Мәдениет

Түркістан жауһарлары – Астана төрінде

Кеше Ұлттық музейде «Түркістан жауһарлары» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Астана қаласының 20 жылдығы және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдық мерейтойы­на арналып отырған көрме бір айдан аса уақытқа, 1 қазанға дейін жалғасады.

Бұл көрменің мақсаты – Түркістанның ел тарихында алатын орнын, мәдени-рухани келбетін ашып көрсету, мәдени байланысты кеңейту, музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Осыны атап өткен Мәдениет және спорт вице-минис­трі Ақтоты Райымқұлова Тұранның рухы сіңген Түркістан хандарға – алтын тақ, халыққа – тағзым етер киелі орынға айналғанын, ұлы Жібек жолының бойында қазығы қағылған байырғы қаланың жақында облыс орталығы болғаны ел үшін үлкен маңызға ие оқиға екенін айтты.
Белгілі сатирик, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек: «Бүгінде Түркістан жаңғырып жатыр. Ол жаңғыру ұлттың ұстазына айналған Өзбекәлі Жәнібековтің сонау Санкт-Петербургтегі Тайқазанды алып келуінен басталды. Содан бастап қазақтың қасиеті қайтып оралды. Соның бір жұрнағы – осы көрме. Бұл «бізде мынадай бар» деп көрсетіп, мақтану үшін емес, кейінгі ұрпақ санасына біздің бабаларымыз қандай жәдігерлер жасаған деген ой салу үшін керек. Бұл көрме – ата-бабамыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы, дәстүрі, танымы, тағылымы» деді.

«Әзірет Сұлтан» мемле­кеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейі Түркістан қа­ла­сында 1978 жылы 30 қыр­күйекте ашылды. Оның ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениеті мен өнерінің үлкен жанашыры, аса көрнекті тұлға Өзбекәлі Жәнібеков мұрындық болды. Бастап­қыда музей қорында 7 мың жәдігер болса, бүгіндері олардың саны 23 мыңға жетті. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап және 40 жылдық тарихында тұңғыш рет шетелге шығып, Түркияның үш қаласында көрсетілген көрме елордаға табан тіреп отыр. Осыны айтқан музей директоры Нұрболат Ахметжанов жәдігерлермен таныстырды.
Ұлттық музейге қойылған көрме 3 бөлімнен тұрады. Көрменің бірінші бөлімі Түркістан атырабында орналасқан тарихи қалалар жайында сыр шертеді. Сыр өзені суының бел ортасы мен қасиетті Қаратаудың арасына жайғасқан Түркістан оазисіндегі көне және жаңа қалалардың тығыз орналасқандығы сонша, ел аузында «Саураннан шыққан мысық Сайрамға дейін дуалдың үстімен жорғалап барады» деген мәтелдің тууына негіз болды. Бұл бөлімде көне шаһарлар туралы көптеген мәліметтермен қатар Шауғар-Шөйтөбе, Қаратөбе-Сауран, Ясы-Күлтөбе, Ескі Түркістан және Хан ордасына жүргізілген археологиялық қазбадан табылған қола дәуір ескерткіштері, орта ғасырда кең етек жайған керамикадан құйылған құман-құмыра, ыдыстар, нумизматикалық материалдар қамтылды.
Көрменің екінші бөлімі әулиелердің сұлтаны атанған Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды.
Ал көрменің үшінші бөлімі Түркістанда жерленген тарихи тұлғалар жайында толғайды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button