Мәселе

Түрменің «дәмі» тартып тұра ма?

 

«Түрмеден шықты» деген бір ауыз сөзді біздің қоғам адамның маңдайына соғылған қарғыс таңбасы ретінде қабылдайтыны ащы да болса шындық. Мұндай көзқараспен олардың жұмысқа орналасып, адал жолмен тұрақты табыс табуын былай қойғанда қоғамға сіңісіп, оның толыққанды мүшесіне айналуының өзі екіталай. Осыдан барып темір тордың арғы жағынан босап шыққандардың әрбір үшіншісі қайтадан түрмеге түсіп жатады. Қамаудан босатылғандардың қайтадан қылмыс жасап, жаза арқалауы қашанда өте өзекті мәселе саналады. Қамақтан сабақ алмағандардың көбеюінің себебі сан түрлі. Мәселенің байыбына барып, тереңіне бойласақ, түрмеден шыққандардың түзу жолға түсе алмауына оларды сыртқа тепкен бәріміз де кінәлі болып шығамыз.

[smartslider3 slider=129]

Әрине, түрмеде отырғандарды түзету ең әуелі қылмыстық-атқару жүйесінің міндетіне кіреді. Дегенмен бұл сала қызметкерлері қылмыскерлерді сот үкіміне сай белгілі бір мезгілде қоғамнан оқшаулап ұстау­ға ғана жауап береді. Құқық органдарының түрменің дәмін татып шыққандарды пробациялық есепке алып, олардың қайта тәртіп бұзбауына бақылау жүргізетін де саласы бар. Дегенмен олардың өзі де қатаң бақылаудың жоқтығын сезініп, ескі әдетіне басатындарға қарсы тұруға дәрменсіз. Елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам адам жазасын өтеп, бостандыққа шығады. Демек, олардың әрқайсысын жеке-жеке бақылауға алуға да мүмкіндік жоқ. Мұнда түрме көрген адамның темір тордың арғы жағындағы өткен күндерінен ащы сабақ алуына ғана сенім артылады. Нақтырақ айтқанда, «қамалып шыққан соң қайта қылмыс жасай қоймас» деген байламға сенуге тура келеді. Ал көп жағдайда нәтиже біз күткендей бола бермейді. Әлбетте, олардың бәрі бірдей түрмеден шыға сала қылмыс жасайды деуден аулақпыз. Уақыт өте жолына кезіккен кедергілерден тауы шағылып, жігері құм болатындар көп.
Мақсұт Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің аға оқытушысы Ахметжан Бейсенбеков бұл кедергілерді қоғамның прогрессивті дамуымен және ондағы көзқараспен байланыстырады.
– Құқықтануда қылмыстың жеке тұлғаға және мүлікке қатыс­ты жасалатын екі түрі бар. Бұл қылмысқа қылмыскер саналы түрде барады. Осыдан барып біз олардың баршамызға таныс бөлігінің әлеуметтік-психология­лық портретін көре аламыз. Яғни қылмысқа жүйелі білім алмаған, тұрақты жұмысы жоқ адамдар көп барады. Бір сөзбен айтқанда, түрмеге отыратындардың көбінің сауаты төмен. Осыдан барып бұл санатқа жататын азаматтарды қоғамдағы кез келген өзгеріске дайын болды деп айта алмаймыз. Сондықтан сотталып шыққан адамның әлеу­меттік ортаға бейімделіп кетуі қиындық туғызады. Өйткені ол темір торда отырған сәтте қоғам бір орында тұрмайды. Ұдайы дамумен болады. Ал түрмеде отырып шыққандар осы қарқынға ілесе алмайды.
Соған қарамастан олар бос­тандыққа шыққан соң өзінің қолынан келетін, бейімі бар нәрсені жасағысы келеді. Дегенмен ол түрмеге отырғаннан босап шыққанға дейін аралықта меңгерген мамандығы немесе кәсіби біліктілігі еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалуы мүмкін. Сұраныстағы маман дегеннің өзінде сотталғандарға деген біздегі көзқарас белгілі. Міне, осылай қоғам сыртқа тепкен соң олардың түзелудің жолына түсуі екіталай, – дейді құқықтанушы.
Заңгер-ғалымның айтуынша, түрмеде отырып шыққандардың қайта істі болып, жаза арқалауының тағы бір себебі қолданыстағы заңның әлсіздігі көрінеді.
