Басты ақпаратЕлорда тынысы

Тұрғындар тілегі талқыланды

Есіл ауданы Астананың халық саны жағынан ең үлкен аумағы саналады. Тұрғындары көп ауданның шешілмей жатқан мәселесі де аз емес. Аталмыш аудан жұртшылығымен өткен кездесуде қала әкімі Жеңіс Қасымбек олардың барлық талап-тілегін тыңдап, естіп қана қоймай, алаңдатып жүрген көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Алдымен Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаев жиналғандарды аймақтың даму барысымен таныстырды. Артынша кездесуге келген тұрғындар кезекпен микрофонды алып, мазалап жүрген мәселесін алға тартты. Солардың ішінде тұрғын үй кешендерін жаңғырту, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, әлеуметтік нысандар салу, тығыз құрылыстар, сумен жабдықтау, жолдар мен тротуарлар, нөсер кәрізін салу, автобустарды іске қосу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Шаһар басшысымен жүздесуге жиналғандар қарасы көп болды. Бес сағатқа созылған басқосу барысында біраз мәселе қозғалды.

Қоғамдық көлік қызметі – бақылауда

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Үркер елді мекенінің тұрғыны бұл жаққа қатынайтын автобустардың жайын сөз етті. Ол әсіресе №45 бағыттағы автобустың маршрутын ұлғайтуды өтінді. Бұл ретте қала басшысы биыл елорда әкімдігі жаңа көліктер алатынын, шілде айында Астанаға 90 жаңа автобус жеткізілетінін атап өтті.

– Жазда қалаға алғашқы автобустар келеді деп жоспарлап отырмыз. 300-ге жуық автобусты тек бірінші автобус паркі сатып алады, бұл – жаңа автобустар. Олардың 90-ы шілде айында келеді, біз маршрут санын көбейтіп, оларды ұзартуды жоспарлап отырмыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Астана автопарктеріндегі автобустардың 75 пайызы – осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын сатып алынған ескі көліктер. Қоғамдық көліктердің саны да аз. Елорданың мың тұрғынына тек бес автобустан келеді. Осыған орай, қала басшысы алдағы уақытта автобустардың бағыттар саны ұлғайтылатынын, ал №45 автобустың, жалпы қоғамдық көлік қызметінің қашанда бақылауда болатынын мәлім етті.

Үлескерлер үміті ақталады

Қалада бірнеше жылдан бері құрылысы бітпеген тұрғын үйлердің мәселесі аса өзекті екені белгілі. Есіл ауданы тұрғындарының көбі елорда әкімімен кездесуде осы мәселені алға тартты. Мәселен, «Фемида» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселе тез арада шешуді қажет етіп отыр. Үлескерлер өзіне тиесілі пәтердің құжатын алу мұңға айналғанын айтып шағымданды. Бұл ретте Жеңіс Қасымбек биыл қалада үлестік құрылыстың барлық проблемалық нысандары тапсырылуы тиіс екенін жеткізді.

– Бүгінде осы санаттағы 150 көппәтерлі үйлердің 120-сы аяқталып, 12 мың адамға көптен күткен баспананың кілті табысталды. Жыл соңына дейін қалған 30 үйдің құрылысы аяқталмақ. Қазір жалпы үлескерлердің үштен екі бөлігі өз пәтеріне қоныстанды. Осы жылы қалған 3600 үлескер жаңа үйіне көшеді. Биыл біз үлестік құрылыстың барлық нысанын тапсыруға міндеттіміз. Бірақ құрылысы ұзаққа созылған нысандар тұрғындар оларды қабылдай алатындай күйде болуы керек, – деді Астана әкімі.

Жеңіс Қасымбек,

Астана қаласының әкімі:

Астанада көптеген тұрғын үй ішкі ­паркингсіз салынған. Биылдан бастап жапсарлас ­салынған паркингі жоқ кез келген ­көппәтерлі, көпқабатты үйдің құрылысына рұқсат ­берілмейді. Егер жабық паркинг қарастырылмаған болса, мұндай үйлер биылдан бастап салынбайды

Жалпы осыдан үш жыл бұрын қалада 16 мыңдай үлескер болған. Қазір оның үштен екісі пәтер кілтін алды. Өкінішке қарай, «Фемида» тұрғын үй кешені сияқты заңды құжаттары толық берілмеген нысандар бар. Әкім бұл мәселеге жауапты тұлғаларға үлескерлер мәселесін жыл соңына дейін шешуді тапсырды.

– Осы жыл аяғына дейін үлес­керлердің бәрінің үйін салып бітіріп, кілтін табыстауымыз керек, – деді Жеңіс Қасымбек.

