Басты ақпаратҚала мен сала

Тұрғын үйлердің жағдайы қандай?

2024 жылғы 20 қыркүйектен бастап Астана қаласының аумағында тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды жинау мен сақтаудың орталықтандырылған жүйесін толтыру мақсатында тұрғын үй қорына түгендеу жүргізілуде. Осы бағытта жүзеге асырылған іс-шаралар барысы туралы «Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары Гүлвира ӘБЕТОВА пікір білдірді.

– Астанада кондоминиум нысандарын түгендеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Алдымен осы бағытта жүзеге асырылған іс-шаралар туралы әңгімелесеңіз. Бүгінге дейін не істелінді, қандай кемшіліктер немесе заң бұзушылықтар анықталды?  

– Біріншіден, бұл мәселе «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда 2023 жылдан бастап қабылданғанын айта кету керек. Объектіні тексеру актісіне және актіге түгендеу тізбесіне сәйкес жыл сайын деректерді ұсыну кондоминиум объектілерін басқару және күтіп ұстау жөніндегі қағидаларда көзделген. Бұл норманы көппәтерлі тұрғын үйлерде бекітілген басқару нысандарының басшылары жүзеге асырады. Сондай-ақ аталған пункттер тұрғын үй инспекция­ларының тексеру парағында қарастырылған, деректер жыл сайын жаңартылып отыруы тиіс.

Қазіргі таңда Заңның баптары мен тармақтарын орындау бойынша көп жұмыс жүргізілді, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тұрақты негізде міндетті талаптарды түсіндіру және орындау бойынша жауаптар беріп отырады. Тұрғындарға түсіндіру мақсатында жыл басынан бері тұрғын үй орталығының аумағында кездесулер, оның ішінде мастер-класс форматында отырыстар өткізілді. Деректерді жинайтын бақылаушыларды және түгендеу бөлімінің мамандарын оқыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Мүлік иелерінің төрағаларына телефон және what ‘ s app мессенджерлері арқылы кеңес беріледі. Сондай-ақ үйді басқару саласында бұған дейін тәжірибесі жоқ төрағалар үшін қызметтің ерекшелігі және объективті себептерге байланысты жұмыс барысында кездесетін кейбір жайттар туралы, мысалы, үйлер жайында деректердің жоғалып кетуі мүмкін екені және т.б. түсіндіріледі. Негізінен, нысан басшылары күнделікті кездесетін фактілерді, тұрғын үйдің жай-күйін, сапалық сипаттамасы мен санын біліп отыруы керек. Жұмыс барысында кейде техникалық білімі жоқ төрағалар да кездесіп жатады. Оларға тәжірибесі мол қызмет мамандары жөн көрсетіп, деректерді жинауға және құжаттарды толтыруға көмектесіп отырады.

– Айтыңызшы, сонда бүгінгі таңда қанша нысан толық түгендеуден өтті?

– Бүгінде 100-ден астам нысан толық немесе ішінара түгендеуден өтті. Анықталған кемшіліктердің ішінде ортақ мүліктің үй-жайларын мақсатсыз пайдалану, мысалы, үйдің электр қалқанында тамақ ішу және заттарды кептіру не жылу пункттерінде тұрмыстық заттардың орын алуы кездесті. Мәселен, Алматы ауданы бойынша бір үйде ПИК төрағасы ортақ мүлікті тізімдеу кезінде үйдің бір алаңы заңсыз пайдаланылғанын анықтады. Ол жерде электр сымдарының заңсыз қосылыстары табылды.

