Мәдениет

ТҮРКІ МУЗЫКАСЫ ТҮРЛЕНГЕН КҮН

түркі музыкасы

Астана мерекесіне орай биыл жетінші рет ұйымдастырылған «Астана-арқау» түркі музыкасының фестивалі үш күн бойы қала жұртшылығын ән мен жырға бөледі. Түбі бір түркі халықтарының өнер майталмандары бас қосқан бұл мәдениет мерекесі үш бөлімнен тұрды. Біріншісі «Табалдырық» деп аталса, екіншісіне «Төр» деген айдар тағылыпты. Ал үшіншісі «Шаңырақ» деген атаумен көрермен назарына ұсынылады.

Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Якутия, Алтай, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан және Қазақстан сынды он төрт елдің өнерпаздары қатысқан фес­тивальді Астана қаласы мәс­лихатының хатшысы Сансызбай Есілов сөз сөйлеп ашты. Көп­шілікті мерекемен құт­тық­­таған ол Астананың шын мә­нінде, тәуелсіз еліміздің мәң­гілік идеяларының ең басты тұ­ғырларының бірі екенін баса айтты. «Сондықтан елорда дегенде, ең алдымен оның тарихын емес, бас шаһардың дамуын, еліміздің бір тұтастығындағы рөлін айтамыз. Бұл ретте, Астана тойы қатардағы мереке емес, ел болып есейген мемлекетіміздегі көп жылғы ырыс пен берекенің әр жылғы өлшемі, ел еңбегінің нақты жемісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бүгінде көптеген игі істер жүзеге асырылды. Елорда күнінің дәстүрлі шараларының бірегейі – «Астана-арқау» – осынау жобаның жалғасы.

Қалың жұртшылық асыға күтетін мерекедегі бұл фестиваль түбі бір түркі халықтарының ұлттық музыкасын насихаттау­ды, жаңғыртуды, ұрпақ жадына сіңіруді көздейді. Бұл – туыс­қан ұлттардың арасын жақындастырып, ел болуға ұйыстыра түсетіні анық. Сонымен қатар, түркі халқының музыка мәдениетінің көкжиегін кеңейтеді. Әр ұлттың өзінен басқа ешкім еншілей алмас дү­ниесі – рухани құндылықтары. Біздің жан-жүрегімізге терең бойлап, рухымызды асқақтатып, арман биігіне қанат қақтыратын нәзік те алып күші – музыка. Осы орайда, сан ғасырлық тарихы бар біздің асыл мұрамыз жоғары деңгейде қастерлеуге лайық. Осындай бірегей музыканың бір мұрагері – Қазақ елі» деді мәслихат хатшысы С.Есілов.

Кешке келген қонақтар өзде­рінің ұлттық төл өнері мен ха­лықтық музыкасын паш етіп, тыңдарман қауымды тамсандырды. Түркі жұртының ән-күйінен шашу шашып, баба дәстүрін ардақтады. Биылғы фестивальге бұрын келмеген бірқатар түркі тектес елдерден де өнерпаздар қатысты. Ал Моңғолия мен Қалмақия елінің өкілдері түркі тілдес халыққа жатпағанымен, қонақ ретінде өнер көрсетті. Ал Қазақстан тарапынан дәс­түрлі әншілер мен қыл қобыз­шылар, сыбызғышылар және фольклорлық «Сазген сазы» ансамблі мерекенің көрігін қыздырады.

УЫЗ ЛЕБІЗ

Ықылас НҰРҒАЛИЕВ, «Сазген сазы» ансамблінің жетекшісі:

– Шеттен келген қонақтар «Сазген сазы» ансамблінің сүйе­мелдеуімен өздерінің бірнеше шығармаларын және қазақ өнеріне тиесілі туындыларды орындады. Түркі жұртының ұмыт бола бастаған аспаптар, ән-күйлер, жыр-термелерінің бәрі «Астана-арқау» арқылы қайта жаңғыруда. Мұны фестивальдің жетістігі деуге де болады. Тағы бір қуантатыны, осы бірегей кешке жыл санап қызығушылық та артып келеді. «Астана-арқаудың» көкжиегі кеңейе түсер уақыт әлі алда деп білемін.

Асхат Райқұл

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button