ЖаңалықтарТуризм

Туризмге тұсау салған не?

«Ақмолатурист» акционерлік қоғамы – қалалық туризм нарығында ойып орын алған, аты мәлім компания. Кезінде туризм мен экскурсия бойынша облыстық кеңес болып құрылған мекеме қазіргі уақытта мемлекеттік саясатқа сәйкес ішкі туризмді дамытуға ат салысып жүр. «Ақмолатуристтің» директоры Владимир Жуковпен кездесіп, ішкі туризм мәселелері мен оны дамыту жолдарына қатысты ойларын білген едік.

Саяхаттағы сүрлеу

Туризм қызметінде экскурсияның орны бөлек. Бұл, әсіресе, күннен күнге келбеті өзгеріп, көркейіп келе жатқан елордамыз үшін аса маңызды. Сәті келгенде, Астана қаласының экскурсиялық сүрлеуінің кемшін тұстарына тоқталып өтейін.

Біріншіден, экскурсияның сапасы жақсы болуы үшін серуенбасылар қаладағы сәулетті ғимараттардың, мәдени-тарихи ескерткіштердің тарихына қатысты толыққанды ақпараттарды жетік білуі тиіс. Олар саяхатшыларға қаланың кешегісі мен бүгінгісіне шолу жасап, болашақ бейнесі жайындағы ақпараттарды жеткізуі керек. Өлкетанушылардан бөлек, қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институты өкілдерімен экскурсоводтарымыз жиі кездесіп, оқу-тәжірибелік семинарлар, тренингтер өткізіп, ақпарат алысқаны абзал. Мұндай кездесулер басқа да өнер және мәдениет, спорт кешендерінің әкімшілігімен де болып, сәулет өнерінің туындыларын барлық қырынан танытатын мәліметтерімен қамтамасыз етілгені жөн. Астананың жауһары «Астана-опера» мемлекеттік опера және балет театры ғимаратын аралау да қалыптасқан саяхат сүрлеуіне жаңа өң беріп, түрлендірер еді.

Соңғы кезде елорданың туризм нарығында жағымсыз үрдіс қалыптасып келе жатыр. Кейбір туристік фирмалар корпоративтік әдептен айырылып барады. Олар сапалы қызмет ұсынатын компанияларды айналып өтіп, біліктілігі күмәнді жеке серуенбасылардың қызметіне жүгінеді. Әрине, олардың қалтасына түскен ақша есептелмейді, соған сәйкес салық төлемдері мемлекет қазынасына түспейді. Ендігі жерде бақылаушы органдардың талабы артуы тиіс, яғни ел астанасын аралағанда саяхатшы атүсті сапасыз атқарылған ақпаратпен шектелмеуі тиіс. Бұл елорданың имиджіне де нұқсан келтіреді.

Қаланың имиджі дегеннен шығады, туристерді қала ішінде аралататын көлік сапасы да күрделі мәселелердің бірі. Қала қонақтарын кейбір туристік фирмалар дауыс күшейткіш құралы жоқ, желдетілмейтін, шілдеде ыстық, қыста суық көне автобуспен алып жүруге арланбайды.

Ұйымдастыру шаралары ұтымсыз

Ал өңірдегі туризм саласын дамытудың бір шарты туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, талғамға сай қызмет көрсетілуі керек. Туризм қызметінің енді бір түрлеріне түсетін табысына қоса, оның өскелең ұрпаққа берер тәрбиесіне, рухани арқауларына да мән берген жөн. Біздің білетініміз, жастар өткені мен бүгінге қызығушылығын тоқтатқан емес. Өлкеміздің тарихи орындарына саяхаттар – жасөспірімдерді қанаттандыратын игілікті іс. Алайда, көп ретте олардың асыл арманының орындалуына ересектердің бейжайлығы кедергі келтіріп жатады.

