Тұрмысың қалай, тұрғын алаптары?

Астана қаласы халқының төрттен бірі тұратын іргедегі тұрғын алаптарын дамытуда әкімдік жүйелі жұмыстар жүргізеді. Қала әкімі шаһардағы 16 тұрғын алаптың халқымен тұрақты кездесулер өткізеді. Осындай жүздесулерде айтылатын талаптар мен сұраныстарға қарай даму жоспары әзірленеді. Сол бағытта дамып келе жатқан Алматы ауданына қарасты Интернациональный, Мичурин және Күйгенжар елді мекендерінің бүгінгі жай-күйімен таныстық.
Әкімнің осы алаптар тұрғындарымен кездесулерінде инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар, жолдар салу, жарықтандыру, сумен жабдықтау, электр энергиясы бағаналарын жаңарту, жаңа автобустарды іске қосу туралы мәселелер көп айтылады. Елорданың шет аймағындағы аталған үш тұрғын алабы да Қарағанды – Астана тас жолының оңтүстігін ала орналасқан. Кезінде қаладан тыс совхоздар ретінде дамыған елді мекендер 2001 жылы Астананың аумағына қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әкімдік тарапынан шет аймақтарды дамытуға баса көңіл бөлініп, елді мекендердің қордаланған проблемалары біртіндеп шешімін тауып келеді. Үш алаптың қазіргі жағдайын Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы Азамат Нұғманұлы таныстырды.
Интернациональныйда мектеп ғимараты кеңейтілді
Кезінде көп ұлттар қоныстануына байланысты Интернациональный аталған алаптың аумағы – 180 га, тұратын халық саны – 11 мыңнан астам адам. Аумағында С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің бір ветеринарлық факультетінің, яғни «учебное хозяйствосы» орналасуына байланысты халық арасында бұл алаптың «Учхоз» деген қосалқы атауы да бар. Бүгінде өзге ұлттардың көбі кетіп, негізінен, басқа облыстардан келген қазақтар мекендейді. Тұрғын алапта 1182 жер үй, 354 пәтерлік 4 тұрғын үй бар. Былтыр желтоқсанда алапқа газ берілді. Бірақ үйді-үйге тарту жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Интернациональный тұрғын алабының ең басты әлеуметтік нысандарының біріне 51 жылдық тарихы бар 640 орындық №44 ескі мектеп жатады. Оның жанынан жаңа 600 орындық қосымша ғимарат салынып, биыл 3 қараша күні ашылды. Соның нәтижесінде 1200 оқушы қабылданып, алаптағы балалар мектеппен толық қамтылады.
– 4 қабатты жаңа ғимарат ашылғаннан кейін ескі жағын бастауыш сыныптарға береміз, жаңасында жоғары сыныптар оқиды. Бұл жерде бізге 570 шаршы метрлік спортзал, 157 шаршы метрлік асхана салынып берілді. Балалардың оқитын сыныптары да үлкен, жарық. Мұғалімдер бөлмесі де қарастырылған. Балалардың бос уақытын тиімді өткізуге қосымша секциялар да бар. Жаңа ғимаратта білім сапасы артып, бұл балалардың оқу үлгеріміне де оң әсер етеді дегенге сенімдемін, – дейді аталған мектеп директоры Ләззат Құлтаева.
Массивтегі бір мемлекеттік балабақша осы тұрғын алап халқы үшін жеткілікті екен. Сонымен қатар шағын дәрігерлік пункт жұмыс істейді, мұндай отбасылық дәрігерлік амбулатория әр алапта бір-бірден бар. Осы жылы мұнда 2 қоғамдық кеңістік, балаларға арналған спорт алаңы, балалар ойын алаңы және «Достық» шағын ауданында үлкен сквер ашылды. Алаптағы 26 көшенің 14-іне тас жол төселген. Былтыр қаладағы екінші рет қолдануға болатын ескі асфальттар алаптың 9 көшесіне әкеп төселді. Ең бастысы, Армандастар көшесінде инженерлік желілер, құбырлар салынып, кәріз жүйесі орталықтандырылды және нөсерге қарсы кәріз жұмыс істеп тұр.
– Асфальтты-бетон жабынды төсеу жұмыстары биыл Мереке және Ұлан көшелерінде жасалып жатыр. Әр алапта бір-бір жылы аялдама бар. Былтыр жылдың аяғында тағы бір жылы аялдама орнатылды. Қарағанды – Астана тас жолына алаптан шығып бара жатқан тұста Төлебай қажы мешіті орналасқан. Тас жолдың арғы бетінде үлкен «Магнум» супермаркеті тиіп тұр. Алапты 29, 29а, 9, 80 нөмірлі 4 автобус аралап, қалаға жылдам жеткізеді. Қатынау жиілігі қанағаттандырады, – дейді инспектор. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін учаскелік полиция пункті осы алапта орналасқан. Қалған екі алапқа осы жерден тәртіп сақшылары бөлініп қызмет көрсетеді.
Мичуриннің мәселесі неде?
