Таным

Тұрсынбек Кәкішев, академик: АРҚАҒА КЕЛГЕН САЙЫН АРУАҚТАНЫП ҚАЙТАМ

Турсынбек Какишев

Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының құрметті академигі Тұрсынбек Кәкішев жуықта Астана қаласына сапарлап келді. Ғибратты ұстаз алдымен елордадағы Сәкен Сейфуллин мұражайының киелі шаңырағында болып, ақынның рухани мұрасының шырақшысына айналған ұжымның соңғы кездегі тыныс-тіршілігімен танысып, сырласу дәрісін өткізді. Сәкентанушы ғалыммен емен-жарқын сұхбаттасудың тағы да сәті түскен еді. 

– Тұрсынбек аға, жасырары жоқ, ел үшін қызмет еткен ұлы тұлғаларды бір-біріне қарсы қою, сүзістіру, сол арқылы батыл болып көрініп, арзанқол жарнама жасау – қазіргі қоғамдық өмірімізде зарарлы әдетке айналды. Қайраткер тұлғаның тұтас табиғатын түбегейлі танымай, «құдықтағы бақаның көзімен» ұлыларды өлшеу рухани өмірімізге зор кесірін тигізетіні сөзсіз. Бұл тұрғыдан келгенде ұлтына қызмет еткен ұлыларды ақ пен қызылға жіктеу, «Алаш, Алаш» деп жалаң ұрандау, басқаларды ығыстыру, мәселен, Сәкен мен Сәбитті түртпектеу сәнге айналған секілді?
– Сәкен жөніндегі зерттеулер бұрынғыдай емес. Себебі, Кеңес үкіметінің құлауына және оның «Жасасын, Совет үкіметі!» деген өлеңдері болуына байланысты, қазір жұрт, газет-журнал, радио, телевидение төңірегіндегі журналистер, кейбір ғалымсымақтар «Сәбит пен Сәкен болмаса, Кеңес үкіметі Қазақстанда орнамайтын еді, сондықтан соның барлық күнәһары осы екеуі болды» дегендей пікір қалыптастырып келеді. Басқалар құтылды. Өңгені қойған уақытында Сәбитті алшы: тұлдай жетім, бақыршы бала, кедейліктің барлық тақсіретін көрген. Соған байланысты оның: «кедейді әділ билікке жеткізем, елдің бәрін теңдікке жеткізем» деп келген үкіметке қосылмасқа шарасы жоқ еді. Әсіресе, Сәбиттің. Ал Сәкен байшыкештің баласы, оның ағайын-туыстары мыңды айдағандар. Ал, әкесі сал-серілікпен жүрген уақытында шаруасына құнттап қарай алмаған. Алайда, Сәкен Омбыда оқыған кезінде алған тәрбиесі, әсіресе, ана Березовскийлермен, тағы басқалармен байланыста болған уақытында кедей-кепшікке жәрдемдесу, елді көтеру, жеткізу керек екенін сол кезде ұққан, ұстанған. Сондықтан Сәкеннің бастап, қиналмай-ақ Кеңес жағына шығуы содан. Әсіресе, 1916-1917 жылдары Ақпан революциясы болып жатқан тұста Сәкен ағаларына қарады. Алаш азаматтарының не айтатынын, не қоятынын аңдаған, сонда «уһ, жалғыздық» деп жүрген кездері болған. Революция болған уақытында «Асығып, тез аттандық» деп, оқытып жатқан балаларын тастай салып, Ақ­молаға келіп, сол жерде «Жас қазақ» ұйымын ұйымдастырған. «Тіршілік» дейтін газет шығарған. Осының бәрі Сәкеннің қара басына керек пе еді? Әрине, мұның барлығы елдің қамы үшін жасалды. «Кел, жігіттер, болыңдар ер, орғыт тұлпарды» дейтін өлеңдерінің барлығы да сол Қазан революциясының тұсында жазылуының бір себебі осы. Сондықтан, ел мүддесін көздеген, елді жеткізу жоспарын ойластырған Сәкеннің одан басқа ойы жоқ. Мына қазір Алаш қайраткерлері жөнінде үлкен мақалалар жазылып, шаралар қолданылып жатыр, ал шындығына келгенде Алаштың көздегені де, Сәкен­нің, Сәбиттің көздегені де – қазақ хал­қының жайы. Бірақ, олардың жолдары екі басқа болды. Алаш қайраткерлері демократиялық ағартушылық бағытпен кетті, ал Сәкендердікі ағартушы ре­волюциялық бағыт болды. Тез істеп, тез қамту мақсатын көздеген.
