Басты ақпаратҚала мен Сала

ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНЕ ТҰРУДЫҢ ТӘРТІБІ ҚАНДАЙ?

Қазіргі уақытта күйіп тұрған мәселенің бірі – баспана. Осы ретте аталмыш мәселені шешудің түрлі жолдары бар. Соның бірі – мемлекеттік бағдарлама бойынша немесе әкімдіктен азаматтардың жекелеген топтары үшін баспана алу. Ендеше, тұрғын үй алуға кезекке тұрудың қысқаша тәртібі туралы таныстырып өткенді жөн көрдік.

1354867491_turgyn

Астана қаласы Тұрғын үй басқармасының ресми мәліметіне сүйенсек, қала қорынан үй алуға кезекте тұрған азаматтардың саны 43 мыңға жуықтаған. Басқарма өзінің ере­жесіне сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан белгіленген кезек бойынша азаматтарға пәтер беруді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында «Қазақстан Тұр­ғын үй құрылысы жинақ банкі», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы», «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» желісі бойынша тұрғын үй бағыттары жөнінен коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтерге мұқтаж азаматтардан құжаттар қабылдайды.
Еліміздің Тұрғын үй заңнамасына сәй­кес коммуналдық тұрғын үй қорына ке­зекке тұруға құқылы азаматтардың арнаулы санаты белгіленген. Оларға ҰОС арда­герлері мен қатысушылары, осы топқа теңестірілгендер, олар – тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, 1-2-топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, Үкімет қаулысында көрсетілген ауру түрлерімен ауыратын азаматтар, зейнеткерлер, жетім балалар мен ата-ана қамқорынсыз қалған балалар, 29 жасқа толмаған жетім балалар, оралмандар, экологиялық апаттарда, төтенше жағдайлар кезінде үйінен айырылғандар, көпбалалы ата-аналар, әскерде немесе мемлекеттік тапсырмалар кезінде қайтыс болғандардың отбасы, толық емес отба­сылар жатады.
Астана қаласында кезекке тұру үшін алдымен кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі. Яғни, үш жылдық тіркеу туралы талап өтініш берушіге ғана қолданылады. Сонымен қатар, қал­ған отбасы мүшелерінің елордада тұрақты тіркеуі бар болуы қажет. Заңға сәйкес, тұрғын үйге мұқтаж азамат­тар есе­біне қою мекенжай бойынша «Аза­­­­мат­тарға арналған үкімет» мемле­­кеттік корпорациясы» арқылы жүзеге асады.
Тұрғын үй барлық қажетті құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмде белгiленген кезек ретiмен берiледi.

Айгүл ИМАНОВА,
«1414» желісінің операторы:
Тұрғын үй кезегіне тұру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына мынадай құжаттарды ұсыну керек:
– Өтініш;
– Отбасы мүшелерінің жеке куәлігінің, балалардың тууы туралы куәлігінің көшірмелері;
– Азаматтық жағдайы туралы мәлімет;
– Мекенжай анықтамасы (барлық отбасы мүшелеріне);
– Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлікке құқығы барлығы (жоқтығы) туралы өтініш берушіде және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелеріне 6-пішінді анықтама (иеліктен шығарылған құқықтарын көрсетумен);
– Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын азаматтар ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 3,1 еселенген мөлшерiн растайтын жиынтық табысын санау бойынша әлеуметтік қорғау органынан анықтама ұсынады. (Иманбае­ва көшесі, 16 үй, №10 кабинет. Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы);
– (мемлекеттік қызметкерлер, бюд­жеттік ұйым қызметкерлері, әскери қыз­меткерлерге) жұмыс орнынан анықтама және отбасы құрамы туралы анықтама.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button