Әлеумет

Тұрғын үй чаты қашан түзеледі?

Тұрғын үйдің чаты бар, «туғалы» тілі орысша. Өткенде бір шын қазақ: «Ау, осындағы отырғанның бәрі қазақ екен, неге өз тілімізде сөйлемейміз?» деп еді, қалғаны оған жабылып кетті. Сыпайылау біреуі: «біз мәдениетті адамдармыз, кім қай тілде сөйлесе де өз еркі, Конституцияда жазылған» деп тоқтаса, қызба мінезді көрші: «Сіз ұлтараздықты қоздырып отырсыз» деп тарпа бас салды.

[smartslider3 slider=2421]

Сол чаттағы жалғыз шын қазаққа жақ болам деп бекер шаршап, жыларман болғанымды есіме алғым келмейді. Есіме М.Мағауиннің «Ұлтаралық жанжал» атты әңгімесі түсті, жазылғанына жиырма бес жылдай болып қалған шығар, жазушы сол кездің өзінде кім көрінгенді басымызға шығарғанымыздан келешекте қауіп боларын ескерткен еді (көркем әдебиеттің теңдессіз сәуегей екеніне, адамзатқа, ұлт­қа төніп келе жатқан қауіпті күн ілгері сезіп, ескертетініне көзің жете түседі. Халқын зар жылатқан билеуші қай заманда да өткен, олардың тұсында да рух тазалығы мен әділеттілік үшін күрескен, ақиқатты айтуды өзінің парызы санаған ойшылдар мен ақындар болған. Өтірігін әшкере қылып, мазақ еткен қай билікке ұнады дейсіз, қай заманда да билік әдебиеттен сескенген, соңы репрессияға айналатын цензураны сол үшін ойлап тапқан). Көрінгенге жарбаңдай беретін мінезіміздің зардабын енді тарта бастадық. Енді басқа ұлт емес, қазақ қазақты орыс тіліне тиістің деп жазғыруға, күстәналауға дайын тұратын болдық. «Құлдан да бір ауыз сөз» дауысымызды шығарып бірдеңе айтайын десек, «ұлт­аралық қақтығысқа бастады» деп аттан салатын болған соң не өз «үңгірімізде» отырып бала-шағамызға айтамыз, не әлеуметтік желіге келіп күңкілдеп аламыз, одан әріге шама жоқ.

М.Мағауиннің «Ұлтаралық жанжалы» орын алған Рахман ата ауылы – бізде бірнеше ұлттың өкілі бар деп мақтанатын Қазақстан сияқты ауыл. Бес жүз түтін қазақ арасында төрт орыс, үш неміс, екі корей, бір ұйғыр, бір жойыт және ұлты нақты белгісіз тағы бір кісі тұрады екен, тәуелсіздік алған соң кейбіреуі рақмет айтуға да жарамай көшіп кетеді де, екі-ақ ұлт қалады. Автор фамилиясын әлде Мирзоев, әлде Мирзоян, әлде Мирзозаде, бәлкім, Мирзопуло деп беретін (анығы белгісіз, демек түбі де шикі дегенді аңғартады) Марат М. қазақты жамандап арыз жазудан шаршамайды, комиссия басқа шаруасын жиып қойып, соны тексере келуден аяқ суытпайды. «Рахман ата ауылында адамгершілікке жат, тек фашистік жүйеге ғана тән қанқұйлы ұлтшылдық қалыптасып отыр. Қазақ ұлтшылдары зұлым озбырлықпен Рахман ата ауылын Ұлы Ресейден мүлде бөліп алып, заңсыз түрде өздерін егемен ауыл деп жариялады. Ешкімнен сұраған жоқ, халықтың еркінен тыс, қылмысты іске аяқ басты» деп жапа шегіп, жазықсыз шырқыраған шағымды жазғанның біреуі – М.Мирзоев. Екіншісін жазған – М.Мирзоян. Үшіншісін жазған – М.Мирзозаде. Төртіншісін жазған – М.Мирзопуло. Бесіншісін жазған – М.Марат… Ақыр соңында билік ақылдасып, тілі қудаланып, құқығы тапталған, рухани қысым, одан бөлек те санауға саусақ жетпестей қорлықтың түрін көріп отырған орыс тілді Маратқа жиырма үш сотық жер береді. Марат М. ұлтаралық келісімді сақтаушы рөлінде. Біз осылай отырған соң келе-келе олар күшейді, ұлтаралық келісім дегенді желеу етіп, қазақтың басына шығатын болды.

М.Мағауиннің әңгіме соңындағы сөзі сүйегіңнен өтеді: «Ал қазақ… Тәуелсіздік алдың, енді атаңның басы керек пе? Ел иесі екеніңді қашан ұғасың?!».

Әдебиетшілер айтатын гротеск пен ирония.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button