Басты ақпаратСаясат

Түркі мемлекеттері ұйымы құрылды

Кеше тұтас түркі жұрты ортақ мүддеге бірікті. Тарихы ортақ елдердің бауырластығы мен ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілді. Түркияның Ыстамбұл қаласындағы алқалы жиында түркі әлемін дамытуға серпін беретін жаңа шешімдер қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғаға «Түркі әлемінің дамуындағы жаңа кезең» деген баға берді.

[smartslider3 slider=859]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбанмен бірге Ыстамбұл қаласындағы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі хатшылығының жаңа кеңсесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары Түркі Кеңесінің VIII саммитіне қатысу үшін Ыстанбұлдың оңтүстік-шығысында орналасқан Демократия және бостандық аралына бет алды.

Саммитте алдымен Түркіменстанның Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіндегі бақылаушы мәртебесі талқыланды. Бұл ұйымға түркітілдес мемлекеттердің барлығын қамтуға мүмкіндік береді. Басқосудағы негізгі жаңалық – ұйымның атауын Түркі мемлекеттері ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Әріптес елдер мен бақылаушылардың мәртебесі нақтыланды.  Сондай-ақ бауырлас елдер «2040 тұжырымдамасын» бекітті. Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дайындалған бұл құжат 2040 жылға дейінгі ынтымақтастықтың негізін құрайды.

Алқалы жиында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқы үшін аса маңызды мәселеге тоқталып, қиын-қыстау замандарда қазаққа құшағын жайған түрік халқына алғыс айтып, осы елдің мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің рухына тағзым етті.

«Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» деген атаумен өткен саммитте ақылды қала жүйесінің Қазақстанда табысты жүзеге асырылғанына тоқталды. «Қазір әлем халқының саны 8 миллиардқа жуықтады. Оның 55 пайызы қалада тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2050 жылға қарай жер бетіндегі қала халқының үлесі 68 пайызға жетеді. Жыл өткен сайын қалалық жерде көрсетілетін қызметке сұраныс артып келеді. Жаһандық індет мұндай қызметті қашықтан жүргізуге болатынын көрсетті. Қазақстанда ақылды қала жүйесі енгізіліп, бірқатар жоба табысты жүзеге асырылуда. Соның арқасында жол-көлік оқиғалары мен апат салдарынан болатын өлім-жітім 60 пайызға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс саны 70 пайызға кеміді. Ал, салық түсімі бірнеше есе артты. Қазақстан Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаны қабылдады. Бұл жоба қалаларды басқару ісіне озық технология енгізуді көздейді. Ақылды қала жобалары аясында ІТ-компаниялардың ынтымақтастығын күшейте түсуіміз керек. Бұл біздің елдеріміздің экономикасын өркендетуге де септігін тигізері анық. Қазақстан ақылды қала жүйесін құру ісіндегі цифрлық жетістіктерін экспорттауға және тәжірибе бөлісуге дайын» деп мәлімдеді Президент.

Саммит соңында аталған ұйымның болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданды.

Мемлекет басшысы ұйымның алдағы жұмысы мен оның басым бағыттары туралы пікірін ортаға салды. Соның бірі – экологиялық түйткілдер. «Қазір дүние жүзі экологиялық түйткілдерді шешуге ерекше мән беруде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз. Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек. Қазақстанның көмірсутегі қоры мол. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық» деді Қ. Тоқаев.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button