Басты ақпарат

Туристерге тартымды қала

Елорданың туристік әлеуеті артып келе жатыр. Нұр-Сұлтан – туристерге тартымды қала. Бас қаланың ширек ғасырлық тарихында «Бәйтерек», «Хан шатыр», «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы, «Астана Опера» театры, басқа да мәдени және спорттық көптеген бірегей нысандар бой көтерді. Алда да тиісті жұмыстар жалғасып, туризм өркендейді. Осы жылдың басынан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынды.   

[smartslider3 slider=2127]

Сейсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмырзаевтың төрағалығымен елорданың туризм саласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Оған қаланың қонақ үй бизнесінің өкілдері, ішкі және сыртқы туризм нарығында жұмыс істейтін туроператорлар, қолөнершілер мен туристік қауымдастықтар қатысты.

Кездесуге қатысушылар туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа шараларын талқылады.

– Туристік сала – әлемдегі ең перспективалы салалардың бірі. Сондықтан бүгінгі таңда біздің барлық күш-жігеріміз туристік сегментті белсенді дамытуға және ілгерілетуге бағытталған. Әрбір адамға өз ойын білдіруге, өзекті проблемаларды көтеруге және біздің екіжақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуға белсенді атсалысуға мүмкіндік бергіміз келеді. Пандемия туризм саласына да зиян келтіргені белгілі. Осы саладағы бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу барысында біз мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы айтып, туризмді дамытуды ынталандыратын тетіктерді талқыладық, – деді Ерлан Бекмырзаев.

Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Айдос Сәкеновтің айтуынша, 2021 жылғы 30 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ­Тоқаев өзгерістер мен түзетулер енгізілген «Туристік қызмет туралы» заңға қол қойған. Оның аясында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдаудың жеті шарасы іске қосылды.

– Түзетулер аясында «Кидс гоу фри» бағдарламасын іске қосу жоспарлануда. Бұған турпакет аясында балалардың ұшақпен тегін ұшуы, туризм маршруттарында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауға субсидия бөлу, автобустарды сатып алу кезіндегі шығындарды өтеу кіреді. Яғни, туроператор, турагент, гид-экскурсовод сатып алған автобустың шығындарының 25 пайызын өтейміз. Бұл шаралардың барлығы тікелей ішкі туризмді дамытуға, ел тұрғындарының өзімізде демалуына мүмкіндік жасауға бағытталған, – деді Айдос Сәкенов.

Туризм саласындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқарушы органдар 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап шаруашылық жүргізуші субъектілер шығыстарының бір бөлігін өтеу үшін мынадай мемлекеттік қолдау шараларын іске асыратын болады:

1) туристік қызмет объектілерін салу, қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (объектілерді салуға және (немесе) қайта жаңартуға арналған шығындар құнының 10%);

2) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан);

3) кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигие­налық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау (субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 (сексен үш мың үш жүз) теңге мөлшерінде);

4) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (автокөлік құралдары құнының 25%-ын құрайды).

Туризм саласындағы мәселелер бойынша қосымша ақпарат алу үшін мына телефондарға хабарласуға болады: 55-14-89, 55-04-38.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button