Қала тіршілігі

Тұрғындар тілегіне назар салды

Кеше елорда әкімдігінің жанындағы «Астана» концерт залында қала тұрғындарын қабылдау күні өтті. Бұл жиынның ерекшелігі сол, кез келген азамат кіріп, көкейінде жүрген сауалдарына жауап ала алды.

Аудан әкімдіктері, түрлі бас­қармалар мен ұйымдардың өкілдері қатысқан іс-шарада бір­неше мекеменің мүшелеріне жүгініп, өз сауалдарымызды қойдық.
Жақында бес баласынан бір түнде айырылып, қара жа­мыл­ған отбасының жайы бүкіл Қазақстанды жылатты. Осы мақсатта қазір қандай шаралар қолданып жатқаны көпшілікті қызықтырғаны анық. Осыны білмек мақсатында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті жайғасқан орынға қарай аяңдадық.
– Шынын айту керек, біз жос­пармен жұмыс істеп келеміз. Әрбір жылу беру маусымында, одан бөлек күнара тұрғын үй секторларын аралап, тексеріп шығу назардан тыс қалған емес. Ал жақында көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларға қауіпсіздік мақсатында улы газды анықтайтын құрылғы орнату басталды. Бүгінге дейін 23 датчик орнатылса, әлі оның 90-ын орнату жоспарда бар, – дейді аталған департаменттің алдын алу бөлімінің аға инженері Бекболат Оразханұлы.

«Байқоңырдағы» балабақша жайы

Осыдан кейін Байқоңыр ауданы әкімдігінің мүшелері орналасқан орынға қарай жа­қындап, балабақша жайын қозғадық. Белгілі болғандай, былтыр ғана құрылған жаңа ауданда бас-аяғы 18 мемлекеттік балабақша болса, оның 6-уы жөндеу жұмыстарын жүргізуді талап етеді екен. Күзге дейін екеуі жаңғыртылмақ. Алайда мемлекеттік балабақша ашу биылғы жоспарда жоқ көрінеді. Есесіне бұл мәселе аудандағы 13 жекеменшік балабақша ар­қылы реттеліп жатыр екен.

Қоршаған ортаны қорғау

Елордадағы көрікті жерлердің бірі – Ақбұлақ өзені жаздыгүні бақаның көлшігіндей жап-жасыл болатын сәттері жиі кездеседі. Мұның сырын білмек мақсатында Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қызметкерлеріне жүгінген едік, бұл Ақбұлақтың кей тұстары таязданып, асты балдыр мен топыраққа толып кеткеннен күн ыстықта болады екен. Бұл мәселе қазір пысықталып, сметалық құжаттары әзірленіпті. Тиісті қаржы бөлінсе, биылдан бастап тұрақты тазалау жұмыс­тары қолға алынады.
Бұдан бөлек, қаладағы ағаш жайы да қозғалды. Мәселен, қаланың көркін арттырып тұрған ағашты еш себепсіз кескені үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салынса, қосымша өтеуі ретінде 5 ағаш отырғызу міндеттеледі екен. Бұл біз қызықтырған сұ­рақтардың жауабы болды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button