Тұрғын үйді басқарудың тетіктері қандай?
Көппәтерлі тұрғын үй иелерімен түсінісіп жұмыс істеу оңай шаруа емес. Соған қарамастан үй басқарудың тетіктерін меңгеріп, тіпті ең талапшыл көршілердің үдесінен шығып, халықтан алғыс алып жүрген қаладағы үздік үй басқарушының бірі – Динара Орынбаева. Ол көп жылдан бері Есілдің сол жағалауындағы Paris, Bucharest, MaxRoyal, Manhattan-3, Luxembourg тұрғын үй кешендерін басқарумен айналысып келеді. Кездесіп, әңгімелескенімізде, үздік басқарушы саладағы жұмыстың құпиясымен және алдағы жоспарымен бөлісті.
– Үй басқарушысы болу – үлкен жауапкершілік. Айтыңызшы, сіз бұл салаға қалай келдіңіз?
– Өзіміз тұрып жатқан үйде тәртіп орнату туралы ой маған көп уақыт маза бермегені рас. Ақыры мен ПИК-тің төрағасы болып сайландым. Бұрын бұл үйге қызмет көрсеткен ұйым жұмысты толық жүргізбегендіктен, құрылыс салушымен арада шешілмеген мәселе көп болды. Уақыт босқа өтіп жатты, қордаланған проблемаларды шешу үшін үй иелерінің басқармасын құруды қолға алдық. Сөйтіп, мен үй басқару саласына келдім. Бірінші мақсат құрылыс салушының барлық кепілдік міндеттемесін орындау болды. Бұл ретте көптеген келіссөз жүргізуге тура келді, сол арқылы біз халыққа заң бойынша белгілі бір шарттардың орындалмағанын түсіндірдік және дәлелдедік. Әкімдік өкілдерімен бірлесіп өзіміз тұрып жатқан үйге ғана емес, аумақты абаттандыруға да қатысты мәселелерді жүзеге асыруға кірістік. Жалпы әркім өз міндетін жауапкершілікпен орындаса, үйді басқару аса қиын шаруа емес. Бұл міндеттерді шешу бағытында біз әлі де жұмыс істеп жатырмыз.
– Үй басқаруда қандай тәжірибеңізбен бөлісе аласыз?
– Биыл шағын бизнес-кластағы бір үйді абаттандырдық. Бұл – осы жылдағы табысты жобаның бірі. Ойын алаңын жаңарту үшін мақсатты қаражат жинау қажет болды. Тұрғындарға шағын сәулет нысандарын ауыстыру, орындықтар мен тренажерлерді орнату үшін «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын пайдалану туралы ұсыныс білдірдік. Алайда көптеген адам оған күмәнмен қарады. Дегенмен абаттандыру бойынша идеясын ұсынып, маған сенім артқандар да болды. Бағдарлама нәтижесінде 8 аула қаржыландырылды. Жазда баскетбол алаңы пайда болды, автотұрақтар мен орындықтар қосылып, аумақтар толығымен өзгерді.
– Жұмыс барысында күйзелістермен қалай күресесіз?
– Иә, тұрғын үйді басқару оңай шаруа емес, мойындаймын, әсіресе алғашқы жылдары жұмыс істеу қиын. Бірақ мен жолы болғыш жанмын, өйткені жанымда әрқашан көмектесуге және қолдауға дайын адамдар жүреді. Олар маған кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті, бұл мені жігерлендірді. Сондай-ақ мен шыдамды адаммын, істің байыбына бармайынша шешім шығармаймын, сабыр сақтаймын. Тіпті тұрғындармен түрлі түсініспеушілік туындаған кезде маған көмектескен тағы бір тәсіл – би. Бүкіл денеңді босатып би билеу бойдағы алаңдаушылықтан арылтып, ой-түйсігіңізді толығымен тазалауға мүмкіндік береді.
Біздің тұрғындармен ортақ чатымыз бар. Онда жеке, отбасы проблемаларынан тыс, тұрғын үйге қатысты ең күрделі мәселелерді бірлесіп шешеміз. Жұмыс барысында мен тұрғындардың пікіріне құлақ асамын, бірде-бір ескертпені аяқсыз қалдырмаймын, әр мәселені байыппен тыңдап, біліп, есеп беруге дайынмын.
– Сіз өз жұмысыңызда қандай дағдыларды маңызды деп санайсыз және қандай қасиеттерді дамытқыңыз келеді?
– Ең бастысы – уақытты ұтымды пайдалану. Менің ойымша, кез келген басшы үшін бұл маңызды болуы керек. Әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қараса, жұмыс істеу де оңайырақ болады. Бізде барлық тапсырма алдын ала жазылады, әркім өз міндетін, мерзімін және өзі жауап беретін нысанды біледі. Сонымен қатар мамандардың жұмыс барысында сапаға барынша мән беруін талап етемін. Сондықтан біз кез келген жұмысты уақытылы және ғимараттарға қызмет көрсету ережелеріне сәйкес жүргізіп келеміз.
– Жұмыс барысында қандай жаңа технологиялар мен әдістерді жиі пайдаланасыз?