Осы жағынан келгенде мына біздің жігіттер бірін-біріне қарсы қойып, бір кебісті бір кебіске сұғып отырмаса іштері пысады, онан да тарихта болған құбылыстардың тамырын біліп, соның шындығына жетіп, кім, не үшін күресті, соны фактімен білген дұрыс. Сәкен мен Сәбит қазақ халқын құрту үшін, оңбаған жолға түсіру үшін күресті ме?! Жарайды, олардың жүрген жолы теріс дейік, мына қазақ елінің осыншама көркейіп өсуі, мемлекет болып қалыптасуы ненің арқасы? Өткен күрделі де күдір тарихтың арқасы. Олай болса өткеннің бәріне тас лақтыруға болмайды.
– Тұрсынбек аға, Астанаға келген сайын Сәкен мұражайына келу – Сіз үшін дәстүрлі шара. Мұражайдың экспозициясының жобасы туралы да құнды ақыл-кеңесіңізді әрқашан аяған емессіз. Сәкен мұрасын түген­деу, жинақтау күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Сол істің әу басында Сіз тұрсыз. Бүгінгі жастар Сәкен ақталған сәтте ақынның мұ­расын қалай жинастырып, тү­гендегендеріңізді білгісі келеді?
– Менің Сәкеннің туыстарымен, еңбектерімен жақындығымды білген – ұстазым Е.Ысмайылов. Ол Сәкен Сейфуллин 1957 жылы ақталысымен-ақ шұғыл экспедиция ұйымдастырды, үш адам болып сапарға шықтық. Алдымен Жаңаарқаға бардық, ақсақалдармен, Сәкеннің құрбыларымен кездестік, сөйлестік, осында суреті де бар олардың. Сосын, Қарағандыға келдік, Сәкенді көрген адамдардың елу тоғызыншы жылы көбі тірі болатын. Ақмола, Көкшетау, Петропавлға бардық, көл-көсір мәлімет жинадық. Ал енді Сәкеннің шығармалары жөніне келсек, Есмағамбет Ысмайылов бір томдықты шығарды, содан кейін Сәкеннің жетпіс жылдығы таяды. Сәкенді насихаттау, академияның, экспедицияның нәтижелерін елге жеткізуіміз керек қой. Сәкеннің бірінші, екінші томдарын құрастыру қиынға түскен жоқ. Өйткені, дайын кітаптардан алды да берді. Енді қалған прозалық шығармалары бар, газетте жазылып, журналда қалғандары бар. Солардың барлығын жинау үшін мені Ленинградқа, Мәскеуге архивке жіберді. Қазақстанда ескі газет-журналдар толық сақталмаған. Жыртылып қалғаны бар, кей кітаптар қолды болған. Соның бәрін мен Ленинград, Мәскеуден алып кеп, сол жиыны алты том болып шықты. Бесінші том «Тар жол, тайғақ кешу» болуға тиіс еді, бірақ ол шықпады, жеке өз алдына сексен мың тиражбен екі рет басылып шықты. Сәкеннің жазған-сызғандарының төртінші, бесінші томдары, алтыншы томын да құрастыруға қатыстым. Маңдай терім сол уақта сыпырылды. Алтыншы том әйгілі «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген мағыналы еңбек. Соған Сәбит «Қазақ әдебиетіндегі жаңа эра» дейтін алғысөз жазды. Соңғы сөзіне «Халық қазынасы» дейтін атпен мен бір жарым баспа табақтай Сәкеннің халық әдебиетін жинаған еңбектері, қазақтың ежелгі ауыз әдебиетіне сіңірген еңбектері жөнінде біраз нәрселер айттым. Бұл – алпысыншы жылдары. Ал енді жетпісінші жылдары Сәкеннің сексен жылдығы келген уақытында қазіргі Әдебиет институты сол алты томнан бес том қылып қысқартып құрастырып шығарды.
