Басты ақпарат

ТҮРКИЯМЕН БАУЫРЛАСТЫҚ ТЕРЕҢДЕЙ БЕРЕДІ

16-04-01

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі нығайту, байланыстардың кең ауқымы бойынша өзара ықпалдастықты арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, екі ел арасындағы жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдемеге және «Жаңа синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарын өзектендіру туралы хаттамаға  қол қойылды.

Екі ел Президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізіп, қазақ-түрік бизнес форумына қатысты.

– Тәуелсіздігімізді ең бірінші болып таныған туыстас Түркияға деген Қазақстан халқының құрметі ерекше.  Биыл біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Сондықтан, түбі бір Түрік елі басшысының бұл сапарының символдық мәні бар. Түркия – Қазақстанның ең жақын сенімді саяси және экономикалық әріптестерінің бірі, – деген Мемлекет басшысы Қазақстан бауырлас Түрік елінің бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. – Қазақстанда көптеген түрік компаниясы табысты еңбек етіп жатыр. Қазіргі таңда елімізде жұмыс істейтін 1600-ден астам кәсіпорында түрік капиталының үлесі бар. Түрік бизнесі жаңа елорданың құрылысына белсене атсалысқанын айрықша атаған жөн. Олардың Қазақстанда атқарған мердігерлік жұмысының жалпы құны 20 миллиард долларға жуықтайды. Бүгінде 1,5 миллиард долларды құрайтын инвестициялық 14 жоба бойынша жұмыс жасалуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы өткен жылы 3,3 миллиард доллар болғанын атап өткен Қазақстан Президенті бұл алдыңғы көрсеткіштерден біршама азырақ екенін, бұған әлемде байқалып отырған дағдарыс ықпал еткенін сөз етті. Алайда, 2012 жылы қабылданған «Жаңа синергия» бағдарламасы арқылы екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу, ал инвестиция көлемін жыл сайын 500 миллион долларға дейін ұлғайту жоспарлануда екенін айтты.

Түркия Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне қатысуды жоспарлап отырғанын айтқан бауырлас елдің басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қолдайтынын жеткізді.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button