Жаңалықтар

ТҰТЫНУШЫЛАР ТАЛАБЫНА САЙ

Бүгінгі Астанағажайып қала. Оның қазіргі келбеті, күн сайын абаттана түскен көшелері мен қайталанбас кейпі, Есілдің жағалауындағы кешкі көріністер мұнда бұрын бір рет те болсын бас сұққан жанның есінде ұзаққа сақталары ақиқат. Көз алдымызда көркейіп келе жатқан тамаша тұрғын үй кешендері, еңселі әкімшілік ғимараттар, гүлзарлар мен фонтандар, әсем монументтер мен сәулет ескерткіштерін көрген адам тамсанбай, таңдай қақпай қалмайды.

Биылғы жылдың «Астана – түркі әлемінің мәдени елордасы» аясында өтіп жатқаны белгілі.

Осыған орай, қаламызда түрлі концерттік бағдарламалар, қазіргі заман бейнелеу өнерінің көрмелері, «Астана төңірегіндегі мыңжылдық» атты көшпелі өркениеттер фестивалі, Қазақстандағы Әзірбайжанның мәдениет күндері және басқа да маңызды шаралар ұйымдастырылуда.

Өкінішке қарай, осындай шаралар барысында Астанада әлі де болса тұрғындарға қызмет көрсету мәдениеті мен сапасының елорда деңгейіне сай болмай отырғаны аңғарылып қалып жүр. Сондықтан, біз жақында елордадағы №37, 104, 103, 16, 40 қоғамдық көлік қызметінің сапасын тексергенбіз. Тексеріс барысында кейбір көліктердің ішінде музыка дауысының қатты шығатынына, автобус салонында жүргізушінің шылым шегетініне, аялдамалардың хабарланбайтыны мен тіпті жолаушыларға билеттің берілмейтініне, жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс арттыратынына, автобустарда сыймдылық нормасының сақталмайтынына, яғни, қоғамдық көлік ішінде ине шаншар орынның болмайтынына, кейде маршрут кестесінің сақталмайтынына көз жеткіздік.

Жыл сайын қаламызда 3 миллионнан астам адам қоғамдық көлік қызметіне жүгінеді екен. Мұндағы жолақы құны 60-65 теңге, ал, бұл әрине аз ақша емес.

Демек, көрсетілер қызмет құнына сай болуы керек. Дегенмен, тұтынушылардың құқы барлық жағдайда бірдей ескеріле бермейді. Мәселен, қала тұрғыны А.Есенова «Ырысты» СҮ-де орналасқан «Безверхой» ЖК-нің шаштаразында шашын ақшыл түске боятпақшы болады. Мекеменің шебері И.Павлюк технологияны сақтамай, клиентті аллергияға тексерместен, бояуды қанша уақытұстау керектігін ескермейді.

Осындай «қызметтен» кейін азаматша Есенованың бас терісі күйіп, шашы түсіп, дерматолог дәрігердің көрсеткіштері мен жұмыс істеуге жарамсыздығы жөніндегі анықтама бойынша ауруға шалдығады.

Тұтынушының құқығының бұзылуына байланысты біз оны қорғай отырып, моральдық және материалдық шығын өтеттірдік және шебер жұмыстан шығарылды. Астрахан тас жолында орналасқан «Астықжан» СҮ-нен А.Мазубаева банкідегі балықты сатып алып, үйге әкеліп ашқанда мұхит балығының ішінен құрт шыққан. Біз оны тиісті шара қолдану үшін қалалық санэпидэкспертизаға жібердік.

Сондай-ақ, жақында бізге Астана, Көкшетау және Қарағанды қалаларының 100-ден астам студенті келіп, «Катрин, Ворк энд Трэвэл» ЖШС-не АҚШ-қа баруды ұйымдастыру үшін виза ресімдеуге, әуе билеттерін сатып алып беруге және жазғы уақытта АҚШ-тан жұмыс тауып беруге уәде еткендерін, осы қызметтері үшін әрқайсынан 3000 доллардан ақша жинағандарын айтып, шағымданды. Ұшатын уақыт келгенде бас директор Сматов АҚШ-та болып шығады, ал бас үйлестіруші Жиентаев жұмыстан шығып кеткен. Бүгінде офистің есігі жабық тұрған көрінеді.

Осыған орай, біз мемлекеттік органдарға хат жібердік. Үстіміздегі жылдың тек бірінші жартыжылдығында осындай 2500 шағым мен өтініш келіп түскен.

Біз олардың әрқайсын қалт жібермеуге, кез келген тұтынушының құқығын қорғауға тырысудамыз. Бұл ретте біз, «Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық бірлестігі қаламыздағы атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып елордадағы қызмет көрсету мәдениеті мен сапасын жақсартуға күш жұмылдырып келеміз. Бұл іске, әрине, көпшіліктің атсалысқаны абзал. Сондықтан, Астанамыздағы қызмет көрсету сапасын тұтынушылар талабына сай жақсартуға үлкен-кіші, жас-кәрі болып, ұйымшылдықпен бәріміз бірлесіп атсалысайық. Тек сонда ғана біздің басты ордамыз басқа қалаларға барлық жағынан бірдей үлгі бола алады.

 Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,
«Әділет» тұтынушылар құқын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button