Коммуналдық мәселелер маңызды

Кездесуге келген адамдардың көпшілігі қала басшысына тұрғын үй кешенінің коммуналдық-шаруашылық мәселесіне қатысты өздерін мазалаған сұрақтарды қойды. Мәселен, аудан тұрғындарымен кездесу барысында елордалықтардың бірі «Жеті бөшке» тұрғын үй кешенінің сыртын қаптау мәселесінің қанша жылдан бері шешілмей келе жатқанын алға тартты. Әсіресе қалада қатты жел тұрып, ауа райы тосын мінез танытқан кезде плиталар ұшып, адамдарды едәуір әбігерге салады. Сапасыз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тіпті талай тұрғынның және кейбіреулерінің мүлкінің зақымдалғанын жасырмады.

Тұрғындар бұған дейін де талай рет үйдің сапасыз қапталуына байланысты шағымданған болатын. Өткен жылдың жазында Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы осы үйдің қасбетін апатты деп таныған.

«Бюджеттен қаражаттың жартысын бөлеміз, екінші жартысын осы кешеннің жанында орналасқан «Азия Парк» сауда, ойын-сауық орталығының әкімшілігі бөледі» деді Жеңіс Қасымбек.

Елорда әкімі бұл мәселеге қатысты қаланың аудандық бюджетінде үйдің қаптамасына шамамен 15 млн теңге бөлінгенін хабарлады.

Қаладағы ең әсем тұрғын үйдің бірі саналатын «Нұрсая-2» тұрғын үй кешені тұрғындарын да толғандырған мәселе көп. Соңғы кезде бұл маңға көлік қоюдың өзі қияметке айналған. Осыған орай, елорда басшысы Есіл ауданының әкімі Асылбек Есенбаевқа дүйсенбі күні осы тұрғын үйді басқарушы компания өкілдерін шақырып, мәселені сол жерде шешуді тапсырды.

Сондай-ақ әкім биыл әлеуметтік кезекте тұрған 6 мыңдай тұрғынға жаңа пәтер берілетінін айтты. Оның 200-і мамыр айында табысталады.

Жабық паркинг мәселесі де аудан тұрғындарының назарынан тыс қалмады.

Қала әкімінің айтуынша, Астанада көптеген тұрғын үй ішкі паркингсіз салынған. Биылдан бастап жапсарлас салынған паркингі жоқ кез келген көппәтерлі, көпқабатты үйдің құрылысына рұқсат берілмейді. Егер жабық паркинг қарастырылмаған болса, мұндай үйлер биылдан бастап салынбайды.

– Инженерлік инфрақұрылым құрылысына тоқталар болсам, биыл да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне қатысты бірқатар нысанның құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар қалаға жылу, су, электр және т. б. бойынша қосымша күш береді, – деді Ж.Қасымбек.

4 мектеп салынып жатыр

Астанада жыл сайын 25 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды. Есіл ауданы тұрғындарының саны да жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан аталмыш ауданға жаңа мектептер қажет. Аудан тұрғындарының тағы бір тілегі осыған саяды.

Жеңіс Қасымбек алдағы үш жылда елордада 40 мектеп салу жоспарда бар екенін мәлімдеді.

«Қазір біз 14 мектеп салып жатырмыз. Оның 11-ін биыл аяқтаймыз. Есіл ауданында 4 мектеп тұрғызылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 90 мың оқушы орнына екі ауысымда оқуға арналған тағы 24 мектепті жобалауды бастаймыз. Олардың 15-і Есіл және Нұра аудандарында салынады» деді қала басшысы.

Астананы абаттандыру жалғасады

Есіл ауданының аумағын абаттандыру мәселесі тұрғындарды ерекше алаңдатады екен. Әсіресе қала халқының өсуіне байланысты туындаған проблема көп. Солардың бірі – кейбір тұрғын үй кешенінің алдында тізілген көліктен аяқ алып жүрудің қиындығы. Тұрғындар көліктің көптігінен кейде балалардың ойнайтын жер таппай қиналатынын айтты. Осыған байланысты бір тұрғын қала басшысына желілік саябақ мәселесі бойынша сұрақ қойып, «Абу-Даби Плаза» сауда, ойын-сауық орталығы ауданындағы аумақтың қашан абаттандырылатынын сұрады. Сондай-ақ оны осы учаскеде жаңа тұрғын үй кешендері салына ма деген сұрақ мазалады.

