Елорда тынысы

Тұрғындарды не толғандырады?

Брифингтегі кіріспе сөзі біткен соң Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек залға жиналған және онлайн қатысқан журналистер сұрақтарына жауап берді. Солардың арасынан бірқатар сұрақтар мен оған әкімнің жауабын ұсынамыз.

– Талдыкөл айналасында рекреациялық сая­бақтар салынады деген ақпарат болды. Ол бақтар қашан қолданысқа берілуі мүмкін?

– Талдыкөл бойынша тамыз айында Жоғарғы Соттың соңғы шешімі шықты. Үш учаскеде жұмыстарды жалғастырамыз. Бесінші учаске бойынша сіз айтқандай саябақтар салынады. Ол жұмыстарды біз келесі жылы құрылыс мерзімі  басталғанда жүргіземіз. Басқа № 7,9 учаскелерде абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүреді. Нақты барлық саябақтар 1-2 жылда салынып бітеді.

– Қаланың сол жағалауында көлік кептелісі мәселесі өткір. Осы мәселені шешу үшін ЛРТ салынып жатыр. Бірақ жалпы көлік кептелісін азайту үшін қаланың көліктік инфрақұрылымын қалай жоспарлап отырсыздар?

– Биыл Тәуелсіздік пен әл-Фараби көшелерін қосатын көпір салынды. Ол Мәңгілік ел көшесі бойынша кептелісті 15-20 пайызға азайтты. Келесі үлкен көпір «Radisson» қонақ үйі мен М.Нәрікбаев атындағы университет арасынан өтетін болады. Оның құрылысын екі жылда аяқтаймыз. Бұл көпір Қорғалжын мен Тұран даңғылдарындағы кептелісті азайтады. LRT жұмыстары биыл басталды, біздің жоспарымыз бойынша 2,5 жыл ішінде құрылыс аяқталады. Бұл көлік кептелісі мәселесін шешуге үлкен үлес қосады деп есептейміз. Сондай-ақ келесі жылы Қабанбай батыр даңғылына шығатын Тәуелсіздік даңғылының жалғасы салына бастайды. Ш.Айтматов көшесінің ашылуы Сығанақ көшесі мен Ұлы дала даңғылы арасындағы Тұран даңғылындағы көлік жүктемесін айтарлықтай төмендетті, бұл көлік жүктемесінің 12% төмендеуіне әкелді. Сонымен қатар шағын айналма жолдың құрылысы жүріп жатыр.

– Елордада балабақша тапшылығы бар, жеке инвесторлар балабақшалар салуда, бірақ олардың бағасы қымбатырақ. Бұл мәселе қалай шешіледі? Сондай-ақ қала автопарк­терін жаңарту мәселелері қалай шешілуде?

– Өткенде айтып кеткендей, 2017 жылдан бастап әкімшілік тарапынан балабақшалар салынған жоқ. Келесі жылдан бастап бұл бағдарламаны қайта бастаймыз. Жалпы алдағы 2-3 жылдың ішінде 60 мемлекеттік балабақша салынады. Қосымша жекеменшік балабақшалар да болады, 2024 жылы біздің жоспарға сай 10 балабақша ашылады. Соның 50 пайызы қала бюджеті арқылы, қалғаны жекеменшік негізде тұрғызылады. Автопаркті жаңарту бойынша биыл біз 400 автобус сатып алдық, оның 100-ін жекеменшік 5 автопарк, қалған 300 автобусты №1 коммуналдық автопарк сатып алды. Келесі жылы 6 автопарк 300 авто­бусты қосымша сатып алайын деп отыр.

– Оған байқау әлі жарияланған жоқ. Жобалау жұмыстары қыста аяқталады. Сараптама жұмыстарынан кейін ғана жобаны таныстыра аламыз. Алдын ала болжам бойынша стадион қыс пен күзде де бос тұрмауы үшін жабық манеж түрінде болады деп көзделуде, біздің ойымызша, жобаны бір жылда жүзеге асырамыз. Нысан апатты жағдайда деп танылған. Сондықтан оның қалай да сүрілетіні белгілі болған.

– Екі-үш айдан кейін көктем келеді. Арық, суағарлар мәселесі қалай шешіледі? Себебі жыл сайын «13 магистраль» маңы, Ш.Қалдаяқов көшесі бойынша көпірден түскен кездегі тұсы қар ерісе болды суға толатыны қайталана беретін жайт.

– Көктемге өзінің ережесіне сай дайындық жүргізілуде. Қазірден-ақ алдағы көктем басқаша болатынын көріп отыр­мыз, яғни су көбірек болатын шығар, сондықтан бұл дайындық та ерекше өтуде. Сіз айтқан көшелердің бәрі бақылауда. Биыл мәселен, Еуразия сауда үйі жанындағы Петров көшесінде, Б.Момышұлы көшесіндегі Оқушылар сарайының алдында қиындықтар туындады, осындай 20 шақты қауіпті жер бар.

– Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі қалай шешілуде?

– Астанада 2029 жылға дейін 206 апатты үйден 4 710 тұрғын үй иесін көшіру жоспарлануда. Алғашқы 3 апатты үйдің тұрғындары көшірілді. Жұмыс жалғасуда. Жыл басында жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам нысан болды. Қаланың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізу жұмыстары атқарылды. Шешімдердің 90 пайыздан астамы қала тұрғындарының пікірін ескере отырып қабылданды.

