ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Туризм елді түлетеді

 Кеше Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлік қызмет пен туризм саласында астаналық журналистердің біліктілігін арттыру мақсатында «Advert Optimus» ЖШС ­семинар ұйымдастырды.

Жиынға «Kazakh Tourizm» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Темір Дүйсенғалиев пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызмет көрсету саласы департаменті директорының орынбасары Қарлығаш Алтаева, тележүргізуші Қанат Әуесбай және бизнес саласындағы сарапшылар, БАҚ өкілдері қатысты.
Семинар барысында ішкі және сырт­қы туризмнің қазіргі хал-ахуалы, аталмыш саладағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қандай жұмыстардың жасалып жатқаны сөз болды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мамандарының мәліметінше, бір жылдың ішінде Астанадағы 1400 стартап бизнес курсынан өткен. Осының арқасында сертификатқа ие болғандардың 70 пайызы қызмет көрсету саласы бойынша жеке кәсіптерін ашқан. Ал өз кезегінде Темір Дүйсенғалиев Қазақстанның туризм саласында кенже қалып жатқан тұстары көп екенін жасыр­мады.
– Елімізде туризм саласына маман дайындайтын 60-тан аса оқу орны бар. Жылына 2 мыңнан аса жас маман бітіріп шығады. Бірақ олардың арасында бұл салада жұмыс істейтіндері некен-саяқ. Мысалы, туризмі дамыған елдерде студенттер 6 ай сабақ оқыса, 6 ай өндірістік тәжірибеден өтіп, жалақыға жұмыс істейді. Бірақ, өкінішке қарай, бізің елде ондай жүйе жоқ. Шынын айт­қанда, бізде маман дайындау деңгейі төмен. Жалпы, алдағы уақытта мемлекеттік қызметкерлердің барлығын гид қызметінің курсынан өткізу керек, – деді ол.
Оның айтуынша, әлемдегі туризм саласы дамыған елдердің бірі – Испания. Бұл елге жылына 82 млн турист баратын көрінеді. Алайда испан елінің тарихы мен географиялық жағдайын жаһан жұрты жақсы білсе де, аталмыш мемлекет туризмін дамыту үшін маркетинг жұмысына жылына миллиондаған еуро бөледі екен.
– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі картасы – 100 киелі нысан» белгіленген болатын. Енді ел тұрғындарын осы киелі орындарды аралауға шақырамыз, – деді Т.Дүйсенғалиев тағы бір сөзінде. Семинар соңында БАҚ өкілдеріне арнайы сертификаттар табыс етілді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button