Басты ақпарат

Тұрақты жарна – тұғырлы болашағыңыз

Біраз адамдар, оның ішінде әсіресе  жастар «Қарттық шақта қалай күн көремін, зейнетке шыққанда алатын ақшам жеткілікті бола ма?» деген мәселеге мән бермей жатады. Ал өзім жұмыс барыстарын қадағалап қайтқан «БЖЗҚ» АҚ Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының қыз­меткерлері болса, бұл жәйтқа қазірден бастап жауапкершілікпен қарап, зейнетақы жарналарын тұрақты әрі барынша қомақты мөлшерде аударуға кеңес береді…

[smartslider3 slider=3623]

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының операциялық залдары Бигелдинов көшесі, 12  және  Республика даңғылы, 4  мекенжайлары бойынша орналасқан. Кіре берістен келушілерді қарсы алып, электронды кезекті реттейтін талон  ұстатады. Таблода кезек нөмірі жанған сәтте Қор қызметкері отырған үстелдің жанына барасыз. Ол жеке электрондық цифрлық қолтаңба  немесе жеке куәлігіңізді сұрайды. Сосын мәліметтер базасына  жеке сәйкестендіру нөміріңіз (ЖСН) бойынша сұрау жібереді. Бірер сәтте барлық мәліметтеріңізді қағазға басып шығарады. Осылайша  зейнетақы шотыңызға қанша ақша жиналғанын, тіпті болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін де есептетіп ала аласыз.

Операциялық залда өзі-өзіне қызмет көрсету терминалы да бар. Оның көмегімен ерікті зейнетақы салымдары, зейнетақы шотының бар/жоғы туралы анықтама, шоттағы қаражаттың жылжуы туралы ақпарат, келісім-шарттағы өзгеріс­тер туралы барлық мәліметтерді жеке сәйкестендіру нөміріңіз (ЖСН), құпия сөз, немесе электрондық цифрлық қолтаңбаңыздың көмегімен басып шығара аласыз.

– Халыққа көрсетілетін қызметтердің барлығы  электрондық форматқа ауыстырылған, – дейді маған қызмет көрсеткен маман. Бүгінде Қордың enpf.kz  сайты арқылы  жеке деректемелеріңізді, шот туралы ақпарат алу тәсілін өзгертуге, зейнетақы шотындағы ақша айналымы туралы ақпарат алуға болады.

Бұдан бөлек, мамандардың айтуынша,  зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шот ашу үшін Қорға барудың қажеті жоқ. Алғашқы жарна түскен сәттен бастап, зейнетақы шоты автоматты түрде ашылады. «Е-нотариат» пен Қордың ақпараттық жүйелері де тығыз байланыстырылған. Соның арқасында нотариустар мен шетелдегі консулдық мекемелер олардың қолданысындағы мұрагерлік істер бойынша (мұрагерлердің арыздануы бойынша) қайтыс болған салымшылардың Қордағы жеке зейнетақы шоты мен ондағы қаражаты туралы ақпаратты алуға болады. Бұл мұрагерлердің уақытын үнемдейді және қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді.

– Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелеріне ауқымды өзгерістер енгізілгеннен кейін, қазақстандықтарға өз зейнетақы жинақтарын бірқатар қажеттіліктеріне жаратуға мүмкіндік берілді. Тұрғын үй жағда­йын жақсарту және емделуден басқа салымшылар инвестор болу үшін инвестициялық портфельді басқарушыны таңдап, оған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін аудара алады. Мұндай мүмкіндік  зейнет­ақы салымдарының жүйеде қалып, инвестициялық табыс есебімен болашақта қомақты зейнетақы алуға жол ашады, – дейді  филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің бастығы Ақ-Марал Сағиева.

Әрине, бұл бөлім қызметкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Олар қызметтерін «Мобильді агент» жобасының аясында жүзеге асырып келеді. Өйткені мүмкіндігі шектеулі жандар Қор филиалына тікелей өздері келе алмайтын болғандықтан мамандар оларға ыңғайлы уақытта үй-жайларына өздері барып, барлық қызмет түрлерін ұсынады.

Филиал мамандары сондай-ақ, түрлі ұйымдарға, оқыту, емдеу орталықтарына, әскери училище немесе жазаны өтеу орындары сияқты жабық үлгідегі мекемелерге барып, Қазақстаның зейнетақы жүйесі туралы маңызды ақпаратты жеткізіп отырады. Оларға қажетті қызметтерді көрсетеді. Ақпараттық-түсіндіру  шаралары студенттер арасында да белсенді түрде өткізіледі. Оларға жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы мәлімет беріліп, болашақ зейнетақысына қаражатты қазірден бастап қолға алу керектігі  түсіндіріледі.  Өйткені, бүгінгі жастардың 1998  жылдың 1 қаңтарына дейінгі 6 айдан кем емес еңбек өтілдері жоқ. Сондықтан олар тек өздері жинақтаған қаражат пен мемлекеттен берілетін базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады.  Барып қызмет көрсету бөлімінің жұмыс  аясына Нұр-Сұлтан қаласы ғана емес, оған жақын орналасқан Ақмола облысының ауылдық жерлері де кіреді. Осыған орай мамандар  интернет желісі жоқ шалғай ауылдарға да барады. Себебі, мақсат – халыққа зейнетақы жүйесі туралы барынша толық әрі түсінікті ақпарат беру.

Біз барған тұста бөлімнің бас маманы Мұрат Құрманғалиев қала шетінде орналасқан «Қарақат» бала бақшасының ұжымымен кездесу үшін жолға қамданып жатты.

– Біз кез келген мекеменің басшылығымен ұжыммен кездесу туралы алдын ала келісіп аламыз. Осындай басқосуларда әйелдердің зейнетке шығу жасының біртіндеп ұлғайтылуына байланысты біраз сұрақтар қойылады. Көбісі  зейнетақының қалай есептелетінін білгілері келеді. Кейде адамдар жаңашылдықтарды қабылдауға дайын болмай, түсінбеушіліктер де туындап жатады. Мұндай сәтте зейнетақы жүйесінің маманы ғана емес, психолог болуға да тура келеді. Біз зейнетақының қалай есептелетіні туралы барынша саралап, түсіндіріп беруге тырысамыз. Сондай-ақ, «Мобильді агент» деген арнайы жабдықталған қондырғымыз бар. Оның құрамына ноутбук, 4G флешка мен жылжымалы шағын принтер кіреді. Осы құралдың көмегімен салымшыға қажетті барлық қызмет түрлерін көрсетеміз. Шынында да «Мобильді агент біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Мен жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ғана әңгімелеп бермей, адамдардың ұялы телефондарына Қордың мобильді қосымшасын орнатып беруге де көмектесемін. Сол арқылы азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтары туралы барлық ақпаратты ала алады, – дейді Марат Құрманғалиев.

Жалпы  Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалдың  барып қызмет көрсету бөлімінің мамандары биылғы жылдың бірінші жартысында түрлі ұйымдарда 1371 таныстырылым өткізген екен. Оларға отыз мыңға жуық адам қатысыпты. Соның ішінде 527 кездесу аудан орталықтары мен шалғай ауылдарда ұйымдастырылып, мамандардың дәрісін тыңдаған он мыңнан астам адам еліміздің зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдықтарды естіп, ризашылықтарын білдіріпті.

Біз де өз тарапымыз­дан толассыз келген салымшылар ағынына  мінсіз қызмет көрсеткен Қор мамандарының алғыр­лығы мен білгірлігінің куәсі болып, филиал ғимаратынан алғыс сезімімен аттандық…

 М. ИСКАКОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button