Сұхбат

Тұрғындардың мәселелері ескерусіз қалмайды

Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов El-Orda YouTube арнасына арнайы сұхбат беріп, ауданның өзекті мәселелері бойынша тұрғындар сұрағына жауап берді. Сұхбат барысында тұрғындарға әкімдік тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектер мен ауданның инфрақұрылымдық даму мәселесі туралы айтылды.

[smartslider3 slider=409]

Байқоңыр ауданының ең басты үш мәселесін атап өтесіз бе?
– Байқоңыр ауданында мәселе өте көп. Біріншіден, қазір бізде инфрақұрылымды дамыту мәселесі тұр. Оны дамытуға барлығы кіреді. Бұл жерде абаттандыру, жолдарды жөндеу мәселелері қамтылады. Екіншіден, ескі үйлерді сүру мәселесі бар. Мұнда жекеменшік сектор көп орналасқан. Үшінші негізгі мәселе деп мүмкіндігі төмен отбасылардың жағдайын дұрыстауды айтсам болады.
Біз сіздердің Instagram-дағы парақшаларыңыздан өткен аптадағы тікелей эфирді көрген болатынбыз. Эфир ұзаққа созылды, тұрғындардың сұрақтары да көп болғандықтан, барлығына түгелдей жауап беріп үлгермедіңіз. Жалпы тұрғындармен кері байланыс қалай?
– Біздің ауданда 240 мың адам тұрады. Олардың барлығымен кері байланыс жасау мүмкін емес. Бірақ жыл басынан бері әлеуметтік желілер және телефон арқылы 18 мың сұрақ түсті. Одан бөлек, жұма сайын менің орынбасарларым және айына бір рет өзім тікелей эфирге шығып отырамыз. Сонда тұрғындар сауалдарын қояды. Әрине, әрбір сұрақты бақылауға аламыз. Соңғы тікелей эфирде 50-ден астам сұрақ қойылды. Оның әрбіріне жоспар бекітілді. Ол жерде кейбір сұрақтар объективті түрде қойылады. Кейбіреулер «Неге сіздер бізге жауап бермейсіздер?» деп жатады. Сондай-ақ мына көшеде мынадай жол, мынадай аула жасалуы керек өтініштер сұрақтар келіп жатады. Бір уақытта бәрін шешу мүмкін емес. Бірақ жоспар бойынша біртіндеп орындалып жатыр. «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындары өте белсенді, күніне 100 сұрақ қояды. Оның бәріне жауап беру қиын. Бірақ олармен кездескен кезде бәріне жауап беруге тырысамыз.
Ауданда әлеуметтік қолдауға мұқтаж, қиын жағдайға тап болған азаматтар бар. Оларға әкімдік тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
– Әрине, аты жаңа болғанмен, бұрыннан қалыптасқан аудан болғаннан кейін әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар бізде бар. Оның бәрін бақылауда ұстап отырамыз. Мәселен, кеше де маған 2 адам келіп кетті. Жағдайымыз жеткенше көмектесіп жатырмыз. Кейбіріне көмірін, енді біріне тамағын жеткізіп береміз. Оның барлығына әкімдіктің бюджетінен қаражат жоқ. Бірақ демеушілер бар, соларға айтамыз. Бүгінде 600-ден астам адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Мен мына жерде біреуге тамақ апарып бердім, біреуге көмір апарып бердім деп айту дұрыс болмайды деп ойлаймын. Жағдайы өте төмен азаматтар болса, біздің әкімдікке немесе әлеуметтік желідегі парақшамызға жазатын болса, көмектесуге әрқашан дайынбыз.
Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда тұрғындар «Ескі үйлер қашан сүріледідеген сұрақ қойыпты. Мәселен, Асан қайғы, Сырдария, Жангелдин көшелеріндегі тұрғын үйлерді сүру бойынша қандай жоспарларыңыз бар?
– Аудан әкімі ретінде Байқоңыр ауданының ескі бөлігінің сүрілгенін, жаңа инфрақұрылымның жасалғанын қалаймын. Бірақ қажеттілік пен қаржыландыру мәселесі бар. Біріншіден, Асан қайғы көшесі бойынша көшені кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол көшені сүруге 7,5 миллиард теңге қажет. Бір уақытта бәрін сүру мүмкін емес. Қазір 60 үй сүріліп, осы бағыттағы жұмыстар жүзеге асып жатыр. Егер Жангелдин көшесін айтсақ, ол үйлерді сүретін инвесторлар болуы керек. Мәселен, биыл «Өндіріс» тұрғын алабындағы 10 үйді бюджет қаражаты арқылы сүрдік.

