Құқық

Тұтынушы құқығын біледі ме?

Нарық заманында әркім өз құқығын жақсы білуі керек деген қағида кейде біраз адамдарда кемшін түсіп жатады. Көп нәрсеге онша мән беріңкіремейтін қазақы мінезіміз тағы бар. Әсіресе, өзіңнің тұтынушылық құқығыңды тұрмысқа қажетті ауқымды қымбат тауар алғанда талап ете білу кім-кімге де артық етпейді. Кейінгі кезде тұтынушылық талаптарға назар аударуды күшейту Үкімет тарапынан да қолдау тауып отыр.

[smartslider3 slider=1306]

Бірақ күнделікті өмірде сіз сатып алатын сол жиһаз бен тұрмыстық техникаларды жасаған, оны сатқан адамдардың жауапкершілігі төмендеп бара жатқан секілді. Сондықтан тұтынушылық құқығыңды білу аса қажет дер едік. Ал біліңкіремесеңіз немесе талап ете алмасаңыз, онда нарық заңы қатал.

Осындай бір жағдай қала тұрғыны Ермек Азаматовтың да басынан өтті. Жақында ғана өз қалауынша жөндеуден өткізіп, көңілі жайланған ол пәтеріне енді жиһаз сатып алғысы келді. Сөйтіп хабарландыру арқылы «Роса» компаниясына хабарласты. Құба-құп. Бұл іздеген қонақ бөлме гарнитурының түсі де, бағасы да көңілінен шығып, табыла кетті. Тек кеңселері Қарағанды қаласында екен. Еш кедергісіз тауарды бір күнде жеткізіп, өздері құрап беретін болып келісті. Ақшасы да сол бойда Kaspi Gold-қа аударылды. Алайда жиһазды құрап болған кезде киім ілетін шкафының есігі қабыспайтыны анықталды. Ал екі кісілік тақтасының екі жері зақымданып, бір жері жарылғаны тағы көрінді.

Компанияның жауапты адамдарымен хабарласқан Ермек сол күні мардымды жауап ала алмады. Ал келесі күні директоры ақаулардың барлығын екі айдың ішінде қалпына келтіріп беретін болып уәде етті. «Неге екі айдың ішінде?» деген сауалына: «Бұл жиһаз Польшада жасалған. Керек бөлшегін сол жақтан алдырамыз» деп жауап берді. Дегенмен пәтер иесі бұған онша сене қойған жоқ. Сондықтан жырылған, зақымданған жерлерді тап қазір реттеп, өтемақы төлеуді талап етті. Олар өтемақыға 20 мың теңге ғана ұсынды.

Өткен жылы Қазақстан Парламенті Тұтынушылар құқығын қорғау туралы жаңа заң қабылдағаны белгілі. Міне, осы құжатта сатушылардан тұтынушының мүддесі жоғары тұру керектігі тайға таңба басқандай жазылған. Тіпті бұған қоса істі сотқа дейін жеткізбей реттеу үшін сатушыларға үш түрлі жүйе шеңберінде мүмкіндіктер де туғызылған. Ақау табылған кезде ең әуелі сатушы мен тауарды әзірлеген кәсіпкерге талап қойылуы керек. Олар қанағаттандыра алмаған жағдайда мемлекеттік органдарға шағымдануға болады. Ал олардан нәтиже шықпаса ғана сотқа жүгінесіз.

Қазір дүкеннен сатып алған он заттың алтауынан ақау шығатыны амалсыз ойландырады.

Мақат Тұрсынов қаладағы көпшілікке белгілі сауда орталығынан теледидар алғысы келді. Қаз-қатар тізіліп, самсап тұрған тауарлардың қайсысын таңдаймын десе де өз еркі. Ол бір көшелі теледидарды таңдады да, отбасына көрсетіп, ақылдасуға қалта телефонына суретке түсіріп жатқан. Сауда орнының қауіпсіздік қызметі «бұл жерде суретке түсіруге тыйым салынған» деп шап беріп қолынан ұстай алды. Ал жаңа заңның 24-бабында әрбір тұтынушы дүкендерде фото-бейне жазба жасауға толық құқығы бар екені жазылған. Сондықтан оған күзет тарапынан тыйым салу заңсыз еді. Бірақ күзет қызметі сауда орнының келісімшарт бойынша фото-бейне түсірілімге тыйым салынғандығын алға тартып тұрып алды. Алайда заңда та­уарлар мен баға көрсеткіштері коммерциялық құпия еместігі нақты айтылғандығын мұндағылар білмеді немесе білгісі келмеді.