Аумағы 220 га жерді алатын келесі алап Мичуринде 2407 адам тұрады. Олар 135 жеке сектор және 4 тұрғын үйлерде өмір сүреді. Астанадан 10 км қашықтықта жатқан алап 1969-1972 жылдары іргесі қаланып, кезінде совхоз болып ашылған. Оған дейін орнында алма бағы болған. Ал қазір жан-жақтан келетін ел азаматтарының құтты мекеніне айналған тұрғын алапта шағын мектеп, спорт кешені, дүкендер, медициналық пункт бар. Тұңғыш Президент резиденциясы да осында орналасқан. Сондай-ақ әдемі безендірілген су мұнарасы да алыстан менмұндалайды. Газдандыру жұмыстары толық жүргізіліп, құбырлары жеткізілген. Жер үйлердің шарбағы жанынан орталық газдандыру жүйесіне қосатын газ құбырлары өтіп жатыр. Елді мекендегі тұрғын үйлер 100 газбен қамтамасыз етілді, 91 абонент газға қосылған. Тұрғындардан 122 өтінім түсіп, 90 техникалық шарт беріліпті. 2020 жылы пайдалануға берілген су жаңа мектебі бар. Балалар спорт кешеніне, үйірмелерге барады. Қоғамдық көлікпен қалаға дейін 30 минутта жетеді. Екі арада №80 және №321 автобустар жиі қатынайды. Қалалық №7 емханаға қарайтын медициналық пункт дәрігерлері алап тұрғындарының денсаулығына жауапты. Алаптағы 15 көшеге тас жол төселген.
Алайда Астана қалалық мәслихатының 8-шақырылым депутаты Азамат Айтқожиннің айтуынша, Мичурин тұрғындарының кешке немесе бос уақытта серуендейтін орындары жоқ. Сондықтан кейбір лайықты жерлерде сквер парк салу керек. «Депутаттармен кездесу барысында сонымен қатар олар алаптағы спорттық құрылысты басқа орынға көшіріп, орнына автобус аялдамасын салуды сұрады. Қазір мұндағы аялдама стандарттарға сай келмейді» дейді ол.
Бірнеше жерден жаңадан балалар алаңы салынып, кішкентай балдырғандардың бос уақытын өткізуге септік етеді. Алап бойынша инспектордың айтуынша, қала орталығындағы Қ.Сәтбаев көшесін қайта құру жұмыстары жүргізілуіне байланысты сол жерден босаған, ойын алаңдарына арналған «МАФ» жабдықтарының анағұрлым сапалысы осындағы балалар алаңдарына қойылуда.
Күйгенжардың күйі қандай?
Күйгенжар деген қазақы тарихи атауды алған тұрғын алапта 1135 адам 132 жеке үйде тұрып жатыр. Ауылдың басты әлеуметтік нысаны ашылғанына көп болмаған 600 орындық мектепке тек күйгенжарлықтар ғана емес, көрші жатқан Ақмола облысына қарасты №41 бекеттен, Жібек жолы ауылынан келіп оқитын оқушылар көп. Шағын алапта 8 көше бар. Көше жолдары жөнделген. Тұрғын алаптардың үшеуінің де көшелері жарық диодты жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сондықтан қараңғы түссе де мұнда көшелер жарқырап тұрады. 2020 жылы Күйгенжар тұрғын алабының тұрғындары үшін балалар ойын алабы, тренажерлары және футбол алаңы бар қоғамдық кеңістік абаттандырылды.
Күйгенжар, Интернациональный және Мичурин елді мекені тұрғындарын толғандыратын мәселелер, негізінен, электрмен және сумен жабдықтау желілерінің ескілігі. Бұл желілер сонау 1960 жылдары салынғандықтан, әбден тозған. Интернациональный тұрғын алабында 2021 жылы сегіз көше бойынша, нақтырақ айтсақ, Жағажай, Көксай, Мереке, Армандастар, Аралқұм, Алтындала, Нұрлыжол, Құрылысшылар көшесінде 9 шақырым сым ауыстырылып, 2 апаттық қосқыш орнатылды. Мичурин тұрғын алабында 26 толық трансформаторлық қосалқы станса (ТҚС), 13,2 шақырым кабель орналасқан. Былтыр ұзындығы 1,57 шақырым жалаңаш сымды ауыстыра отырып, үш ТҚС-ге күрделі жөндеу жүргізіліп, техникалық қызмет көрсетілді, сондай-ақ бес ТҚС және бір қосқыш монтаждалды. Күйгенжарда инвестициялық бағдарлама бойынша толық трансформаторлық қосалқы станса мен жалаңаш сымды өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған сымға ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Биыл кездесулерде қала әкімі Жеңіс Қасымбек жалпы алаптардағы негізгі мәселе – инженерлік желілер екенін айтқан. Сол кезде ол: «Биыл барлық тұрғын алаптарда 13 км кәріз желісін, 27,5 км сумен жабдықтау желісін, 20 км электрмен жабдықтау желісін, 5 км нөсер кәрізін, 2 кәріз сорғы стансасын салу, 7,4 км газ желісін тарту жоспарланып отыр, – деген болатын. Бұл жұмыстар да жоспарға сай жүйелі түрде орындалып келеді.