Мектептерде, жоғары оқу орындарының, кәсіптік техникалық білім беретін колледж жетекшілері ізгі шараларды ұйымдастырудың қарапайым мәселелерін шешуге құлықты емес. Бар мәселе қаржыға тірелмейтіндей, ең алдымен жергілікті жерлерде жас туристердің топтарын жасақтап, бастап алып келу ғана тұр. Міне, жастар мен оқушылар арасындағы туризмнің кемшін дамуының бір себебін осыдан көремін. Егер ынта болса, мұндай жұмысты жандандырып жіберетін әдіс те, амал да жеткілікті. Түйінді сұрақтың бір шешімі темір жол билеттерін брондауда жатыр. Алдына ала 45 күн бұрын, билет алушының атын атап, түсін түстеп, әр балаға ата-анасының сенім хаты талап етілетін бұл тәртіп топ болып Астананы көргісі келгендердің алдынан арқан кергенмен бірдей. Темір жол қызметкерлерінің бұл іске салғырт қарауы дұрыс емес. Ендігі жерде вагондардың арнайы жасақталуы қаперде болуы керек. Вагондар балалардың жолсапар жасауына қолайсыз. Олардың жолда өтетін уақытын ұйымдастыру шаралары жоққа тән, ал карта ойнап, «сотканы» ермек ету, балалардың білімін арттырып, көңілін көтеріп, демалысын әсерлі өткізуге септігі аз болатыны белгілі.

Экологиялық туризмнің ерекшелігі

Байтақ өлкеміздің көз тартар сұлулығына, пайдалы қазбаларына қарамастан экологиялық туризм өз деңгейінде дами алмай отыр. Саяхатшыларын күтіп тұрған көрікті жерлер облысымызда да көптеп саналады. Соның бірі – қаладан 130 шақырымда жатқан Қорғалжын мемлекеттік қорығы. Бұл – Қазақстанда ғана емес, Еуразиялық кеңістікте баға жетпес табиғи байлығымыз әрі орнитологтар мен қоршаған ортаның жанашырларына таптырмайтын аймақ.

Қорғалжын кентінде қорықтың жануарлар мен құстар әлемінен хабардар ететін табиғат мұражайы жұмыс істейді. Алайда, қорық іргеде жатса да «жеткізіп» болмайды. Қаладан қырық қадам шыққаннан кейін, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жол күзеті қызметінің өкілі жол бастап жүруі керек. Бірақ, аталмыш қызметтен қолдау таппай, көптеген туристік фирмалар алыс жерге жолаушыларды алып баруға тәуекел етпей отыр. Бұған қоса, жол бойында аз-кем аялдап, сусын ішіп, аяқ суытудың жағдайы жасалмаған. Қорыққа жеткен бетте де туристердің жағдайын жасау қарастырылмаған.

Жаңа Астанаға көршілес республикалардан саяхатшылар ағылып келіп жатады. Ресей мен Қазақстан шекарасындағы бақылау тәртібі ел туризмінің көсегесін көгертеді деп ойлай алмаймын. Автобус толы жолаушылар ұзын-сонар кезекті күтуге мәжбүр. Жол бойында көлікті бөгеп, алтын уақытты ысырап қылатын кездері бар. Мүмкіндігінше, саяхатшылардың сапарын жеңілдетіп, қалаға шаршамай келіп, көтеріңкі көңілмен қайтқанын қарастырған жөн. Саяхатшылардың жөні бөлек дейтін себебіміз, кез келген ұйымдасқан туристердің қажетті құжаттарымен қамтамасыз етілген жетекшілері болады. Олардың көрсеткен қағаздарын місе тұтпай, ең азы елу адамның құжатын түгендеп болғанға дейін, тар жерде сағаттап қаңтарылу, демалыстың сәнін бұзатыны рас.
Бүгін Астананы аралап, қаланың керемет ғимараттарын тамашалап, еліне оралған әрбір турист тұрғылықты жеріне барғаннан соң алған әсерімен кемінде он адаммен бөлісіп, оның бесеуіне сол сүрлеуге сілтеп жіберетінін ұмытпайық. Туризмнің қарапайым есебі де осы жерде бас­талады.

Айгүл УАЙСОВА

СҮБЕЛІ СӨЗ

Владимир Жуков:

– Өлкетанушылардан бөлек, қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы, Астана қаласының Бас жоспары ғылыми зерттеу-жобалау институты өкілдерімен экскурсоводтарымыз жиі кездесіп, оқу-тәжірибелік семинарлар, тренингтер өткізіп, ақпарат алысқаны абзал. Мұндай кездесулер басқа да өнер және мәдениет, спорт кешендерінің әкімшілігімен де болып, сәулет өнерінің туындыларын барлық қырынан танытатын мәліметтерімен қамтамасыз етілгені жөн.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button