– Бұрын электрондық өтінімдерді басқару жүйесін пайдаланбағанбыз, қазір бізде электрондық бақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл ретте мен кейбір тұрғындардың қарсы болғанын білемін, бірақ бүгінде барлық өтінім, орындаушы, мерзім, шолу онлайн режимде жүргізіледі және бұл бақылауды жеңілдетеді. Қазір ол толық көлемде жұмыс істейді және тұрғындар оған біртіндеп үйреніп келеді. Мен жұмыс барысында үнемі осы тәсілді қолдануға тырысамын.
– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қандай жетістіктер сіз үшін аса маңызды?
– Басты жетістіктің бірі жақында тазалыққа бағытталған «Taza Astana» байқауында «Үздік басқарушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атануым болды деп ойлаймын. Астана қаласы мәслихатының құрылғанына 30 жыл толуына орай мен елорданың үздік басқарушыларының бірі ретінде арнайы грамотамен марапатталдым. Бұл – бағытымның дұрыс екенін растайтын өте маңызды көрсеткіш. Әрине, алға қойған жоспар көп. Қалалық меншік иелері бірлестіктерінің арасынан үздік көрінуім жұмысты одан әрі ширатуыма күш берді, жауапкершілікті арттырып, шабыттандырды.
Мен үшін ең бастысы – тұрғындардың сенімі. Мәселе туындаған жағдайда мен алдымен адамды тыңдаймын, проблема туралы ортақ чатта әңгіме болса, кері байланысқа шығып, қай уақытта және қалай көмектесе алатынымызды нақты айтып отырамын, мүлдем шешілмейтін мәселе болса, мүмкіндігінше себебін түсіндіремін. Мысалы, жақында жолдағы «жасырын» полицейлерге қатысты бір жағдай орын алды. Бұл мәселеге біржақты қарау дұрыс емес, біз жаяу жүргіншілердің де, жүргізушілердің де пікірін ескеріп, өзара ортақ шешімге келдік. Соңында көптеген жүргізуші ризашылығын білдірді және басқарушы компания өкілдері олардың пікірін ескеретінін айтты.
Біз тұрғындардың бос уақытына көп көңіл бөлуге тырысамыз. Бұл бағытта тұрғын үйдің маңында мерекелік іс-шаралар жиі өтеді. Атап айтсақ, балаларға арналған ойындар ұйымдастырып, бейнероликтер түсіреміз, ал биыл аулада киносеанстармен тәжірибе жасап, тәттілермен шоу ұйымдастырдық. Спорт іс-шаралары барысында волейбол және үстел футболынан турнирлер ұйымдастырылды, биыл біздің ТКШ командасы ауданаралық футбол турнирінде екінші орынды жеңіп алды. Қарттар үшін біз дастархан жайып, кейде шағын дискотекалар ұйымдастырамыз, бұл тұрғындарға қуаныш сыйлап қана қоймайды, олардың қарым-қатынасын нығайтады. Емін-еркін әңгіме барысында олардың абаттандыру туралы тілегін тыңдаймыз. Үйдің алдына отырғызатын өсімдіктерді бірге таңдаймыз, гүлзарларға бірігіп күтім жасаймыз. Осылайша біз аулада белсенді өмір сүру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.
– Болашақты қалай елестетесіз?
– Қазіргі кезде білікті басқарушылар айтарлықтай тапшы, әсіресе біздің елордада тұрғын үй-шаруашылық саласын меңгерген мамандар жеткіліксіз. Бүгінде бұл мамандыққа сұраныс артып келеді. Уақытымен жарна төлейтін тұрғындар бұл салада ашықтықтың болғанын, олардың қаражаты қайда, не үшін жұмсалып жатқанын қадағалап отыруды қалайды. Сондықтан мен самсаған сандарды тізіп қана қоймай, оларға бәрін көрнекі түрде көрсету маңызды деп санаймын. Бұл ретте фотоесептер мен басқа да көрнекі материалдар арқылы ортақ қаражаттың қалай бөлінетінін көрсетуге тырысамын. Өкінішке қарай, бұл тәсілді қаладағы басқарушылардың бәрі бірдей қолдана бермейді, бірақ мен оның стандартқа айналғанын құптаймын.
Әрине, алға қойған мақсат-міндетіміз көп. Осы бағытта жүйелі жұмыс істеу үшін тұрғындармен барынша ашық болу маңызды. Адамдар реформалардың нәтижесін көріп, ақшасының қайда кететінін түсінуі керек.
Қазіргі уақытта тұрғын үйді басқару жүйесінде цифрлық технологияларды енгізу бағытында үлкен өзгеріс байқалуда. Электрондық төлем жүйесі, онлайн-жиналыс, автоматтандырылған басқару жүйесі тұрғындарға қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғын үйді басқарудың тетіктері тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және көпқабатты үйлердің жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл ретте біз ең алдымен меншік иелерінің мүддесін қорғауды, үйлердің жағдайын сақтауды және жақсартуды жоспарлап отырмыз.
Алина ИМАМБАЕВА,
Гүлбаршын өкешқызы