Басты ақпаратҚала мен сала

Тұрмыстық қоқыс неге көбейді?

Бізге белгілі болғандай, елордадағы халық санының өсімі қоқыс көлемінің артуына әкеліп соққандай. Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, осы жылдың желтоқсан айына дейін бас қалада 390 мың тонна қоқыс шығарылған.

«Астана қаласының өзінен бір күнде полигонға 1300 тоннаға жуық әртүрлі қоқыс шығарылады. Ал үш жыл бұрын, яғни 2021 жылы бұл көрсеткіш тәулігіне 800 тонна ғана болатын. Мұндағы басты себеп Астанадағы тұрғындардың көбеюі және бас қаланың тұрақты дамуы десек қателеспейміз. Бізде қала бо­йынша қатты тұрмыстық қалдық қабылдайтын, экологиялық талаптарға, санитарлық ережелер мен құрылыс нормаларына сәйкес келетін бір ғана полигон бар. Аумағы 70 гектар болатын полигонға тиесілі №1 ұяшықтың ауданы – 12 гектар. 2006-2018 жылдары жұмыс істеп, шамамен 4 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиылған. Бүгінде аталған полигон ұяшығында қоқыс қабылданбайды. Ал №2 ұяшық деп саналатын аумақтың 97 пайызы қоқысқа толған. Оның сыйымдылығы – 2 млн тонна. Аталған аумақ 2018 жылы жұмысын бастағалы мұнда 1,9 млн тоннадан астам әртүрлі тұрмыстық қалдық қабылданды. Полигон 2032 жылға дейін «Астана экополигон» ЖШС-тің сенімгерлік басқаруына берілген» дейді басқарманың су объектілерін және қалдықтарды басқару бөлімінің басшысы ­Айдар Рашид.

Бөлім басшысының айтуынша, қазір полигонның №3 ұяшық құры­лысын жобалау жұмысы басталып кеткенге ұқсайды. Сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдейтін және өңдеуге жатпайтын қоқысты жоюмен айналысатын экопарк құрылысын салу жобасы да бар.

Тариф өсе ме?

Басқарма берген мәліметке сүйенсек, қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі 2020 жылы (2019 жылғы 25 желтоқсандағы Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының №476/60-VI шешімімен) бекітілген және әр адамға 390 теңгені құрайды.

Ал жақында ғана Астана қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов қалада қоқыс қалдықтары көбейгенмен, тарифтің 2012 жылдан бері өспегенін айтқан еді. Ол елордалықтардың 80 пайызға жуығы көпқабатты тұрғын үйлерде тұратынын айтып, тұрмыстық қалдықтардың көбейгенін алға тартты.

«Бүгінгі таңда қоқыс шығару тарифі көппәтерлі үйде тұратын бір адамға айына 390 теңге болса, бір күндік ақысы 13 теңгеден айналады. Алматыда айына 718,50 теңге, Қарағанды және басқа қалаларда да 500 теңгеден кем емес. Сондықтан тарифті де, соған орай қызмет ақысын да көбейткен дұрыс» дейді Д.Досқұлов.

Басқарма басшысы абаттандырылған секторда тұратын жеке тұлғалар үшін – айына 1003 теңгеге дейін, абаттандырылмаған үйлердің тұрғындары үшін – 1067 теңгеге дейін, заңды тұлғалар үшін 3990 теңгеге дейін қоқыс шығару тарифін көтеру жобасын ұсынған. Бұл ретте жекелеген азаматтар үшін жеңілдіктер жоқ емес. Мысалы, бұл жеңілдіктер бұрынғысынша қалмай, кейбір бөліктері қайта қаралған. Тарифті көтерудің жаңа редакциясында көпбалалы аналардың балаларына, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, бала кезінен мүгедектерге және жетім балаларға 50 пайыз жеңілдік беру қосымша көрсетіліпті. Бірақ Қоғамдық кеңес мүшелері бағаның күрт өсуіне қарсы. Олар коммуналдық қалдықтарды жинау және шығару тарифін кезең-­кезеңмен өсіруді, сонымен қатар, дауыс беру арқылы қоқыс шығару тарифін әзірге 30 пайызға көтеру туралы ұсыныс білдірген. Әзірге тарифті қайта есептеу жұмысы әлі талқыда тұр десек болады.

