Мәдениет

ТҮРКІНІҢ БІР БҰТАҒЫ

Мариям Салахова  Ресейдің Кемер облысында туып-өскен. Орыс тілі мен әдебиетінің маманы. Ұлты шор. Осыдан он шақты жыл бұрын Астанаға көшіп келген болатын. Бүгінде бизнесін өрлеткен кәсіпкер. Шорлар деп аталатын, жер жүзінде бар-жоғы 16 мыңнан аспайтын сібір халқының жүзге тарта өкілі бүгінде елордада тұрып жатыр. Ат төбеліндей аз болса да, олар  ассамблея жұмысынан тысқары қалған емес.

Жыл сайын қала күні мерекесі аясында өтетін «Астана арқау» түркі музыкасының фестиваліне шор өнерпаздары белсене қатысуда. Көне түркі өнерінің бір түрі көмейден салатын әнді және үш ішекті қобызбен орындайтын эпостық жырларды алғаш рет астаналықтар шорлардың орындауында тыңдады.

«Өкінішке қарай, мол мәдени мұрамызды сақтай алсақ та, ана тілімізді ұмытқан халықпыз. Әлемдегі аз санды этностардың жұтылу процесіне бүгінгі жаһандану да ықпалын тигізуде. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Мұндай мәңгүрттікке ұшырағандар не өздерінің, не орыстың мәдениетін терең білмейді. Туған тілінің уызына жарымағандардың ұлттық діңгегі әлсіз келеді. Олар өздерінің дүбәралығынан қорынады. Ал, ұлттық құндылықтарын сақтаған отбасыларында дүниеге келген ұрпақтың негізі де мықты, өмірдің қиындықтарына төзімді келіп, өмірден орнын адаспай табады»  дейді көңілде жүрген ойларымен бөліскен Мариям апай.

Шорлар жайында алғашқы деректер 1604 жылғы орыс жазбаларында кездеседі. Онда батыс Сібірдің Том арналарында темірден түйін түйген татарлар тұратыны жазылған. Шорлардың ежелгі кәсібі жөнінде эпостық жырларда айтылады. Ыстық темірді қос қолымен илеп, жұдырығымен соққан Эрлик батыр туралы жыры – соның бір дәлелі.

ХVІІІ ғасырға дейін халықтың негізгі кәсібі болған темір қорыту ісі жойылып, оның орнына Сібір тайгаларынан аң аулау кәсібі пайда болған екен. Бұл күнде шорлар тұрмыс-тіршілігінің Ресейдің өзге халықтарынан ешқандай айырмашылығы байқалмайды. Салахова қинала шерткен мына бір сыр да әртүрлі ойларға жетелейді:

– Естуімше, Қазан революциясынан кейін шор халқының белді өкілдері жиналып, «тілімізге, жерімізге иелік беріңіз» деп Сталинге барған көрінеді. Бірақ, Мәскеуден ешқайсысы оралмапты. Осы оқиғадан кейін шорларды «орыстандыру» үрдісі қарқын ала бастаған. Шалғайдағы мекендерден жас балаларды орталықтардағы интернаттарға жинап, оқытыпты. Ата кәсібін нәсіп еткен аңшылардың олжаларын араққа алмастырып, моральдық құлдырауға жол беріпті. Мен де сол екпінмен орысша оқып, өз тілімді мансұқ еткен жанмын. Жасыратыны жоқ, орта жасқа жеткенге дейін жаратылысымның ерекшеліктеріне мән берген емеспін. Бұның бір жағынан тиімді тұстарын жоққа шығаруға болмайды. Аз санды этностардың үстем тілді меңгеріп, соның мәдениетіне бейімделудің жақсы жағы да бар. Адам өміріне қажетті ортақ игіліктерге теңдей қолың жетеді. Дегенмен де, ежелгі халықтың ана тілі түгіл, тұтас ұлттың жоқ болып кетуіне әрқайсымыздың тікелей қатысымыз барын ұмытпаған жөн.

 Былтыр Мариям Салахованың өмірінде есте қалар оқиға болды. Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті сессиясының жұмысында әдеттегідей төрге Қазақстан халықтарының өкілдері жайғасады. Түрлі этнос өкілдерінің арасында Мариям апай Кемер облысындағы туыстарынан арнайы алдырған ұлттық киімімен көзге түсті. Байыптап қарағанда, қазақтың ұлттық киіміне ұқсайды, қос етек, желбірлі жібек көйлек, қынама бел камзолы бар. Өзгешелік тек ою-өрнектерінде болар.

Осы сессиядан Мариямның алған әсері өзгеше. «Алтын бастауларынан ажырап, өз тілінде сөйлемейтін, ата-бабаларының мұрасын жадынан шығарған шор қызы үшін тағдырлы күн болды» деп еске алады. Түбі бір түркі халқының бір бөлшегі, қазақтың бір қарындасы екенімді осы жерге келгенде білдім. Жатсынбай, жатырқамай төріне отырғызған халықтың кеңдігіне ризамын.

Бұл Мариямның шын жүрегінен шыққан алғыс екенін ұқтым.

Сөз соңында, ол жүрегінің түкпірінде жүрген бір арманымен бөлісті. «Егер мүмкіндік болса, туған жерімде қаймағы бұзылмаған ауыл қалса, не  халқымның тілінде таза сөйлейтін адамдар болса, солармен жүздесіп, өз тілімнің кәусарына қанғым келеді. Түсінбейтінімді білемін, кім біледі, ана тілі деп бекер айтпайды ғой. Бәлкім, сол сөздер құлақ құрышымды қандырып, жүрегімде қалар. Жер ортасынан асқан кезге дейін іздеп жүрген асылым ана тілінің әуезді үнінде шығар. Кім біледі?!»

 

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button