Басты ақпарат

Тұрғын үй: неліктен қолжетімсіз?

Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын сәулетті де зәулім қаншама тұрғын үй кешендері салынады. Алайда пәтер кезегіне тұрушылар саны бір азамайды. Статистика мәліметтері бойынша Қазақстанда 11,5 миллион қала тұрғынына жаңадан 2,7 миллион пәтер салынады екен. Орта есеппен әр отбасында үш адамнан деп санасақ, Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты ірі қалалардың тұрғындарына жыл сайын жарты миллион пәтер жетіспейтін көрінеді. Алайда өмірде бір баспанаға зар болып, әркімнің босағасын жағалап жүргендер ресми мәліметтен гөрі анағұрлым көп екені белгілі.

[smartslider3 slider=2691]

 

Қымбатшылық қысып тұр

Қалада жастар мен жаңа шаңырақ көтерген жас отбасылардың пәтер жалдайтынын екінің бірі біледі. Тіпті барар жері, басар тауы болмағандықтан, саяжайлар мен шағын вагондарды паналап күн көріп жүргендер де – өзіміздің қаракөз бауырларымыз.

Осыдан бірер жыл бұрын әр қазақстандыққа 22 шаршы метр тұрғын үй тиесілі деген мәлімет болатын. Сөйтсек, бұл еліміздегі барлық тұрғын үй қорының ел халқына бөлгендегі саны екен.

Мемлекет қаншама жеңілдікті бағдарламалар қабылдап, жастарды пәтермен қамтуға барынша мүмкіндік туғызып келеді. Бірақ бәрібір халық пәтер жетіспеушілігінен бір арыла алмай-ақ қойды. Оның үстіне кейінгі кезде құрылыс материалдарының қымбаттауынан пәтер бағасының шамадан тыс шарықтап кету тенденциясы да анық байқалады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жаңа салынып, толық бітпей пайдалануға берілетін пәтерлердің әр шаршы метрі саудаға 480-520 мың теңгеден шығарылып жүр. Дегенмен халық оған да ілекерлеп, қанағат сезімімен қарай бастап еді, Украинадағы жағдайға байланысты доллар бағамы шарықтап шыға келді. Соған сәйкес теңге де бағамынан жаңылды. Енді, міне, екі ортада не пәтерлерін сата алмай, не жаңа пәтер сатып ала алмай қарапайым тұрғындар тығырыққа тірелді де қалды.

Ол ол ма, Қазақстанның құрылысшылар қауымдастығы теңгенің күрт құнсызданып кетуіне байланысты пәтер сатуды тоқтататыны туралы мәлімдеп үлгерді. Бірақ «коммерциялық құпия» деген желеумен қандай құрылыс компаниялары бас тартып отырғаны нақты айтылған жоқ. Кейінгі кезде құрылыс нарығындағы жағдайдың кім-кімді де алаңдатып отырғаны жасырын емес. Үміттерін үкілеп, қолдағы бар жиған-тергенін үй алуға салған адамдарды қазір «әлі салынып бітпеген үйлердің болашағы не болады?» деген ой көп мазалайды.

«Құрылыс нарығындағы баға реттеле ме?» деген сауалға сарапшылар 2021-2025 жылдарғы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына үміт артатынын айтады. Елде еркін экономикалық аймақтар ашылса, цифрландыру бағдарламалары енгізілсе, жағдай қалыпқа келер еді» дейді. Алайда 2022 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша бастапқы тұрғын үй бір айда 2,1 пайызға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй 2,8 пайызға ­қымбаттаған

Еліміздегі жылжымайтын мүліктер саудасымен айналысатын krisha.kz сайтында жария­ланған хабарландыруға орай түсініктеме берген Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, теңгенің құнсыздануына байланысты көптеген компаниялар әп дегенде абдырап қалып, суға кеткен тал қармайдының кебімен кейбірі пәтер бағаларын 6-7 пайызға бірден көтеріп жіберсе, енді біреулері уақытша тоқтата тұрғанды жөн көріпті. Сонымен бұрын сатылып, ақшасы төленіп қойған пәтерлер де, әлі құрылысы аяқталмаған үйлер де жағдай тұрақтанғанша саудаға шығарылмайтын болып шешілді.

Ал құрылысшы-инженер Ермек Әлмұқановтың пікірі сәл басқашалау. «Мен бұларды ұяты бар құрылысшылар деп атар едім дейді ол. Өйткені қоғамда қалыптасып отырған қиыншылық жағдайын пайдаланып, келісімшартқа қарамастан, бағаны шарықтатып жібергендер – халық мүддесін ойлаудан алыс адамдар. Онсыз да қиналып жатқан жандарды қаржы жағынан қыса бергеннен олар байып кетпейді ғой. Одан да уақытша сол күйі тоқтата тұрған да жөн болуы керек».