Жалпы, тұрғын үйді басқару саласында жұмыс істеудің басты қиындығы сол, тұрғындардың кейбірі деректерді беруден немесе ақпарат айтудан бас тартады. Кейде екеуі де орын алады. Біздіңше, бұл ең алдымен, үйлерде журнал жүргізудің, ведомостардың болмауымен байланысты деп ойлаймыз. Қаладағы кез келген ғимаратты пайдалану кезінде оны дұрыс жоспарлау маңызды. Көптеген нысан басшылары үйлердің оларға берілмегенін айтады. Бірақ бұл дұрыс емес, өйткені үйді басқарушы немесе басқарудың басқа түрі қабылдап алады, көрсетілетін қызмет бойынша қаражат жиналады, яғни объектіге қабылданған факт бойынша қызмет көрсетілуі керек. Көбінесе басқару нысандары мен олардың басшылары негізгі құралдарды теңгерімге қоюды және шығындарды ағымдағы шығындарға дұрыс бөлуді ескере бермейді. Тұрғындар ақша нақты не үшін жұмсалды деген сұрақ туындағанда, басшылар оған тұшымды жауап бере алмай қиналады, өйткені ақша не үшін жиналғаны туралы уақытылы деректер журналына жазып отырмайды.

– Жалпы Астанадағы көппәтерлі тұрғын үйлердің қазіргі жағдайы қандай?

– Елордадағы көппәтерлі тұрғын үйлер қанағаттанарлық жағдайда. Негізінен, барлық үйлер жарықпен, сумен, жылумен қаматамасыз етілген, санитарлық нормалар сақталған. Бірақ, ғимараттарды техникалық пайдалану және күтіп ұстау талаптарына сүйенетін болсақ, онда көп үйлерде өртке қарсы жүйелер жоқтың қасы немесе жүйе дұрыс жұмыс істемейді. Өкінішке қарай, қаладағы нысандардың ішінде энергетикалық төлқұжаттары бар ғимараттар аз. Көбінесе төрағалардың өздері резервтік жабдықтың жоқтығын айтады.

Кондоминиум объектілері бақылауда және тұрақты есепте болуға тиіс, өйткені бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін және олардың санитарлық талаптарға сай болуы үшін аса қажет.

– Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қорытынды деректерді жаңарту жылына бір рет жүзеге асырыла ма?

– Иә, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қорытынды мәліметтерді жаңарту және растау жылына кемінде бір рет жүргізіледі. Түгендеу тізбесі мен кондоминиум объектісін қарау актісі негізінде МИБ/ПИК төрағасы немесе басқару жөніндегі сенім білдірілген адамдар, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың басқарушылары не барлық меншік иелері тікелей бірлескен басқару кезінде кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындардың жылдық сметасын және бекітілген әдістемеге сәйкес тұрақ орындарын, қоймаларды күтіп-ұстауға арналған жылдық сметаны жасайды, шығындар сметасын есептеу және «ай сайынғы тариф» тұрмыстық атауында шығыстардың мөлшерін анықтайды. Сондай-ақ барлық құжаттар негізінде меншік иелеріне ай сайын есеп беру керек.

Жыл сайынғы сметаны жасау және бекіту талаптары, акт және инвентарлық тізім бойынша жүргізіледі, өйткені үй туралы мәліметтер ауыстыру, жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне және қайта жоспарлаудың жүзеге асырылуына байланысты өзгеріп отырады. Деректер мен оларды есепке алу апатты тұрғын үйдің өсуіне жол бермеу үшін маңызды.

МИБ/ПИК төрағасы немесе сенім білдірілген адамдар не басқарушы не пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері есепке алуды жүргізуі тиіс және тұрғын үй заңнамасында көзделген мәліметтерді, атап айтсақ, жылу маусымына дайындығы туралы ақпаратты есеп түрінде мемлекеттік органдарға не ведомстволық бағынысты құрылымдарға беріп отыруы қажет. Сондай-ақ бізде 2023-2029 жылдарға арналған ТКШ-ны дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен тұжырымдамалары қабылданды. Соның негізінде инженерлік жүйелерді, ғимараттардың қасбеттерін, шатырларды уақтылы жаңартуды дұрыс жоспарлап, бірыңғай сәулеттік келбетті сақтауымыз және жайлы орта құруды жалғастыруымыз керек.

– Көппәтерлі тұрғын үйлерде лифтілер есепке алынбай пайдаланылады, ал лифт паспорттары кондоминиум объектісін басқару органына берілмейді. Мұндай жағдайларда не істеу керек?