– Соңғы кезде Сәкенді ұлттан аластатып, қызыл деп қырын қараушылар көп екенін айттық. Алайда, сіздің бастап құрастырып отырған мұражайдың төрінен орын алған Сәкеннің он екі томдық мынау жинағына зер салсақ, Сәкен ұлттың жан дүниесінің тұнық тұмасын қорыған нағыз көреген тұлға екендігі байқалатындай…
– Қазір біз Сәкеннің он екі томын шығарып болдық. Бұл, міне, Сәкен мұражайының сөресінде тұтас тұр екен. Мұны шығарып жатқан, «Қазығұрт» баспасы, оның директоры Темірғали Көпбаев дейтін жігіт. Бұл кітапты құрастырып, шығарып жатқан екі адамбыз: Тұрсынбек Кәкішев пен Күләш Садыққызы Ахмет. Қазір ол да доктор болды. Екеуміз бірігіп, менің архивімде жатқан дүниені, қазынаның архивінде жатқан дүниелерді жинап, қазір он томын шығардық. Мынау сегізінші, тоғызыншы, оныншы томдар Сәкеннің отызыншы жылдары экспедицияға барып, өзі әдебиеттен сабақ беріп, студенттерге дәріс оқып жүрген уақытында қажет болған жыршы, ақындардың барлығын жинап, шығарған жинақтар. Тіпті, мынау Алпамыс, Едіге батыр, Шора батыр, т.б. былай қойғанда, Ақан серінің алғашқы жинағын шығарыпты Сәкен.
– Сәкен Сейфуллин 1931 жылы атылып кеткен Шәкәрім Құдай­бердиевтің мұрасын да қызыл өкі­мет­тен қорықпай қайта жария­лағаны, 1921 жылы жазым оққа байланған діндар ғұлама Ғұмар Қараш туралы зерттеу мақала жаз­ғаны ерлік емес пе?
– Сәкен 1935 жылы Шәкәрімнің «Ләйлә-Мәжнүн» дастанын жариялап жіберді. Сонда бар айтқан сөзі: «Бұл жырды қазақтың ақыны Шәкәрімнің аудармасы арқылы беріп отырмыз». Бір-ақ ауыз сөз. Одан басқаны айтуға оның правосы да жоқ еді. Ал, сол қиын кезде, ұлы ақынды атқан оқ-дәрінің иісі кетпей жатып Шәкәрімді еске алған бір адам Сәкен. Қазір кеудесін керіп жүргендер маған айтсыншы, кім екендерін, ал сол кезде Сәкен тер төгіп Ақмолла ақынды шығарды. Мынау татар, башқұрт, қазаққа ортақ шайыр деп. Сол Ақмолланың бұрын жинағын көріп пе едіңдер? Көргендерің жоқ! Ыбырай Алтынсаринның да өлеңдер жинағын шығарды. Ал қарашы: Бұқар жырау, Базар жырау, Шортанбай, Досқожа, Кемпірбай, Сүйінбай, Шөже. Осылардың барлығын қазіргі жазармандар «мен тауып, мен жеткізіп жатырмын, мен ашып жатырмын» деген сумақай нәрселерді айтады. Ал шындығына келген уақытында Сәкен баяғыда отызыншы жылдары осыны жинаған, жүйелеп жариялаған. Иә болмаса, «Орынбай мен Шөженің айтысы», «Балта мен Шөженің» айтысы, «Кемпірбай мен Шөже», «Жанақ пен Түбек», «Орынбай мен Серәлі», «Орынбай мен Тоғжан», «Құлманбет пен Жамбыл», «Құлманбет пен Майкөттің айтысы». Міне, көл-көсір еңбек, ұлты үшін соққан жүректің нығметі, берекесі.
– Сәкен Сейфуллин кеңестік Қазақстанда үлкен билікке қолы жеткен санаулы қазақтың бірі. Ол қолында билік барда ұлтына қызмет ете алды ма?