Келісімшарт демекші, кез келген құрылыс компаниясы о бастан-ақ өз мүддесін ойлайды. Сондықтан келісімшартқа міндеттемелерінен гөрі құқығын көбірек енгізеді. Теңгеге шаққанда доллар бағамы өсіп шыға келіп еді, «коммерциялық құпия» деп аттарын атаудан бас тартқан көптеген құрылыс компаниялары пәтер иелерімен бұрын жасалған келісімшарттарындағы «девальвация бола қалған жағдайда белгіленген бағада өзгерістер болуы мүмкін» деген бапты жалаулатып шыға келді.

Көрдіңіз бе, келісімшарт тек бір жақты құрылыс салушылардың мүддесін қорғайды, ал пәтер сатып алушылардың мүддесін кім қорғайды? Міне, осы мәселені қазір бірнеше адам көтеріп, табанынан тозып жүр. Әділет іздеп қақпаған есігі жоқ, алайда құзыретті органдар «шыдай тұрыңыз, теңге тұрақтансын» дегеннен әріге бара алмай отыр.

Сарапшылар пікіріне сенсек…

Қазір құрылыс нарығында астыртын жасалатын мәмілелер қаншама. Соның кесірінен үлестік пәтер құрылысына қатысушы талай адамдар зардап шегіп қалған. Ұлттық статистика бюросы елімізде салынып жатқан тұрғын үйлердің тек 26 пайызы ғана үлестік қатысушыларға тиесілі дегенді келтіреді.

Елордада құрылыс алаңындағы 51 үлестік компанияның түйінді түйткілдері – осының бір дәлелі. Ал жылжымайтын мүлік бағасының еселеп көтеріліп отырғанын сарапшылар елорда мен Алматы қаласында пәтер сатып алуға деген сұраныстың жоғарылығынан деп санайды. Қала берді құрылыс материалдарының импорты артып отыр.

«Құрылыс нарығындағы баға реттеле ме?» деген сауал­ға сарапшылар 2021-2025 жылдарғы индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасына үміт артатынын айтады. Елде еркін экономикалық аймақтар ашылса, цифрландыру бағдарламалары енгізілсе, жағдай қалыпқа келер еді» дейді. Алайда 2022 жылғы ақпан айының қорытындысы бойынша бастапқы тұрғын үй бір айда 2,1 пайызға, ал қайталама нарықтағы тұрғын үй 2,8 пайызға қымбаттаған.

«Десе де тұрғын үйге инвес­тиция салу тиімді, бұл әрқашан да кепілді табыс көзі болып қала береді. Жылжымайтын мүлік нарығында құрылыс материалдары бағасының өсуі де одан әрі жалғасары сөзсіз. Тұрғын үйдің қолжетімдігін қамтамасыз ету үшін пәтерлердің аумағы, яғни шаршы метрі азаюы мүмкін. Бүгінде тұрғын үй бағасы ең жоғары деңгейге жетті. Келесі жылы жағдай реттеліп, құрылыс нысандарының бағасы төмендейді дегенге ешкім де сенбейді. Оның үстіне, қолайлы жеңілдіктер қарастырылған ипотекалық бағдарламалар жабылып жатыр, ал халықтың басым бөлігі зейнетақының шектік мөлшерін пайдаланып үлгерді. Егер мүмкіндік болса, құлдырау­ды күтпей, сатып алуға кірісе берген жөн. Ең тиімді уақыт – бүгін, өйткені баға әрі қарай өсе береді» деді Құрылысшылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.

Ал экономист Арман Байғанов: «Қазір инфляция деңгейі өте жоғары. Мемлекет түрлі бағдарламалар мен акциялар қарастырып, жұмысшылардың айлығын көтерсе де, ел экономикасы бірден қалыпқа келмейді. Ұлттық банк теңге бағамын жасанды түрде қолдайтын болады, басқа амал жоқ. Сондықтан пәтер аламын деушілер дәл қазір қимылдап қалуы керек. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пәтер бағасы таяу жылдары арзандайтындай болжамды ешкім де айта алмайды. Қайта жылдан-жылға қымбаттай берері сөзсіз. Өйткені бұл қалаларда тұрғын үйге, жалпы жылжымайтын мүлікке деген сұраныс жоғары» деп өз пікірін ашық білдірді.

Міне, бүгінгі таңда тұрғын үй нарығындағы жағдай көпшілікті қатты алаңдатып отыр. Ал осы қиыншылықтардан шығатын жолды ел Үкіметі тезірек іздес­тірсе дейміз.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button