ұғымдарға сыйдырып пайдаланған.

 «Меһманхана Бұхара» кітабы – қазақ тарихы мен мәдениеті үшін аса құнды жазба дерек. Мұны бірі білсе, бірі біле бермейді. Шын мәнінде, қазақтың тарихшылары да бұл еңбекке аса жоғары көңіл бөліп жүрген жоқ сияқты. Бұл жазба деректің авторы – Фәзлолла ибн Рузбеһан Хәнжи.

«Тұран» – Ұлы даланың алғашқы атауы болғандықтан, түркілердің сақ дәуірінің белгісі. Сондықтан Тұран жайын анықтау арқылы түркінің саяси тарихының бастау мерзімі айқындалады. Тұран және Тұран патшасы Афрасиаб туралы болымды, болымсыз мәлімет берген «Авеста» кітабы.  Егер оны жазба дерек ретінде негізге алсақ, Тұран елінің бастау тарихы б.з.д. 7-6 ғасырлар шамасында болады. Мұны қазақ даласында табылған заттық ескерткіштері де дәлелдейді

 

Иран қазақтары 1929-1933 жылдар аралығындағы «Қызыл табан шұбырынды» кезінде Маңғыстаудан Түркіменстан топырағы арқылы Иран жеріне өтті. Əу баста Иран шекарасынан шамамен бес жүз отбасы, кейбір айтуларға қарағанда, он мың отбасы өтіпті. Жаңа ортаның табиғатына да үйренісе алмай бастапқы жылдары қазақтар арасында өлім-жітімге ұшырады.  Яғни əрбір он кісінің алтауы қазаға ұшырап жатты. Алайда қазақтардың енді-енді ес жиып, өмір мəнін сезе бастағандары көп ұзамай жаңа бір пəлекеттің тығырығына тірелді. Ол жаңа қоныста ер мен əйелдің бедеу болып қалуы еді. Бес жылдан кейін орнықты дегенде дүниеге келген сəбилер шетінеп кететін болды. Үмітсіз шайтан демекші, əйтеуір, он жыл өткен соң дүние­ге келген сəбилер күнделікті тіршілікке дағдыланып, ата-ананың ұрпақты жалғастыру арманы іске асты.

Мен өз тәжірибеме сүйенер болсам, Иран елін паналаған қазақтардың алғашқы буыны туған еліне деген өздерінің бойындағы сағынышты келесі ұрпаққа яғни біздерге сіңіріп, аманаттай білді. Өйткені олардың бойындағы еліне деген ыстық ықыластың оты үздіксіз күн сайын жанданып тұрғаны үшін келесі ұрпағына дарыды. Сондықтан біздің буын көрмеген атамекенге ынтық болып, өз бақытын, келешегін сонымен байланыстырды. Біз сол қиялдағы еліміздің елесімен өмір кешіп жүрдік.

– Жаңа жерге үйренісу оңай болмаған екен. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Тəуелсіздігін жариялаған күн Иран қазақтары үшін де жарық күнді жақындатқандай болған шығар.

– Расында, бұл Алланың берген үлкен сыйы іспеттес болды. Өйткені соның арқасында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнатылды. Көпке ұзамай 1992 жылдың 29 қарашасында Иран Президентінің шақыруымен еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран еліне бірінші ресми сапары жүзеге асты. Аталған сапардың жан-жақты игі табыстарының бірі – Елбасының сол кездегі Иран Президенті Əли Акбар Һашеми Рəфсəнжани мырзамен арасында болған əңгіменің қорытындысы ретінде Иран қазақтарының атажұртына өз қалауы бойынша еркін көше алатын келісімі еді. Бұл қазақ халқы үшін теңдесі жоқ табыс болды. Иран қазақтарының көбі 1995 жылы атамекеніне оралды. Олардың елге оралған тобы түгелдей Маңғыстау облысының орталық қаласы Ақтауға орналасты.

– Ата жұртының қамқорлығын сезіну үлкен мәртебе болар?

– Иран қазақтарының ата мекеннің шарапатына бөленген бір кезі 1968 жылғы ойда жоқта болған оқиғаға байланысты болатын. Сол жылы сол кездегі Иранның патшасы Мұхаммед Реза Пəһлевидің Кенестік Қазақстанға сапары кезінде, Алматы қаласында республиканың бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың арнайы қонағы болғаны белгілі. Иран патшасы Димекеңнің қонақжайлылығына риза болғандықтан, оны Иран еліне қонақ болып қайтуға шақырған. Бірақ Димекең біздің Иранға баруымыз екіталай, өйткені бұл мəселенің шешімі Мəскеудің қолында екенін ескертеді. Əңгіме барысында ­Қонаев Иран шаһынан қазақтардың жай-күйін сұрайды. Иран патшасы күтпеген сұраққа: Қазақтар туралы ешқандай мағлұматының жоқтығын айтып, еліне оралған сəтте Иран қазақтарының жай-күйін білуге уəде береді. Дінмұхаммед Қонаев болса, Ирандағы бауырларына сəлем жолдап, патшадан оларға оң көзбен қарауын өтінеді.

Патша орала сала қазақтардың тез арада мекенжайын анықтауды тапсырған. Сөйтіп, Мұхаммед Реза Пəһлевидің ­Қонаевпен кездесуі, оның алыста жүрген бауырларына ағалық сəлемі баспасөз беттерінде толық жарияланып, Ақсақалдарды патша сарайына шақыру хат та дер кезінде келді. Сол кездегі қазақ қауымы ақсақалдары Ақмолда Талиб-ол-ілім бастаған біртоп қария Теһрандағы «Ния­вəран» атты патша сарайында оның қабылдауында болады. Аталмыш оқиғалар қазақтарға жаңа бір серпіліс берді. Ақсақалдар қала, аймақ тіпті мемлекеттік шенеуніктердің көзіне ілініп, олардың ілтипатына бөлене бастады. Қазақтарға жер бөлінді. Қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуына жол ашылды. Бай-ауқатты отбасылар көбейді. Жоғары оқу орындарына түсуге жаңа бір талпыныс пайда болды. Əйтеуір, Димекенің жалынды жүрегінің лебі Иран қазақтарының мерейін биікке көтерді

 

 

 

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button