– Сәкен Совнарком төрағасы боп тұрды. Бұл министрлер кеңесінің бастығы, яғни қазіргі түсінікпен Премьер-Министр дәрежесінде деген сөз. Ол кезде бізге бюджетті Москва береді. С.Сейфуллин билік қолға тиген соң соның тең жартысын оқу-ағарту, мектеп салу жұмысына жұмсады. Сәкенге сол үшін партия ұйымы ескерту жасаған. Менің айтатын дауым бар: қазір қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген кім? Ол – Сәкен. Жиырма екінші жылы декрет қабылдаған уақытында С.Меңдешев, сосын Жанайдар Садуақасов дейтін жан жолдасы Кирцикте отырғанда қозғалмай, содан Сәкен Ә.Жангелдинді, Әбдиевті, Н.Нұрмақов т.б. жанына ертіп алып, кезексіз сессия өткізіп, қазақ тілін өркендету жөнінде мәселе қойған. Сол 1922 жылы, 22 қарашада декрет қабылдатқан: қазақ тілін мемлекеттік тіл болсын деп. Сол декреттің көшірмесі мынау, мұражайда сақтаулы тұр. Ал енді сонымен қатар, Сәкен 1922 жылы он бесінші ақпан күні «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік!» деп мақала жазды. Біз 1925 жылға дейін «Киргизия» боп келген елміз. Яғни, қазақ ұлтының төл атын өзіне қайтарып, мемлекетті қазақ деп атаған Сәкен. Ол жиырма үшінші жылы үкімет басына келгенде, А.Байтұрсыновтың елу жылдық тойын өткізді, қызыл мемлекет басшысы Совнарком төрағасы бола тұра. Сондағы айтқан сөзі не? «Патша заманының өзінде қазаққа жақсылық ойлаған. Қазақты қалай жеткізем, өркендетем деген мақсатпен халқына шын жаны ашыған, шын ұлтшыл Ахмет Байтұрсынов» деген пікір айтқан. Осыған байланысты, осы пікірге қарсы шыққан адам болды. Ол – Сәкеннің қарамағында ішкі істер министрі болған Әбдірахман Әйтиев. Ол «Советский степь» дейтін газетке «Отписки и поправки» деген мақала жазды. Соның екпіні Сәбитке тиді. Сәбит «Қара тақтаға жазылып қалмаңдар, шешендер!» дейтін мақа­ланы жазған уақта Сәкеннің үйінде жатқан, Сәкеннің қамқорлығын көріп отырған адам. Сәбиттің ең алғаш атағын да, шатағын да шығарған, күні бүгінге шейін ұмыттырмай келе жатқан мақала – осы. Әлгі Сәбит Сәкеннің үйінде жатқан сол кезде.
Сәкен Совнарком төрағасы бол­ғаннан кейін сәуір айының ішінде сол мекеменің қызметкерлерін жинап алып, істі қазақ тілінде жүргізу мәселесін көтереді. Әлгі жиналысқа қатысып отырған орыстарды былай қойғанда, қазақтар «иә, бәсе» дейтін сөздерді міңгірлеп қоймайды. Соны көрген, сезген Сәкен өзі редактор «Еңбекші қазақ» газетіне «Істі қазақ тілінде жүргізу» дейтін мақала жазады. Қазақ тілін мемлекет тіліне айналдыру жөнінде Сәкенде тоғыз мақала бар. Ең соңғы жазған мақаласы ауданның, облыстың басшылығына арнаған «Ашық хаты». «Әй, ағайындар-ау, қазақ тілі мемлекеттік тіл болды, енді істі қазақ тілінде жүргізбейсің бе? Еліңнің жетпіс бес, сексен проценті қазақ» дегенде өңге емес, мынау Баянауылды басқарып отырған басшылар қарсы шығады. Жоқ, орыс тілінде жүргіземіз деп. Құдайдың құдіреті, сол санадағы сары індет күні бүгінге дейін Павлодар секілді өңірлерге жайылып діңкелетіп тұр. Тіпті, әрі-беріден соң орыс тілі қазірдің өзінде басымшылықта, үстемдікте. Қаншама тәуелсіздік келсе де, қазақ жөнінде, қазақ тілі туралы тілмен ғана айқайлап айтылады да, нақты іс істелмейтін деңгейге жетті. Сондықтан, Сәкендердің осындай еңбектерін, батылдығын қадірлеу, үлгі тұту – қазіргі басшыларға үлкен сабақ. Алаш көсемі Ахаңның қазақ тілі жөнінде айтқандарына қарсылығым жоқ, қазақ тілін көтергеніне де. Бірақ, қолында мөрі, билік болмағаннан кейін зиялы, оқымыстының айтқаны құр сөз болып қалатыны да бар. Ал, Сәкен қолында билігі тұрғанда қазақ тілі үшін осындай ірі қадамдарды жасап кетті. Сондықтан, үкімет басынан қудаланып ерте кетті. Екі жылдай ғана уақыт болды Премьер-Министр орынтағында.
– Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында Алашорда қайраткерлерін көп сынаған, сол себептен де олардың жазалануына осы роман себепші болған деген пікір бар. Бұл түсінікті өзгерте аласыз ба?