Тағы бір мәселе – тауарды 14 күн ішінде қайтадан кері қайтаруға болатындығы жөнінде. Бұл жерде де келісе алмайтын жағдайлар жетіп артылады.

«Рас, заң бойынша алынған тауар иесіне ұнамай қалса немесе одан бір ақау шықса, он төрт күн ішінде кері қайтаруға құқығы бар. Бірақ өмірде не болмайды демекші, белгілі бір салтанатын өткізу үшін қымбат жиһаздарды екі-үш күнге сатып алып, «ұнамады» деп кейін өткізген адамдардың да кездескенін жасыруға болмайды» дейді заңгер Ілияс Мұратов.

Тұтынушылардың тағы бір назар аударатын жайы – көпшілік тамақтанатын асхана, дәмхана, мейрамханаларда өзіңіз тапсырыс берген тағамыңыз туралы толық ақпарат алуға құқығыңыз барын білу. Бағасынан бастап алып отырған асыңызға қандай дәмдеуіштер мен қоспалар қосылғандығы, тамағыңыз қанша грамм тартты – осының барлығын даяшылар сіз талап етсеңіз, жіпке тізгендей айтып беруге міндетті.

Тұтынушылардың тағы бір назар аударатын жайы – көпшілік тамақтанатын асхана, дәмхана, мейрамханаларда өзіңіз тапсырыс берген тағамыңыз туралы толық ақпарат алуға құқығыңыз барын білу. Бағасынан бастап алып отырған асыңызға қандай дәмдеуіштер мен қоспалар қосылғандығы, тамағыңыз қанша грамм тартты – осының барлығын даяшылар сіз талап етсеңіз, жіпке тізгендей айтып беруге міндетті.

Ділнәз Кенжебаева бір дәмханадан түстік ішкісі келген. Онысы айқай-шумен аяқталды. Ішіп отырған тамағынан шаш шықты. Сол дәмхананың әкімшілік қызметкерін шақырып, ақшасын қайтарып беруді талап етіп еді, оның бұл заңды талабын әкімшілік құлағына ілмеді. Амалы таусылған Ділнәз Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінді. Комитеттің жауапты адамдары одан осы фактіні дәлелдейтін фото, бейнежазба немесе бір-екі куәгерлердің түсініктемесін сұрады.

Осы жерден кереғарлықтың көрінісін анық байқаймыз. Заңмен рұқсат етіліп тұрған фотосурет, бейнежазбалар түсіруге сауда орталықтарының, тамақтану орындарының (асхана, дәмхана, мейрамхана) басшылығы неге тыйым салады? Ал тұтынушылардың құқығын қорғау мекемесі кез келген фактіні дәлелдеу үшін мұндай деректің керектігін алға тартады.

Енді бір жиі кездесетін жай – сатып алушыға баға белгісі (ценник) нақты қай өнімге тиесілі екенін түсіну қиынға соғатындай етіп қойылатын кездер. Кассаға ақысын төлеу кезінде тауардың құны көрсетілген бағамен сәйкес келмейтін жағдайларда сатушы тауарларды сөреде көрсетілетін сомада сатуға міндетті. Супермаркеттердегі бағалардан шатасу тұтынушылардың алдануының жиі кездесетін түрі екені белгілі. Әдетте әкімшілік мұны «жаңа баға бірінші компьютер­ге енгізіледі, сосын барып тауарға жазамыз. Қазір тауар көп болғандықтан, бағасын ауыстырып үлгере алмай жатырмыз» деп ақталады. Бұл дәлелді уәж емес, сондықтан тұтынушы қатаң түрде баға белгісі бойынша төлеп, артық төленген сома кері қайтарылуы қажет.

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Сондықтан тауардың тілі де мемлекеттік тілде жазылуы керек. Алайда кей жағдайда тек орыс және шетел тілдерінде жазылып, қазақ тілінде бір ауыз сөз кездеспейтін жайлар болып жатады. Бұл да заңсыздық екенін көпшілік біле бермейді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button