Басты ақпаратҚоғам

Тұрақты және қауіпсіз электр қуатын өндіру мүмкіндігі

Алматы ядролық физика институты Астана филиалының инженері Мәлік Қалиекперов атом энергетикасының қажеттілігі мен оны дамытудың ғылыми негіздегі деректерін келтірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда ауаны ластап жатқан парниктік газдың 80 пайызы энергетика секторынан бөлініп отыр.

– Ядролық атом саласының маманы ретінде АЭС-тің ­қажеттілігіне қандай мысалдар келтірер едіңіз?

– АЭС – бұл ең алдымен электр энергиясын өндіру көзі. Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызын көмір стансалары өндіреді, олардың орташа тозуы 70 пайыздан асады. Бірқатар станса алдағы 10 жылда қолданыстан шығады. Сонымен қатар елде электр энергиясын тұтынудың өсуі жыл сайын шамамен 3 пайызға артып келеді. Осыған байланысты Үкімет 2035 жылға дейін жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес, алдағы уақытта елімізде 26,5 ГВт жаңа қуат енгізіледі, оған жұмыс істеп тұрған стансаларды жаңарту да, жаңасын салу да кіреді. Әрине, жаңғыр­тылған энергия көздері одан әрі дамиды. Сонымен қатар газ турбиналы және бу-газ қондырғылары саналатын реттеуші қуат енгізіледі. Газ генерациясының ірі құрылыс объектілері Түркістан, Қызыл­орда облыстарында, Алматы, Шымкент қалаларында іске асуда. Жұмыс істеп тұрған көмір стансаларын жаңғырту да жоспарланған. Мысалы, Екібастұз ГРЭС-ін кеңейту, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында үш көмір стансасын салу көзделіп отыр. Өкінішке қарай, көміртекті бейтараптылық жөніндегі әлемдік саясатқа байланысты қазіргі уақытта көмір стансаларын салуға қаржы тарту қиын. Халықаралық қаржы институттары парниктік газдар шығарындыларының жоғары болуына байланысты көмір стансаларын салуға қаражат бөлмейді. Осыған орай екі жоғары қуатты реакторы бар «жасыл» энергия көздеріне жататын бір АЭС салу қарас­тырылуда. Мысалы, елімізде парниктік газдар шығарындыларының 80 пайызға жуығы энергия секторынан тарайды. Егер бір қуаттылығы 1000 МВт көмір және атом электр стансаларының құрылысын салыс­тырсақ, онда біз көмірқышқыл газының шығарындыларын
7 млн тоннаға дейін қысқарта аламыз.

– Жаңғыртылған энергия көздерін дамыту арқылы да қажеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерін неге қарас­тырмасқа?

– Елімізде ЖЭК секторы жақсы дамып келеді. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 2900 МВт болатын 148 ЖЭК нысаны пайдаланылуда. Бұл – 46 күн және 59 жел электр стансасы. Біз 2025 жылға қарай ЖЭК-тің жалпы генерациясының 6 пайыз үлесіне қол жеткізуді мақсат етіп қойдық та, оған өткен жылы қол жеткіздік. Бұдан басқа, осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ЖЭК үлесі өндірілген электр энергиясының жалпы көлемінің 6,5 пайызын құрады. Үкімет жаңғыртылған энергия көздерін дамыту үшін барлық шараны қабылдауда, ЖЭК өндіретін электр энергиясының бағасын төмендету үшін аукцион тетігі енгізілді. 2027 жылға дейін аукцион бойынша қуаты 6700 МВт стансаларды іске қосу жоспарланған. Бұдан басқа, Жамбыл облысындағы жел электр стансалары бойынша 1000 МВт ірі инвестиция­лық нысандарды іске асыру жоспарланған. Алайда ЖЭК-тің бір кемшілігі бар. Ауа райына байланысты ЖЭК тұрақсыз энергия көзі саналады. Жел болмаған кезде электр қуаты да жоқ, күн болмаса да солай. Жел электр стансалары үшін белгіленген қуатты пайдалану коэффициенті, тіпті жел әлеуеті бар аймақтарда да 35-40 па­йызды құрайды. Ең көбі 41-42 пайыз. Ал бізге өнеркәсіп пен жалпы экономиканы дамыту үшін 24/7 жұмыс істейтін тұрақты энергия көздері қажет. Сондықтан бүкіл әлем атом энергетикасын дамытуға ұмтылады. Қазақстан электр энергиясы қатты жетіспейтін сағаттарда шекара маңындағы елдерден электр энергиясын жоспарлы түрде сатып алуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша тұтынылған 115 млрд кВт/сағ болса, соның
2 млрд кВт/сағ астамы Ресейден жоспарлы түрде сатып алынды. Болашақта бұған жол бермеу үшін қазірдің өзінде шаралар қабылдауымыз керек. Қазіргі уақытта көптеген ел өз елінде атом электр стансаларын салуда. Қытайда 26 реактор салынуда, БАӘ өзінің алғашқы атом электр стансасын салды, Түркия да өзінің алғашқы электр стансасын салу үстінде, көршіміз Өзбекстан АЭС салатынын жариялады.

