Мәдениет

Түркі әлемінің тарланы

«Астана» концерт залында КСРО халық әртісі, аса көрнекті композитор Кара Караевтың туғанына 100 жыл толуына арналған концерт өтті. Астана әкімдігі, «Түрксой» халықаралық ұйымы және Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының елшілігі бірлесіп ұйымдастырған кеште композитордың шығармалары орындалды. Концертке Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, «Түрксой» бас хатшысы Дүйсен Қасейінов қатысты.

Кара Караевтың шығармашылық мұрасы музыка өнерінің барлық жанрларын қамтиды. Композитор 3 опера, 3 симфония, 3 балет, камералық, аспаптық музыкаға арналған көптеген шығармаларды, кино мен театрға арналған туындыларды жазды. Астананың Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі музыкамен сүйемелдеген кеш көрермендері оның «Ләйлі-Мәжнүн» симфониялық поэмасын, «Найзағай соқпағымен» балетінен №2 сюитаны, «Вальс» туындысын, композиторды әлемдік деңгейде танытқан «Жеті сұлу» балетінен «Қас сұлу» шығармасын тыңдады. Оркестрге «Түрксой» ұйымы камералық оркестрінің мүшелері Мұстафа Мехмандаров пен Мұртаза Бұлбұл дирижерлік етті.
«Кара Караев» – жалғыз Әзербайжанның мақтанышы емес, біртұтас түркі әлемінің мақтанышы. Сондықтан биыл «Түрксой» композитордың жылын жариялап, ұйымға мүше елдердің бәрінде осындай концерттерді өткізіп жатырмыз. Бұған қоса, түркі дүниесінен тыс Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Еуропада өтті» деді Дүйсен Қасейінов.
Оны қостаған Ермек Аманшаев қала әкімдігі атынан осы концертті ұйымдас­тырушыларға алғыс айтып, «Түркс­ойдың» түркі әлемін насихаттаудағы еңбегін атап өтті. Кештің соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button