Қосымша айта кетейік, жауаптылар тұрмыстық қалдықтардың бір тұрғынға шаққандағы нормасын қайта есептеген. Бұрын әрбір адамға нормалық көрсеткіш 2,16 текше метр болса, қазіргі уақытта бұл 3,13 текше метрді құрайды. Сондай-ақ осы жылы қоқыс шығарудың шарттары қайта қаралған. Бәсекелестікті арттыру мақсатында бірнеше компания жұмысқа қатар тартылып, бұл өз кезегінде қоқысты жинау, тасымалдауды жақсартуға үлкен көмегін тигізіп отыр. Екіншіден, қоқыс шығаратын әр компания қажет техникасын алуға өз ин­­вестицияларын салған. Бұған дейін Астанада бар болғаны 50 арнайы көлік жұмыс істесе, қазір мұның саны 100-ге жеткен. Бұған қосымша қаладағы әр ауданға жауапты қоқыс тазалаушы компаниялар техникалық паркін жаңартып қана қоймай, өз аума­ғында қажеттілікке қарай қоқыс контейнерлерін орнатып келеді.

Экологиялық сауаттылық керек

Расымен, әр өңірдегі полигонның сыйымдылығын ескерсек, қалдықтарды қайта өңдеу технологиясының қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Бір ғана мысал, Астанадағы жалпы тұрмыстық қалдықтардың негізгі көзі, тұрғындар тарапынан бөлек, құрылыс нысандары мен өзге кәсіпорындардан шығады. Ал сарапшылар елде қоқыс көбейсе, қалдықтарды қайта кәдеге жарату, оны өңдеу тәсілдері технологиясын жандандыруды күшейту қажеттігін айтады.

«Бір ғана нәрсе белгілі, қалдық­тарды полигонда сақтау біздегі мәселені түбегейлі шешпейді. Мемлекет қалдықтарды қайта өңдеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізсе ғана қазіргі қоқыс полигондарына түскен жүктемені барынша азайта аламыз. Шетелдік тәжірибелерді енгізу арқылы Астана ғана емес, ел бойынша экологиялық ахуалды жақсартар едік. Екіншіден, тұрғындар арасында әртүрлі қалдықтарды үйден шығарарда саналы түрде бөлек-бөлек сұрыптау мәдениетін енгізіп, өзіміз де жауапкершілікті сезінуіміз қажет. Мысалы, Германия азаматтары пластик қалдықтарды бөлек, шыны ыдыстарды бөлек арнайы ыдысқа салып, белгіленген орынға ретімен тастайды. Әрі осы үрдіс бұзылмау үшін онда қоқыс қызметін қадағалайтын арнайы полиция қызметі де бар. Жалпы республикада экологиялық са­уаттылықты насихаттауға бағытталған шараларды көптеп енгізген дұрыс» дейді эколог Әділ-Қасым Жарылқасынұлы.

Биылғы наурыз айындағы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көп өңірлерде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды жинауға, оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей тұрғанын айтты. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері көбейген әрі оны жою мәселесі дер кезінде шешілмейтіні тағы бар. Үкімет басшысы мұндай өрескел кемшіліктер елді мекендердің көркін бұзумен бірге, ешқандай санитариялық, экология­лық нормаларға сай келмейтінін, сондай-ақ қалдық қабылдауға қатысты кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысатынын сынаған еді. Жалпы қатты қалдықтарды қажетке жарату жұмысының алға жылжуын уақыт көрсетеді. Қоқыс өңдеуге құйылған мол қаржы өз межесіне жетсе, өнім шығарудан бөлек, экологиялық жағдайдың да біршама түзелері анық.

 Ержан ҚОЖАС,

журналист

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button