– Үйлердегі жолаушылар лифттері қауіпсіз және жайлы болуы керек. Бұл ретте мен адамның өмірімен байланысты барлық нәрсе ерекше бақылауда болуы керек деп санаймын. Оларға өртке қарсы жүйелер жатады.

Бүгінгі күні төлқұжаттар лифт қызмет көрсететін компанияда немесе төрағада сақталады немесе үйді беру кезінде құрылыс компаниясы оларды беруді ұмытып кетеді. Нысандарда қабылдау­-тапсыру актілерін, техникалық құжаттаманы және қаржылық бастапқы құжаттаманы толтыру мен жүргізуге  көпшілік жіті мән бермейді. Қалай болғанда да, үйді қабылдау-тапсыру кезінде мемлекеттік органдармен, жобалық компаниялармен және басқалармен хат алмасудан бастап не істелгені туралы факт қоса берілуі керек. Кейде үй басшылары салынған жылдың деректері жоқ екенін айтады, бірақ бұл деректер әрқашан пәтердің техникалық паспортында болады. Сондықтан тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы электрондық ақпараттық ресурстарды жинау мен сақтаудың орталықтандырылған жүйесін толтыру мақсатында тұрғын үй қорын түгендеуді жүргізу және жүйелерге енгізу үшін барлық ақпаратты қалпына келтіру қажет.

2024 жылғы 26 қыркүйек пен 04 қазан аралығында «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторларымен құрылыс салушыға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында көппәтерлі тұрғын үйлерде лифттер есепке алынбай пайдаланылатыны, лифт паспорттары кондоминиум объектісін басқару органына берілмегені анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес әкімшілік айыппұл салынды.

Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес лифттер орнатылып болғаннан кейін басқармада есепке қойылады. Лифттерді есепке алмай пайдалануға тыйым салынады.

– Елордада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акция­сы аясында «Taza Astana» әлеуметтік жобасы басталды. Жобаның ережелеріне сәйкес экологиялық комиссия тұрғын үйлерді тексеруді жүргізіп жатыр емес пе?

– Дұрыс айтасыз, елордада басталған «Taza Astana» әлеуметтік жобасы қаладағы тұрғын үй маңын абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, аулада тазалық жұмыстарын жүргізу, балалар алаңдарының тозығы жеткен жерлерін жөндеу бойынша жүйелі жұмыс құруға бағытталған. Бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асыру аталған аумақтарды пайдалануға, күтіп ұстауға, қызмет көрсетуге сондай-ақ тазартуға жауапты заңды және жеке тұлғалардың жұмысын ретке келтіруге мүмкіндік береді.

Taza Astana жобасы шеңберінде бағалау актісі бойынша МИБ/ПИК/ЖШС басшыларының өтінімі бойынша тоқсан сайын арнайы құрылған экологиялық комиссия қатысушылар үшін номинацияларды айқындайтын болады. Комиссия мүшелерінің қатарында біздің қаланың тазалығына бейжай қарамайтын тұрғындарымыз, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен олардың көшбасшылары, аудан әкімдіктерінің өкілдері бар. Олар жобаға қатысу үшін өтінімді алған кезде адамдардың әлеуметтік желілерде айтатын шағымдарын, мысалы, үйді басқару жұмысы туралы ақпараттық тақталар мен құжаттардың жоқтығын, авария­лық қызметтердің, учаскелік қызметтердің телефондарының болмауын, жалпы тұрғын үй маңының тазалығын есепке алады. Өйткені кейбір үйлердің кіреберісінен бастап жинақы, таза болғанымен, сыртқы есікті ауыстыру секілді ұсақ-түйектер ескеріле бермейді. Кейбір үйлерде домофон дұрыс жұмыс істемейді. Бізде барлық төрағалар домофон компаниясы домофонға қызмет көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар алдыңғы есікті белгіленген мерзімде жуып, бояуы керек екенін білмейді. Бұл шартта қарастырылған.

Қазір біз әрбір тұрғын өз үйінің жағдайын әзірленген критерийлер бойынша оңай бағалай алатындай етіп, онлайн режимде де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жобаның ережелеріне сәйкес экологиялық комиссия тұрғын үйлерді тексеруді жүргізеді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button