Мәселе

Тұрғындар көшіруді сұрайды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Күлтегін тұйық көшесінің тұрғындары қалалық әкімдіктен өздерін қауіпсіз жерге көшіруді сұрап дабыл қағуда. Өйткені үй іргесінен өтетін «АРЭК» АҚ-қа тие­сілі жоғары кернеулі ток желісінің кесірінен денсаулықтарына айтарлықтай зиян келіп, созылмалы ауру түрлеріне ұшырауда.

[smartslider3 slider=2164]

Қар еріп, күн жылығанда, үйдің қабырғасына қол тигізуге қорқамыз. Байқаусызда тиіп кетсе ток соғады дейді тұрғындар. Бұл маңдағы үйдердің көбі ескі болғандықтан, өмір сүруге өте қолайсыз. Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Б.Смайылов жауапты мекемелермен бірге тұрғындардың тілегін тыңдау үшін аталған мекенжайға барды. Межелеген уақытта жиналған тұрғындар жыларман күйде шағымдарын айтып жатты.

«Ток мұнарасын құру үшін екі үй сүрілген. Кейін қауіпсіз дәліз үшін қос қапталынан 20 метр аумақтағы үйлер сүріледі, әуелі ток мұнара бағанын қойып, желіні жүргізіп алайық деген желеумен мына мұнараны орнатқан. Содан дәліз жасалмай, үйлер де сүрілмеген күйі 25 жыл өтті. 110 мың вольттан келетін зиянды барлығымыз білеміз. Сырқатымыз жинала-жинала созылмалы аурға ұласты. Балалардың денсаулығына алаңдаймыз. Біз жоғары кернеулі ток желісін алып тастасын демейміз. Одан үміт үзілген. Осында 25 жылдан бері тұрып жатқан біздерді басқа жерге көшіріп, үйлерімізді сүруді сұраймыз. Мүмкін ЖКТ желісін ауыстыруға қыруар ақша кететін шығар. Сондықтан бізді көшірген арзан шығады деп ойлаймын» дейді №36 үйдің тұрғыны Райхан Ибраева.

Санитарлық-эпидемиологиялық сала қызметкерлері бірінші қалалық емханаға сұрау салып, Күлтегін көшесі тұрғындарының денсаулығын көршілес көшедегілердің саулығымен салыстыруды сұраған. Емхананың мәліметінше, Сырдария тағы да басқа көшелерінің тұрғындарымен салыстырғанда күлтегіндіктердің 70 пайызы созылмалы ауру түріне ұшыраған. Мұнда шамамен 240 тұрғын болса, соның 170-інде кінәрат бар деген сөз.

Негізгі талап бойынша жоғары кернеулі ток желісінен 20 метр оңға және солға қарай үй салуға болмайды. Ал мұнда талап сақталмаған. Ең алыс дегенде 3 метр, жақыны 1 метр жақындап тұр. Темір шатыры бар үйлерде үнемі ток соғу жағдайлары болып тұрады. Мұндай жағдайдан мезі болып, әбден қажыдық. Тез арада мәселемізді шешуді сұраймыз деген өтініштерін қоғамдық кеңес мүшесіне тағы бір мәрте жеткізді. Мұқият тыңдаған Б.Смайылов кеңес мүшесі ретінде мәселені тұрақты бақылауына алатынын мәлімдеді.

«Құжаттар түгелімен көтеріліп, бекітілген талап бойынша желінің екі жағынан 20 метр жерді сүру мәселесін зерделеудеміз. Бүгінгі таңда 113 үйдің тізімі жасақталып жатыр. Аулаларға жеке-жеке кіріп мүлікті бағалау секілді жұмыстар жүргізілетін болады. Барлығын реттеп, құжаттарды жүйелеп, қалалық әкімдік пен мәслихатқа ұсынамыз. Қаулы қабылданған соң іске көшетін боламыз» дейді Байқоңыр ауданы әкімдігінің өкілі Т.Хасен.

Байжан ЕМБЕРДІ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button