– Біз құрастырып отырған осы он екі томдыққа «Тар жол, тайғақ кешу» романын алғаш рет 1927 жылғы басылымымен бердік. Оның не ерекшелігі бар: мынау байшыл, ұлтшыл, алашордашылар дегенді құртуға, тұқыртуға үгіттеген адам Сәкен болып отырған сияқты боп көрінеді ғой қазір сендерге. Ал «Тар жол, тайғақ кешудің» 1927 жылғы жарияланған нұсқасында мұндай сөздер жоқтың қасы. Келесі жарияланған нұсқаларда қызыл цензура, лито білгенін істеп, тізеге басып, Сәкеннің аузына күлдібадам әшкерелегіш сөздерді салып жіберген тәрізді. Сәкен көп жағдайда анау алдыңғы толқын ағаларына ілтипатпен қарап отырған. Тек Ә.Бөкейхановқа төніп кететін тұстары көп болды «Тар жол, тайғақ кешуде». Ал Ахмет Байтұрсынов жөнінде айтып отырғаны әлгі «шын ұлтшыл» деген сөз. Қазір ұлтшыл дегенді жаман сөзге айналдырып алдық қой.
– Сонда «Тар жол, тайғақ кешу­дің» 1927 жылғы нұсқасы алғаш рет жарияланып отыр ма?
– Алғаш рет. Бірінші том сонымен басталады. Соңғысы отыз алтыншы жылғымен аяқталады. Себебі, екеуінің арасы біраз. Бұлай етіп отырғанымыз, мынау Күләш Сәкеннің сол жиырма жетінші жылғысын зерттеп, сондағы алшақтықтардың бәрін ашып, тіпті «Сәкен және Алаш азаматтары» деп Сәкеннің жүз жылдығында мақала жазып, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Нұрғалиев, сосын мені, барлы­ғымызды сынап өткені бар. Бұлар 1936 жылғымен ғана сөз сөйлеп келе жатыр деп. Шындығына келгенде Сәкеннің мынадай-мынадай ағаларына айтқан сөздері бар деп, нақты дәйектермен сөйлеген.
– Сәкен шығармаларының түп­нұсқасы, қолжазбасы сақталмаған ба, іздестіріп көрдіңіз бе?
– Қолжазбасын көргем жоқ. Оны әйелінен, тағы басқалардан сұрадым. Архивте жатса, жатқан шығар. КГБ-ден де іздедім. Ондағы жігіттер «атып тастаған соң, оның қағазын аяйды дейсің бе» деп жауап берді. Бастығына шейін. Е.Ысмайылов екеуміз Арыстанбековке дейін барғамыз. Жоқ. Артынан мен «Сәкен соты» дейтін еңбек жаздым. Архиві де тұр, онда көптеген қағаздар жоқ. Ал мен сұрастырған уақытында әлгілердің айтқаны сол. Ол жігіттердің айтқанына сенбеймін, олай ойламаймын, Бейімбеттің де, Ілиястың да қағаздары сол қараңғы қапастың бір түкпірінде жатыр. Бір нәрсе айтайын: мынау біздің архивімізге ие болып отырған КГБ ғалымдарға әлі күнге дейін сенбейді. Әлі күнге шейін. Сәкеннің материалдарын оқып отырғанда қасымда, аңдушы аға лейтенант отырады «не надо переписывать, читайте и запоминайте» деп. Тоқсан үшінші жылдары сондай болды. Қазір қандай екенін білмеймін.
Өмір шындығын айтуға келгенде, Сәкенде қылаудай бір өтірік жоқ, істеген ісі мен еңбегінде де. Анау жиырма жетінші жылы «Тар жол, тайғақ кешу» жазылғанда Алаш қайраткерлерінің бәрі тірі болған. «Әй, Сәкен не айтып, не істеп отырсың?» деген біреуінің сөзі жоқ. Тек қана Н.Төреқұловтың: «Сәкен аспанда қанша жұлдыз бар екен? Қанша сұлуларды көрдің?» деп қағытқан мақаласы болған. Басқа ештеңе болған жоқ. Ал Алаш қайраткерлерінің ешқайсысы, ол кітапты оқымады емес. Өйткені оның алғашқы тараулары жиырма үшінші жылдан бастап, «Қызыл Қазақстан» журналында жариялана бастаған.
