Тұрмыстық зорлыққа жол жоқ!

Астана қаласының Полиция департаментінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің құрылған күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Оған сала ардагерлері, депутаттар, мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес сектор өкілдері қатысты.
1999 жылы ҚР Президенті Жарлығымен ІІМ құрылымында әйелдердің конституциялық құқығын, бостандығы мен заңды мүддесін құқыққа қарсы қол сұғушылықтардан қорғауды, өмірдің барлық саласында зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жолын кесуді қамтамасыз ету мақсатында бөлімше құрылған болатын. Содан бері 26 жыл ішінде кәсіби мереке ретінде аталып өтеді.
– Биыл қаңтар айынан бастап Полиция департаментінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімдері кеңейді. Қазір бұл тақырып қоғамда өзекті болғандықтан, атқаратын міндеттеріміз күн сайын көбейіп келеді. Сондықтан бұл іс-шараға осы салада еңбек еткен ардагерлерді шақырып, тәжірибе алмасу арқылы біраз мәселенің шешімін табуға болады, – дейді отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова.
Оның айтуынша, өткен жылы елордалықтардан 10000-ға жуық қоңырау келіп түскен. 9300 қорғау нұсқамасы шығарылса, 7400-ге жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. Ал 238 адам дағдарыс орталықтарына орналасты.
«Бізбен бірге қала әкімдігі жанындағы «Үміт» дағдарыс орталығы, «Қорғау Астана» ұйымы, «Аналар үйі» сынды орталықтар жұмыс істейді. Қазіргі таңда отбасы мәселесіне байланысты құқық бұзушылар жазасының қатаңдауына байланысты қоғамда белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысы белсенді жүргізілуде. Халықтың басым көпшілігі отбасы мәселесіне байланысты құқық бұзушыларға қатаң жаза бар екенін біледі» дейді Гүлмира Тілеуғалиқызы.
Жалпы отбасы мәселесіне байланысты құқық бұзушылықтың көбі ішімдікке байланысты туындайды екен. Одан кейін қызғаныштың кесірі, тұрмыстың төмендеуі мен ауыртпалықтар, несиенің көптігі, нашақорлық пен ойынқұмарлыққа салыну, отбасы мәселелеріне туыстарының араласуы.
Қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында бөлімшенің жеке құрамдарына отбасы-тұрмыс қатынасы саласындағы заңнаманың жаңа нормаларын қолдану және тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерін пысықтау кезіндегі іс-қимыл алгоритмі түсіндірілді. Салтанатты іс-шара соңында Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Эльдар Данияров осы салаға еңбегі сіңген бір топ азаматты марапаттады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