– Саябақ нақты салынады, онда тұрғын үй болмайды. Ботаникалық баққа дейін толығымен желілік саябақ салынады. Қазір жоба дайындалуда. Биыл құрылыс барактарынан құрылысшылар шығарылады, жыл соңына дейін олар толығымен барактарды босатады деп жоспарлап отырмыз. Жоба дайындалу үстінде, келесі жылы желілік саябақтың құрылысын бастаймыз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Жалпы бас жоспар бойынша бұл жерге желілік саябақ салынады. Сондықтан елорда әкімі «Абу-Даби Плаза» СОО мен Ботаникалық бақ арасында тұрғын үй салынбайтынын жеткізді. Ал саябақтың құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Көпбалалылар қолдаусыз қалмайды

Астана қаласы әкімінің Есіл ауданы тұрғындарымен кездесуіне көпбалалы аналар да көп келді. Олар шаһар басшысынан бағаның қымбаттауына байланысты митинг өткізуге рұқсат сұрады.

– Біз 29 сәуірде «Отан-ана» монументінің алдында митинг өткізгіміз келеді. Дұрыс түсініңіз, біздің мақсатымыз қирату-бұзу емес. Астана біздің қаламыз ғой. Біз өз қаламызда митинг өткізуге рұқсат сұраймыз, – деді көпбалалы аналар атынан сөз алған тұрғын.

Бұған жауап ретінде әкім көпбалалы аналар үшін митинг өткізуге шектеу жоқ екенін айтты.

«Бір ай бұрын көпбалалы аналар митинг ұйымдастырғаны есімде. Күн сайын осындай митинг өткізуге өтінімдер келеді. Егер бос жерлер болса, ешқандай проблема болмас еді. Біз митинг өткізуге рұқсат бере аламыз» деді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ Шұбар шағын ауданының болашағына алаңдаған көпшілік алдағы уақытта бұл маңда қандай өзгеріс болатынын сұрады. Олардың бірі бүгінде Шұбар шағын ауданын ысыруға дайындап жатқанын, сондықтан газдандыру кешігіп жатыр деген қауесеттің барын алға тартты. Бұған жауап ретінде Жеңіс Қасымбек мұндай қауесеттерді негізсіз деп атады.

«Біз биыл жобаны аяқтадық, газдандыру сараптамасын алдық. Егер ысыру жұмысы жоспарланған болса, біз мұндай іс-шараларды жүргізбес едік, себебі бұл – бюджет ақшасы. Біз Шұбар шағын ауданын газдандырамыз. Мұны мен сізге нақты айтамын. Сонымен қатар біз осы шағын аудандағы кәріз және орталық су мәселесімен де айналысамыз» деді әкім.

Бұған дейін жергілікті билікке бірнеше рет жүгінгенін айтып, қатқылдау үнмен сөз бастаған елордалық әйел өзін алты баланың анасымын деп таныстырды.

– Менің барлық балам тірі, бірақ әлі күнге дейін мен «Күміс алқа» төсбелгісін ала алмай келемін. Маған ай сайын 22 мың теңге көлемінде төлем төленіп тұрса, бұл ақшаға мен өзімнің несиелерімнің бірін жабар едім. Бұл төсбелгі маған не себепті берілмей келеді?! – деді аудан тұрғыны.

Жеңіс Қасымбек қала әкімдігі қызметкерлерінің ол азаматшаға «Күміс алқа» төсбелгісін беру үшін Президент Әкімшілігіне үш рет өтініш бергенін, алайда оған үш ретте де бас тартылғанын, өйткені оның айыппұл бойынша өтелмеген берешегі бар екенін жеткізді. Елорда әкімі алты баланың болуы мұндай құрметті атақ беруге негіз болып табылмайтынын, әкімшілік әрбір өтінімді жеке тәртіппен қарайтынын түсіндірді.

Кездесу барысында Есіл ауданының бір тұрғыны қала әкіміне ұлттық ойындарды, атап айтқанда, асық ойындарын дамыту үшін қаржыландыруды ұлғайту туралы өтінішін айта келе, бұл ойынды Еуропада ойнау деңгейіне жеткізу туралы пікірін ортаға салды. Осыған орай, елорда басшысы ұлттық ойындарды әлемдік аренада қалай ілгерілету туралы нақты ұсыныстар болса, қарастыруға дайын екенін ескертті.

Көтерілген барлық мәселе бойынша қала әкімі жауапты мекеме басшыларымен бірлесіп оларды орындау кестесін жасайтын болды.

– Орын алған проблемалардың бір бөлігін биыл шешеміз, ал қалған бөлігін орындауды келесі жылға жоспарлаймыз. Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты негізде өткізіледі. Келешекте елордадан сырт орналасқан елді мекендер тұрғындарымен де кездесеміз, – деді әкім.

Жұртшылықпен жүздесуді қорытындылай келе, Жеңіс Қасымбек алдағы уақытта да тұрғындар тарапынан келіп түсетін сұрақтардың әрқайсысына жеке-жеке жауап бере отырып, өзекті мәселелерді бақылауға алатынын және апта сайын азаматтарды қабылдауды жалғастыратынын жеткізді..

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button