– Сіз өскен аудан бұрын Макинка деп аталушы еді, енді Бұланды болып жаңғырды. Өзіңіз айтқандай зиялылар көтеріп жүрген небір тамаша идеяны өкіметтегі қайраткерлер қолға алмаса бекер қалып қоятыны да рас. Сол М.Жұмабаев, С.Сейфуллиндер армандаған азаттықтың байрағы Арқада желбіреп тұр. Туған жеріңізге келген сайын әсіресе соңғы кездерде жасарып, жарқырап, шабыттанып, қайраттанып қайтатыныңыз байқалады…
– Әрине, «Сарыарқаның кімдікі екендігі» деген мәселені Мәшһүр Жүсіп Көпей елден ерте шырылдап бекер қоймаған. Бұл Арқа менің туған жерім, қазір бүкіл қазақтың бағаналы бас ордасына айналды. Арқа жері бұрынырақ отарлық қамытын киген, менің бала кезімде саны үстем, мінезі өктем жұрттың балалары мектептің ауласынан шыға берісте топтанып тосып тұрып біздерді ұра беретін. Біз дуалдан тесік шығарып сол арадан бой тасалап мектептен әрең кететінбіз. Бір күні сол ойықты паналап шыға келсем, алдымнан еңгезердей Иван деген оқушы шыға келіп қыспасы бар ма. Ызаланып кеткен мен аузы-мұрнынан періп қалдым, ал қанжоса болған шақар Иван саусағымды бас салып тістеп, терісін сыдырып жұлып алды. Міне, Иванның тісі салған жарақаттың тыртығы сол қолымның атсыз саусағында әлі дақ боп қалған. Менің 70 жылдық тойыма Иван досым қатысып, менімен бірге тойдың төрінде отырды. Саусақтағы тыртықты көрсетсем досым «Это не мое дело» дейді күліп. Менің атсыз саусағым не тәйірі, бұл ұлы дала үшін талай есіл ердің басы баудай орылды емес пе?! Мұны айтып отырғаным, тәні де, жаны да жараланып, Карлаг, АЛЖИР-дің отаны, тыңстан болып беті тырмаланған, қашқын-пысқын жер аударылғандардың тұрағына айналған Арқа бүгін тәуелсіздіктің тұғырлы мекеніне айналды. Қалай қуанбайсың?! Соқаның тісі тиген өлкеде тіл де, рух та жұтады кеше. Мағжан, Сәбең, Ғабең шыққан өлкеден Сафуан Шаймарденовтен кейін ірі қаламгердің тумауы жұртты алаңдататын. Ал қазір Астана төңірегінде Қазақстан Жазушылар Одағының 130 мүшесі бар екен. Міне, бұл ұлы күш, тың сілкініс. Сәкен Сейфуллин мұражайы да елордаға нәр беретін, қала қонақтарына тамашалатуға лайықты заман талабына сай жабдықталған ғимаратқа айналып отырғаны қуантады. Алда Сәкеннің 125 жылдығы келе жатыр, бұл шараға мұражай ұжымы С.Сейфуллин мұражайының альбомын, Сәкен туралы жазылған өлеңдер топтастырылған «Сұңқар Сәкен» деген жинақты шығаруды қолға алыпты. Ал, мұражай директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлының мұражайдың жаңғыруына қысқа мерзім ішінде айшықты қолтаңба қалдыруы – іскерлігі, Сәкеннің аруағына адалдығы деуге болады. Өткен жылы келгенімде мұражайдың әкімшілік ғимараты іске қосылғандығы, онда орнатылған заманауи құрал-жабдықтарды көріп риза болсам, биыл міне, мұражайдың экспозициясы толық жаңғырып, мазмұны жаңа заманға сай байытылып, интерьер, кіреберіс дәліз сән-салтанатпен көркемделіп, мұражайдың залына әсем шырағдан, экран, проектор секілді құрылғылар орнатылыпты. Қызмет көліктері де жаңартылыпты. Айналасы қоршалыпты. Міне, бір кездегі көпес үйі Сәкеннің мұражайы деуге сәні де, мәні де әбден лайықты рухани шаңыраққа айналып отыр. Елінің теңдігі мен азаттығы үшін күресіп шейіт болған ақын Сәкеннің рухын разы қылып отырған қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлына ақсақал ретінде алғыс айтып, ақ батамды бергім келеді. Міне, осындай игілікті істерді Арқа жеріне келгенде көріп көзайым болып, қуанышым қойныма сыймай, әр келген сайын Алматыға арқаланып қайтатынымның сыры осы!

Әңгімелескен,
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының
кандидаты, С.Сейфуллин мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button