– Біздегі құқықтық қатынаста барлық әрекет заңды немесе заңсыз деп қана қаралады. Ал сот шешімінің қаншалықты әділетті немесе әділетсіз болғанына лайықты баға берілмейді. Мәселен, өзімнің заңгерлік тәжірибемдегі мына бір жағдайды алып қарайық. Бір азамат өз әйелін көңілдесімен ұстап алып, ашу үстінде әйелінің көңілдесін қайшымен жарақаттап алды. Қылмыстық іс қозғалып, әлгі азамат сот үкімімен 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Белгілі мерзімде жазасын өтеп шыққан оны учаскелік полиция инспекторы жиі мазалайды. Себебі белгілі. Сол аумақта бір қылмыс жасалса, әлгі азамат алғашқылардың бірі болып күдікке ілінеді. Кейіннен тәртіп сақшысының бұл әрекеті оның жүйкесіне тиеді. Ақыр соңында полиция қызметкеріне қол көтеріп, тағы да істі болып кетті. Одан құтылып шыққан соң да жайбарақат күн кеше алмайды. Жұмыс жоқ, табыс табу мұңға айналғанда ішкілікке салынады. Өзі секілділердің қатарына қосылып, бір пәтерде ішеді. Таңертең тәртіп сақшылары мұны оятып алады. Қасындағы «достары» әлгі пәтерді тонап кеткен. Тағы да іс қозғалып, әлгі азамат сотталды. Осы жағдайға құқықтық тұрғыдан баға беретін болсақ, бәрі заңды. Бірақ әділдік жоқ. Меніңше, азаматтардың түрмеге түсуіне заңдағы осы сынды олқылықтардың да ықпалы болады.
Сотталып шыққандарға қарапайым адамдарды бұрын учаскелік полиция инспекторлары да барлық қылмысқа кінәлі көзқараспен қарайды. Осыдан барып, олардың түзеліп кетуі туралы әңгіме қозғаудың өзі қисынсыз, – дейді Ахметжан Бейсенбеков.
Жалпы түрмеге қайта түсетіндерді азайтудың бірден-бір жолы ретінде олардың әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын өз деңгейінде жүргізу екені белгілі. Елімізде 2016 жылы дәл осы бағытта түрмеден шыққандарды әлеуметтік бейімдеудің 2017-2019 жылдарға арналған кешенді стратегиясы қабылданды. Сол жылдары Ішкі министрлігі түрмеден шыққандардың 27 пайызы қайта қылмыс жасайтынын мәлім болған. Ал 2019 жылы Алматы қаласында Халықаралық түрме реформасының Орталық Азиядағы Өңірлік өкілдігінің қолдауымен өткен бір жиында Қылмыстық атқару жүйесі комитеті Қазақстанда сотталғандардың арасында қайта қылмыс жасау көрсеткішінің 20,1 пайызға азайғанын хабарлады. Бұл көрсеткішке жоғарыда аталған стратегиялық құжаттың қаншалықты әсері болғаны белгісіз. Дегенмен қазақ қоғамында бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты деп айтуға болмайды. Тек қана Нұр-Сұлтан қаласының өзінде соңғы 1,5 жылдың ішінде сотталып шыққан 70 адам қайта қылмыс жасағаны үшін темір торға тоғытылыпты.
Оған қоса биыл түрмеден босап шығатындардың саны артқалы тұр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалатынын мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша ел тарихында осымен оныншы рет жарияланған рақымшылық арқылы 4 мың адам бостандыққа шығатыны айтылып жүр. Оған қоса қазіргі таңда ел аумағындағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 33 217 адамның ерте ме, кеш пе бостандыққа шығатынын ескерсек, бостандықтың бағасын білмей қайтадан қамалатындардың мәселесімен мықтап айналысу керек-ақ. Әуелі темір тордан босағандарға үрке қарайтын қоғамда әлеуметтік-психологиялық мәдениет қалыптастырудың жолын іздейтін шақ туды. Сол арқылы ғана жұмыссыздық, отбасы, туған-туыстарының сырт айналуы, тұрақты табыс­тың болмауы сынды мәселелермен бетпе-бет келіп, «құтты мекеніне» қайтадан жолдама алатындардың қатарын азайтуға аз да болса өз үлесімізді қоса аламыз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button