Мәдениет

ТҰРЫНТАЕВ ТӘНТІ ЕТТІ

Астанадағы Ресей ғылым және мәдениет орта­лы­ғында «Алеф» еврей этно­мәдени бірлестігі клас­сикалық музыка кешін өткізді. Халықаралық конкурс­тардың лауреаты Руслан Тұрынтаев П.Чай­ковский, Паганини, Г.Венявский мен Брамстың туындыларын орындап, тыңдарман қауымды өнерімен тәнті етті. 

Руслан Тұрынтаев

12 жасынан талғамы биік музыка мамандарының назарына түсіп, Қа­зақ­станның мерейін дүниежүзіне асырып жүрген Руслан туралы га­зе­тімізде бір­неше мақала жа­рия­ланған болатын. Оқыр­­ман­дарымыз оның Мәскеу мем­ле­кеттік консерваториясының ор­талық музыка мектебінде оқып жүргенін, 15 жа­­сында жас­өспірімдер арасында өткен се­гі­­зінші Чайковский атындағы халық­ара­лық конкурстың жеңімпазы болғанын да біледі. Атақты дирижер, скрипкашы В.Спи­ваковтың Русланға француз шебері Эмиль Буланженің скрипкасын табыс етіп, оның стипендиаты атанғанын да білеміз. Спиваковтың дуалы ауызымен «қазақ­стандық Паганини» атанған Руслан атақты маэстроның «Виртуозы Москвы» оркестрі­мен концерт беріп жүреді. Былтыр Еуропаны түгел шарлап, Мексикада да концерт беріпті.
Жазғы демалысқа келген бойда Руслан­ның елорда­лық­тарға сәлем берген жайы екен. Осы дәстүрді қалыптастыруда «Алеф» этномәдени орта­лығының жетек­шісі Моисей Гольдбергтің үлесі зор. Жасынан жарқ еткен талантты дөп танып, оның ұшталуына атсалысып, жетектеп жүріп Мәскеуге апарған да Моисей Михайлович деуге болады. Тіпті, ақылы оқуға қаражат жинау үшін талай есіктерді ашып, «қазақтың баласы үшін сұрап жүргеніне арланбайтынын» мақта­ныш­пен айтқаны бар. Сон­дықтан да, Руслан шығарма­­шы­лығының бастауында Гольдбергтің қам­қорлығы айрықша. Ол туралы осы кеште сөз алған қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов та атап өтті. Русланның шығар­машылығын талдағанда, музыка мамандары өрімтал жастың скрипкада ойнау ерекшелігін сөз етпей тұрмайды. Оның орындауында ішекті аспаптың үні өзіндік бояуымен нақыштала түсетінін байқаған.
Русланның Италияда өте­тін «Джованни музициенте» сайысына қатысып, XII ға­сырда салынған көне храмда Паганинидің мәңгілік туын­дыларын орындағаны бар. Атақты Никколо Паганини, Джузеппе Мадзинидің отанында қаршадай қазақ баласы атақты скрипкашылардың рухымен тілдескенін сол күндері бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазыпты.
Сонда ырымшыл италия­лық­тар «баланы маэстро Пага­­нинидің рухы қолдады, құді­реті қонды» деп бірауыздан шулап қоя беріпті. Бірінші орынды олжалаған Русланды генуялықтар қошеметтеп, бар құрметімен шығарып салады. Бұл өнер әлемінің ұшар шыңына бет алған қазақ бала­сының шетелдегі жеңісінің бір баяны ғана.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button