[smartslider3 slider=981]

Жасұлан деген азамат «Лесозавод» жақтағы көпір қашан салынатынын сұраған еді. Осы жөнінде не айтасыз?
– Қазір бір ретте салып тастау мүмкін емес. Неге десеңіз, ол жерде де сүрілетін 40-тан астам коммерциялық нысан бар. Ол қыруар қаражатты талап етеді. Бүгінде 13 үйді сүріп біттік. Әрі қарай да сүру жұмыстары жалғасып біткеннен кейін көпір құрылысы басталады. Бас жоспарда бұл мәселе бар, алдағы уақытта орындалады.
Байқоңыр ауданында жер үй көп. Қыста қар тазалау жұмыстары өзекті. Қазір оған дайынсыздар ма?
– Нысандардың бәрін аралап көрдім. Қар тазалау жұмыстары бойынша 13 мердігер ұйым бар. Онда 260-тай техникамыз бен қажетті материалдарымыз дайын тұр деуге болады. Жекеменшік үй, көпқабатты үй айналасындағы қарды тазалауға толық дайынбыз.
– «Кирпичный» тұрғын алабындағы тұрғындарға мектеп, газ, орталықтандырылған канализация қажет екен. Осы мәселелер қашан өз шешімін табады?
– Мен «Кирпичный» тұрғын алабының тұрғындарына ризамын. Олай дейтін себебім, олардың белсенділігінің арқасында көптеген мәселелер реттеліп жатыр. Біріншіден, денсаулық сақтау нысандары бойынша осы жылы күрделі жөндеу жұмысы жасалуда. Екіншіден, жолдарды асфальттау бойынша да жақсы жұмыс істедік. Дегенмен асфальттайтын 3 көше қалды. Сонымен қатар «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы балалар ойнайтын үлкен алаң жасадық. Келесі жылы үлкен мектеп салатын боламыз. Ал газдандыру мәселесіне келсем, оны 2023 жылы қосуды жоспарлап отырмыз.
Сосын ауданның шеткі аймақтарында көктем мезгілінде кей көшелерінде жол болмаған соң су жиналып, батпақ болып жатады. Жолдар толықтай қашан реттеледі? Соның ішінде Иманов көшесі, «Жастар» шағын ауданы арқылы өту мүмкін емес. Осы мәселелерге байланысты қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
– Осыдан 2 жыл бұрын су жиналатын 16 жер болатын. Егер қаланың орталығынан бастасақ, Амангелді Иманов, Шоқан Уәлиханов көшелерінде, шынына келгенде, өзіміз де жүре алмайтынбыз. Қазір Александр Бараев көшесінде нөсер кәрізі жасалды. Онымен барлығы тазаланып, жылдың соңына дейін Энергетика басқармасы аяқтаса, бұл проблема шешіледі. Қазір 80 пайызға шешілді. Шеткі аймақтарға келер болсам, онда кәріз суларын алып кететін құбыр жоқ. Бірақ аудан бюджетімен тиісті арықтарды салу жұмыс­тарын бастап кеттік. Өткен жылы 4, биыл 6 арық салдық. Енді қазір су ең көп жиналатын 4 жер қалып отыр.
– Аудандағы ескі базар қала орталығынан әлдеқашан көшірілген болса да, Уәлиханов көшесінің бойы әлі де «жабайы сауданың» ошағы болып отыр. Әрине, ол жерге жетіскеннен келіп сауда жасап жүрген адам жоқ қой. Осы мәселенің нақты бір шешімі бар ма?
– Сұрағыңыз орынды. Бір күнде бұл мәселені шешіп тастаймыз деп айта алмаймын. Ол жерде бір жағынан инфрақұрылымдық, екінші жағынан әлеуметтік жағдай тұр. Негізі, ол жерде жекеменшік үйлер болуы керек еді. Бірақ адамдар өздерінің сауда жасайтын орындарын ашып, жұмыстарын істеп жатыр. Мұның барлығы, негізінен, заңсыз. Қазір бәрін қуа бастасақ, ол адамдарды қайда жібереміз?.. Осы арқылы нанын тауып отыр емес пе?! Әрине, біз қазір бұл жағдай бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біріншіден, сол Уәлиханов көшесінің бойындағы базарда 110 киловаттық ток желісі жүргізілетін жоба бар. Соны жүзеге асырған кезде бұл жақтың көбі сүрілуге кетеді. Сол бойынша тиісті құжаттарды дайындадық, келер жылы сүруге қоямыз. Сосын онда тұрған адамдарды басқа базарға көшіруге тырысамыз. Сонымен бұл шаруаны шешетін боламыз.
 
Сұхбаттасқан
Назерке ЕРКІНҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button