Басты ақпаратЖаңалықтар

ТҰРАҚТЫ ЭНЕРГЕТИКАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ЖОЛЫ

Сейсенбі күні Тәуелсіздік сарайында дәстүрлі KAZENERGY Еуразиялық форумы басталды. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған ауқымды шараға әлемнің 50-ге жуық елінен белгілі саясаттанушы­лар, ірі компаниялар басшылары мен халықаралық сарапшылар қатысып, энергетика саласының бүгіні мен болашағы жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

«Өзгерістер торабындағы әлем: тұрақты энергетикалық болашақты қалыптастыру» тақырыбында өткен Еуразиялық форумда Испанияның экс-премьері Хосе Мария Азнар, Болгарияның экс-президенті Пе­тро Стоянов, Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің президенті Ренато Бер­тани сынды дүниежүзілік беделді тұлғалар сөз сөйлеп, форумға «энер­гетика саласындағы аса маңызды халықаралық оқиға» деген баға беріп, оның әлемдік және өңірлік қауіпсіздікті сақтаудағы рөліне кеңінен тоқталды.

Кезекті форумның ашылуымен қатысушыларды құттықтаған еліміздің Премьер-министрі Серік Ахметов:

– Бүгінде KAZENERGY фору­мы қазақстандық және әлемдік энергетиканың өзекті мәселелері талқыланатын негізгі халықаралық алаңға айналып келеді. Бұған дейін өткен мәжілістер осы іс-шараның тиімділігін көрсетті. Мемлекет пен бизнес арасындағы байланыс күшейіп, Қазақстанның мұнай-газ кешенін тұрақты дамытуға қажетті алғышарттар жасалды. Ендігі форум жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай және дер кезіндегі қағидаттарды құруға ықпал ететініне сенімдімін, – деп атап өтті.

Ал халықаралық энергетикалық стратегиясында Батыс пен Шығыс арасындағы байланыс көпірі бо­лып отырған Қазақстанның рөлін әңгімелеген ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев ел мұнайын экспортқа шығару мәселелеріне тоқтала келе «біз 2012 жылы 29 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдауға ниеттеніп отыр­мыз. Бүгінде осы саланы кеңейту бойынша жоба жүзеге асырылу­да. Оның үш кезеңі бар. Үшінші кезеңнің соңы 2015 жылы аяқталмақ. Жұмысымыз уақытылы жүріп жатыр. Бұл жоба жылына 52 млн тонна мұнай тасымалдауға мүмкіндік бермек», – деген дерек келтірді.

Екі күнге созылған VII Еуразиялық форум аясында Дүниежүзілік мұнай қорының (WPC) отырысы өтті.

Сонымен қатар дөңгелек үстел жиындары да өткізіліп, онда энер­гетика саласын басқарушы маман­дарды даярлаудың сан қыры талқыға салынып, әлемдік озық тәжірибелер таныстырылды.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button