Мәдениет

Түркі әуендері тербеледі

Бас қалаға бауырлас түркі елдерінен өнерпаздарды жинап, елорданы ата-бабаларымыздың баяғы-бағзы заманнан бері даламызды тербетіп келе жатқан саз-әуеніне бөлеу дәстүрге айналды. «Астана-Арқау» түркі музыкасының фестивалі биыл кезекті мәрте шымылдығын түреді.

image-14-06-16-03-49-7

Астанада жыл сайын ұйымдастырылатын бұл фестиваль халықтың көңіл-күйін көтерумен қатар түркітілді әлемді дамытуға зор үлесін қосып келе жатыр. Мұны сеніммен айта аламыз. Күні кеше ғана Түркияның Ыстамбұл қаласынан сүйінші жаңалық келіп жетті. «Астана-Арқау» фестивалі Түркі әлеміндегі беделді «Қызыл алма» сыйлығымен марапатталыпты. Халықаралық сыйлық аталмыш фестивальді ұйымдастырушы «EL production company» серіктестігінің бас директоры Айгүл Бейсен­баеваға тапсырылды.

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп, осы уақыт ішінде түркі музыкасы өкілдерінің басын қосып үлгерген «Астана-Арқау» бүгінде түркі әлемі­нің дәстүрлі музыкасына ар­налған ең ірі фестивальге айналғанын айта кетейік. Соңғы он шақты жыл көлемінде фестивальге барша түркі халықтарының музыкалық дәстүрін насихаттаушы 500-ден аса музыкант пен ғалымдар қатысқан. Сондай-ақ, фестивальдің 10 жылдығына орай келесі жылы Түркі әлемі музыкасының антологиясын шыға­ру жоспарлануда.

Бұған дейін елордадағы түркі музыкасы мерекесіне еліміздің әнші-күйшілерімен қатар Түркіменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды мемлекеттердің өнерпаздары қатысып, Ресейдегі якут, хакас, тыва, алтай сынды бауырлас ұлттардың көмей әндері, Оңтүстік Сібір мен Орта Азия арасын мекендеген жұрттың эпикалық жырлары шырқалып, көнеден келе жатқан түркі аспаптарында орындалатын музыка ойналды.

Биыл тоғызыншы мәрте өтетін фестивальдің де қызығы көп. Оған қырыққа тарта өнерпаз қатысады. Астаналық көрермен және қала қонақтары үш күн бойы туысқан халықтардың музыкалық мәдениетімен жақынырақ танысып, сирек кездесетін, экзотикалық музыкалық аспаптардың үнін естуге мүмкіндік алады. Астана, Алматы, Талдықорған, Қарағанды, Семей, Орал, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда қалаларынан тамырын тереңнен тартатын музыканы насихаттап жүрген қазақ әнші-күйшілері елордаға келеді.

new_DG_1_kz

Атап айтсақ, домбыраның құлағында ойнайтын ҚР Мәдениет қайраткері Біләл Ысқақов, Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, Батыс музыка мектебінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Жанпейісова, жыршы, Сыр бойындағы жыраулық дәстүр тінін үзбей келе жатқан Ұлжан Байбосынова, сыбызғы аспабының үнін қайта жаңғыртқан Талғат Мұқыш, домбыра мен қобызды қатар меңгерген Саян Ақмолда, Жетісу әншілік мектебінің, соның ішінде Дәнеш мектебінен нәр алған әнші Нұржан Жанпейісов, Арқа әншілік мектебінің жалғасы, кешегі Шашубай, Әсеттердің жұрнағы Дәуренбек Әркенов, т.б. өнердің шашасына шаң жұқтырмайтын өкілдері елорданы ән-күйге бөлейді.

Биыл фестивальге бұрын бұл жобаға қатыспаған бірнеше түркі халықтарының өкілдері алғаш рет өнерін паш еткелі отыр. Олардың  қатарында бүгінгі күні мәдениеті құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған Ирандағы қашқайлар бар. Джадипур Мухаммед, Шамохаммади Самсам және Каримнежад Хусейн зурна, барабан, каранче, тар сынды аспаптардың сиқырлы үнін естіртеді. Қырғызстаннан манасшы  Доолотбек Сыдықов келеді. Сондай-ақ, ноғай, қырым татары, гагауз, саха, құмық ұлттарының өкілдері де бағлама, най, олонхосут сияқты халқымызға таңсық аспаптарды тыңдатады.

Фестиваль шілде айының 4-5 күндері «Астана Опера» театрының Камералық залында өтеді. «Астана-Арқау» 6 шілдеде «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық кешенінің жанындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелі өркениет фестивалінің сахнасында жабылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button