– Астанада халық саны жылдан жылға артуда, балалар да көп туылады. Осы ретте алдағы уақытта перзентхана жетіспеушілігі туындамай ма?

– Иә, қалада жылына 30-35 мың бала дүниеге келеді. Осы ретте біз 2 перзентхана салуды көздеп отырмыз. Оның біреуі «Самұрық-қазына» АҚ көмегімен салынады, Сарыарқа ауданында салынатын 250 орындық орталық жобасы дайын. Екіншісі де 250 орындық перзентхананы жеке инвесторлар көмегімен саламыз. Бұл перинаталды орталықтар алдағы 2-3 жылда салынып бітеді.

– Нұра ауданында мектеп жетіспеушілігі қатты байқалып тұр. Ауданды құрар алдында әкімдік неге осы мәселені қарастырмаған? Жалпы бұл ауданда келесі жылы қанша мектеп ашылады?

– Алдағы үш жылда елордада 80-нен астам мектеп ашылады деп жоспарладық. Оның 24-і жайлы мектептер болса, соның алтауы Нұра ауданынан ашылады. Одан бөлек, 17 жекеменшік мектеп салынуда. Биыл қала бюджетімен 11 мектеп салынды. Жергілікті бюджет есебімен 8 мектеп алдағы жылы бой көтереді. Осы мектептердің бәрі елордалық оқушыларды қамтуға жеткілікті болады.

– Қар биыл кеш түсті. Осы ретте қар күреуге байланысты қанша ақша үнемделді? Үнемделген ақша қайда жұмсалады?

– Бір жарым айдың ішінде 2,5 млрд теңгедей үнемдедік. Бұл қаражат бюджетте жетіспейтін мәселелерге, атап айтқанда, мектеп, балабақша, әлеуметтік нысандар салу жұмыстарына жұмсалады.

–  Елордада жұмыссыздықты азайту және өндірістік өнеркәсіпті дамыту мақсатында жаңа өндірістер, кәсіпорындар ашыла ма?

– Әрине, қазір елорда экономикасының негізін құрылыс құрайды. Кез келген жаңа астананың тарихы бастапқы 30 жылы солай болатынын көрсетеді, яғни құрылыс экономиканың негізгі үлесін алады. Дегенмен қала құрылымына көз жүгіртсек, 70 пайыздан астамын шағын және орта бизнес құрайды. Олардың да жартысы құрылыспен айналысады. Болашақта бұл құрылым өзгереді. Уақыт өте келе құрылыстың үлесі азайып, туризм мен өндіріс дамуы керек. Сондықтан біз осы бағытта инвестиция тартуға барлық қолайлы жағдайды жасауға тырысамыз. Соның ішінде өңдеу өндірісі болады. Жақында Мемлекет басшысы қаланың индустриалдық аймағына барып, сондағы 4 жаңа нысанды көрді. Ол нысандарда арнайы медициналық, мектепке арналған жиһаздар өндіріледі. Құрылыс материалдарын шығаратын зауыт та бар. Жаңа нысандар салынып, жыл сайын 10 мыңдаған жұмыс орындары дәл осы кәсіпорындардан құрылуда. Тағы бір индустриалдық аймақ салу жоспарлануда, жобалық сметалық құжаттары келесі жылдың соңына дейін аяқталады.

– Қаланың экологиялық жағдайына қатыс­ты жыл сайын жылыту маусымы басталған кезде шаһарды түтін басады. Көлік, ЖЭО сияқ­ты бұрынғы ластаушы көздерден басқа қаланы түтінге көметін көптеген қазандықтар бар. Әкімдік осы бағытта қандай жұмыстар жүргізеді?

– №1,2 ЖЭО және ЖЭО орталықтары біраз уақыттан бері көмірден газға көшкенін білесіздер. №3 ЖЭО ашылып, газбен жұмыс істеуде. Газ жылу стансалары да солай жұмыс істейді. Келесі жылы да газ жылыту стансалары салынады. 12 мыңнан астам абонент газға қосылу мүмкіндігіне ие. Жеке сектор бойынша солардың 10 мыңы газға қосылып үлгерді. Жалпы барлық орталық жылу көздері газға көшірілді. Ауаны негізінен, ластайтын солар еді.

– Әр жерде белең алған жабайы сауда нүктелерін реттеу жұмыстары жүргізіле ме?

– Заң бойынша жабайы сау­даға рұқсат етілмейді. Сондықтан мұндай нүктелер бойынша жұмыс жүргіземіз. Мәселен, қалада «Шапағат» коммуналдық базарының айналасында сондай орындар көп болған. Тұрғындар шағымданып, жабайы сауда орындары қаланың сәнін қашырып, қозғалысқа да кедергі келтіретінін айтқан. Ол жерлерге толықтай тротуар салынып, көгалдандырылып, 50 шақты саудагерді бірнеше базарға орналастырдық. Қазір ол жерде жабайы сауда орындары жоқ. Көпір айналасындағы және тағы басқа орындардағы сауданы тәртіп сақшылары бақылайды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button