Туризмді дамытуға арналған көрме
Тұңғыш Президент мерекесі аясында ҚР Ұлттық мұражайында туризмді дамыту мақсатында «Орал: Қазақстанның Батыс қақпасы» фотокөрмесі ашылды.Батыс Қазақстан аймағында туризмнің даму мүмкіндіктерін көрсету; перспективті туристік маршруттарды кеңінен насихаттау; туристік бағыттарды жаңарту; туристік әлеуетті зерттеуді мақсат еткен «Арайлы Ақжайық» экспедициясы өткізілген болатын. ҚР Ұлттық мұражайында экспедиция кезінде түсірілген және таңдап алынған 30 фотосурет қойылған, «Арайлы Ақжайық» экспедициясының фотосуреттері мен мақалалар «National Geographic Kazakhstan» және Ресейдегі «National geographic» журналдарында жарияланды. Еліміздің солтүстік-батысында орналасқан, жалпы аумағы 151,3 мың шақырым құрайтын Батыс Қазақстан облысы өзінің жағырапиялық орналасуы жағынан туризмді дамытуға аса қолайлы өңір болып табылады. Облыс Қазақстанның Атырау және Ақтөбе облыстарымен, Ресей Федерациясының Саратов, Волгоград, Орынбор, Самара, Астрахань секілді бес бірдей губерниясымен шекаралас жатыр. Сондай-ақ Орал қаласы аумағындағы Жайық өзені Еуропа мен Азия құрлықтарын екіге бөліп тұр. Сондықтан, Батыс Қазақстанды Еуразия кіндігіндегі облыс деп нық сеніммен айтуға болады.