Тұрғын алаптар жайы талқыланды
«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында қалалық мәслихаттың көшпелі отырысы өтті. Қала әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысқан жиында тұрғын алаптарды, қаланың шет аймақтарын одан әрі дамыту және Астананы кешенді абаттандыру мәселелері талқыланды. Отырыста елорданың 6 ауданы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
«Қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау бойынша кез келген жұмысты тұрғындармен ақылдасып істеген жөн. Аудандардың әкімдері мен мәслихат депутаттары белсенді тұрғындармен тікелей байланыста жұмыс істейді» деген қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов тиісті жұмыстардың Жол картасын дайындауды, онда 3 санатты нақты көрсетуді тапсырды. Яғни аталмыш құжатта басымдыққа ие жобалар, белгіленген мерзімде іске асырылуға тиіс жобалар және кейінге қалдырылған жобалар көрсетілуі қажет.
«Бұл құжат елордадағы тұрғын алаптарда жүзеге асырылатын жұмыстардың нақты жоспарын қамтамасыз етеді» деді мәслихат төрағасы.
Жиында жолдарды салу мен жөндеу, инфрақұрылымның тозуы мен оны жаңарту, көгалдандыру, абаттандыру және газдандыру, мектептер мен ауруханалар құрылысы, басқа да маңызды мәселелер қаралды.
Қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптары және ЛПУ елді мекені мәселелерін көтерді.
«Елорданың шет аймақтарында абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша көптеген жұмыс атқарылды. Бірақ шешілмеген мәселелер әлі де көп» деді депутат.
Оның айтуынша, Л️ПУ-да газдандыру, жолдарды салу және жөндеу мәселелері бар. Көктал-1-де күкіртсутек шығындыларының проблемасы өте өзекті. Сондай-ақ №41 мектепке қосымша құрылыс салу, кәріз және су бұру жүйелерін жүргізу, жолдарды жөндеу секілді мәселелер шешімін күтіп отыр. Ал Көктал-2-де иттер мен мысықтарға арналған питомник мәселесі туындады.
«Бүгінгі таңда №41 мектепке қосымша құрылыс салу мәселесі ішінара шешілді. Биыл 350 млн теңге көлемінде қаражат бөлініп, қазаншұңқыр қазылды. Бірақ тиісті жұмыс тоқтады. Мердігер құрылысты 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Көктал-2-дегі питомникке жер телімін бөліп, тұрғын алаптан алыс жерлерге көшіру керек. Аталған мәселелерді ерекше бақылауға алуды сұраймын» деді Бауыржан Смайылов.
Жиынды қорытындылаған қалалық мәслихат төрағасы Ерлан Каналимов келесі жылдың басында Құрылыс, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, Энергетика, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану, сондай-ақ Коммуналдық шаруашылық басқармаларының жұмыс жоспарлары тыңдалатынын жеткізді.
Аманғали Қалжанов