– Қазақстанның өзге ел­дерден артықшылығы – АЭС-ке қажет уран өндіруден алғашқы орында болуы. Одан басқа да қандай әлеуетті жақтарымыз бар?

– Еліміздің атом энергетикасын дамыту әлеуеті өте жоғары. Табиғи уран өндіру бойынша әлемде бірінші орындамыз, одан бөлек, Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауытында кеңес кезінен бері отын ­таблеткалары өндіріледі. 2021 жылдан бастап Үлбі металлургия зауыты да­йын ядролық отын шығарады. Атом стансасына ең қажеті – ядролық отын, біздің жоғары білікті мамандар қазіргі уақытта дайын ядролық отын шығарады. Алғашқы партиялар Қытайдағы атом стансаларына жөнелтілді. Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді жандандыру, АЭС-тің қуаты мен құрылыс ауданын анықтау бойынша жұмыс атқарылды. Зерттеулердің қорытындысында стансаның қуаты 2800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды. Әлеуетті жеткізушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және «EDF» (Франция, EPR-1200 реакторы) компаниялары қарастырылуда. Қазіргі уақытта ядролық технологияларды жеткізушілермен АЭС салу жобасын іске асыру бойынша ұсынылып отырған шарттарды талқылау үшін келіссөздер жүргізілуде. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселені халықпен алдын ала жария талқылау жүргізе отырып, Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге шешім қабылдады.

– Халықтық штаб өкілде­рімен кездесуде елді толған­дыратыны – АЭС-тің қауіп­сіз­дік мәселесі. Жаңа энергия көзін салғаннан кейін оның жұмысында ешқандай қиындық болмайтыны рас па?

– Қазақстанда қауіпсіздіктің барлық талабына жауап беретін жаңа жетістіктер мен әзірлемелерді пайдалана отырып, жаңа буын III немесе III+ АЭС-тің құрылысын салу жайы қарастырылуда, бұл апат қаупін азайтады. Жаңа буын реакторларының басты ерекшелігі – стансаны сыртқы және ішкі әсерге барынша төзімді ететін белсенді және пассивті қауіпсіздік жү­йелерінің бірегей үйлесімінің болуы. Қазіргі заманғы үшінші буын стансаларда ауыр апат ықтималдығы жылына 10-7 оқиғадан аз, яғни 10 млн жылда бір рет болуы мүмкін. Бәрінің есінде қалған Чернобыльдегі АЭС 1977 жылы, ал Фукусима АЭС 1971 жылы салынды және қауіпсіздігі әлдеқайда төмен ескі буын реакторларынан тұрған. Сондықтан қазіргі АЭС-пен салыстырғанда апат қаупі жоғары. Қазақстанда салуға қарастырылатын барлық реактор екі тізбекті болып келеді, бірінші тізбекте су айналып, белсенді аймаққа тікелей тиіп тұрады. Бірінші контурдағы судың жылуы екінші контурдағы суға жанаспай беріледі. Бұл жағдайда турбинада реак­тордың екінші тізбегінде өнді­рілген бу реттеледі. Жалпы АЭС-те су жабық жүйеде айналады, онда пайдаланылған бу конденсацияланып, қайтадан пайдаланылады. Соңғы үлгідегі АЭС-терде бұрынғы ескі буын реакторлардың кемшіліктерінің бәрі ескеріліп, қауіпсіздігі мен жұмысы жетілдірілген.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button