Әлеумет

Тұсау кесу – төл ырым

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнінде елорданың Алматы және Байқоңыр аудандарының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында баланың алғашқы қадамдарымен байланысты «тұсаукесер» рәсімі өтті.

«Көрісу күнінен бастау алған Наурызнама мейрамы қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күндерімен жалғасты. Бұл күн еліміздің ұлттық мұрасына деген құрметімізді арттырып, оны болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын айқындайды. Ұлттық салт-дәстүрлердің ең терең маңызы – олар ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттың өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Әрбір дәстүр, салт, рәсім ұлттың тарихы мен мәдениетін көрсетіп, келешек ұрпаққа сабақ боларлық құндылықтарды ұсынады» деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев.

Орталықтың әлеуметтік маманы Нұрбике Оңдасынқызының немересі Хадия есімді бүлдіршін таңдалып, кішкентай бөбектің тұсауы кесілді.

Дана қазақ баланың тұсауын ала жіппен, малдың тоқ ішегімен және көк шөппен кестірген. Ала жіппен – бала ешкімнің ала жібін аттамасын, ақ пен қараны ажырата алатын, адал азамат болсын деген ниетпен кеседі. Ал малдың тоқ ішегімен кесу себебі, бала бай, дәулетті азамат болсын деп ырымдауында. Сондай-ақ бала шөптей қаулап өссін, шөп сияқты көгеріп, көбейіп, көктесін, ұрпақты болсын деп ырымдап, тұсауын көк шөппен кеседі. Содан кейін тұсауы кесілген баланы жайылған матамен немесе кілеммен қолынан жетектеп жүгіртіп, шашу шашады.

Тұсаукесудегі ниет баланың алдағы өмір жолы даңғыл да дара болсын деген тілектен туады» деді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаева.

Мерекелік іс-шара барысында «Әдемі» вокалдық ансамблі мен зияткерлік клубы ән мен күй тарту етіп, концерттік бағдарлама ұсынды.

Сонымен қатар Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы «Тұсаукесер» рәсімін орындап, ұрпаққа өнеге болатын тамаша іс-шара ұйымдастырды.

Іс-шара барысында ұрпаққа аманат зияткерлік даму клубы мүшелерінің белсенді қатысуымен шашу шашылып, тұсауын кескен сәбиге бата берілді.

– Бүгін наурызды атап өту мақсатында осы іс-шараны өткізіп отырмыз. Яғни, орталығымызда қызметалушы Найля Оразбаева ханымның немересі Дамирдің тұсауын кесіп, қазақтың басқа да салт-дәстүрлерін көрсетіп жатырмыз. Шын мәнінде бұл біздің ұлттық рухани құндылығымызды дәріптейтін ай ретінде, жастарға жақсы өнеге көрсететін мереке ретінде тойланып жатқаны қуантады, – деді Орталықтың әкімшілігі тарапынан мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы Бақыт Байманова.

Ал «тұсаукесер» рәсіміне жиналғандар арнайы наурызға арналған концерттік бағдарламаны тамашалап, риза болып тарасты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button