Мәслихат

Тұрғындар неліктен шағымданады?

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатында мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың төрағалығымен көпшілік тыңдаулар өтті. Жиында электрмен жабдықтау нысандарын, инженерлік желілерді салуға, абаттандыруға, көгалдандыруға және санитариялық тазалауға бөлінген бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесі қаралды.

[smartslider3 slider=1431]

Тиісті басқармалардың басшылары, атап айтқанда, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Жансұлтан Сапарбаев, Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы ­Төлеген Құлышев, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева, Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев баяндама жасады.

Қалалық мәслихат хатшысы Ерлан Каналимовтың айтуынша, жылу және сумен қамту бойынша тұрғындардың өтініштері 50 пайызға көбейген.

«Биыл сумен жабдықтау мәселелері бойынша өтініштер санының айтарлықтай өсуі байқалады. Былтыр 26 мың өтініш болған. Қазір 41 мың өтінішке жетті. Жүйелік сипаттағы қателіктер жіберілуі мүмкін. Ағымдағы жылы суық, ыстық судың болмауы, әлсіз қысым, құбырдың жиі жарылуы, үзілістер, тоттанған су, судың ағуы және тағы басқа мәселелер бойынша өтініштер жиілеп кетті» деді Е.Каналимов.

Оның атап өтуінше, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетіні туралы тұрғындарға 2 сағат бұрын ғана хабарланады. Осыған су және жылуды тұтынушылар наразылық білдіріп отыр.

«Жоспарлы ажыратулар барысында жұмыс регламенті қажет. Бұрын әлеуметтік желілерде схемаларды, маршруттарды, бригада жетекшісінің аты-жөнін, оның телефондарын көрсете отырып, ажырату кестесі орналастырылатын. Талдау нәтижелеріне сәйкес өтініштердің 59%-ы РЭК қызметіне тиесілі» деді мәслихат хатшысы.

Ерлан Каналимов қалада қанша кезекші бригада жұмыс істейтінін сұрады. Оның сөзінше, қалада 40 мың адам жеке секторда тұрады. Өтініштердің 56 пайызы дәл осы жеке сектордан түскен.

Мәслихат депутаты ­Нұрдәулет Оразханов соңғы үш жылдағы өтемдік көшет отырғызу санына қатысты сұрақ қойды. Қордай көшесіндегі сквер мәселесін көтерді. «Бұл сквер Алматы ауданы әкімдігінің назарынан тыс қалған» деді депутат.

Ерлан Каналимов аудан әкімдіктеріне мердігерлермен жасалған шарттарды мұқият зерделеуді және шарт тармақтары орындалмаған жағдайда оларды бұзуды ұсынды. Ол мораторийге және бақылау тетіктерінің жоқтығына сілтеме жасаудың орынды еместігін атап өтті. Кез келген мемлекеттік жекеменшік-әріптестік жобасының уақыттық шекаралары бар. Сондықтан әкімдіктер санитариялық және өзге де қағидалардың сақталуын талап етуі тиіс. Өткен жылдың 1 маусымынан бастап барлық кәсіпкерлік нысандарда заңға сәйкес кассалық аппараттар мен терминалдар болуы тиіс.

Мәслихат хатшысы шағын бизнес субъектілерінің санитариялық жағдайды бұзу мәселелері бойынша жеке отырыс дайындауды тапсырды. Қазір көшелер мен аялдамаларды тазалау бойынша шағымдар азайғанын, орамішілік аумақтар, тұрақ орындары, көппәтерлі тұрғын үй кешендері кіреберіс­тері маңындағы аумақтар бойынша мәселелер бар екенін атап өтті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button