Тұтынушылар құқығы қалай қорғалады?
Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметі екі бағытта жүзеге асады. Атап айтқанда, ішкі сауданы дамыту, реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және тұтынушылардың құқығын қорғау саласында біртұтас тиімді саясатты қалыптастыру.
Департаменттің жыл басынан бергі жұмысы туралы Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында «Астанада сауда саласындағы жұмыстар және тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» тақырыбымен өткен брифингте аталған департаменттің басшысы Нұрғали Егембердиев баяндады.
Спикердің айтуынша, биыл жыл басынан бері осы департаментке тұтынушылар тарапынан 3848 өтініш түскен. Тұтынушылар «E-otinish» платформасы және электрондық үкімет порталы арқылы 2151 өтінішпен жүгінген. Оның ішінде 1431 тұтынушыға түсініктеме берілді, 370 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органға жіберілді, ал 350 жағдайда тұтынушылардың мәселесі шешімін тапты, тұтынушыларға ақшалай қаражатты қайтару сомасы 160 млн теңгені құрады. Сонымен қатар Telegram Bot арқылы 370 өтініш түскен, олар бойынша тұтынушылардың сұрақтарына толықтай түсініктеме берілді. Азаматтарды жеке қабылдау барысында 600 тұтынушының мәселесі тыңдалды, жедел желі телефонына 700 тұтынушыдан қоңырау түсті, әрбір сұраққа заңға сәйкес кеңес берілді.
Егер де кәсіпкер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін сол қателікті бір жыл ішінде тағы қайталап жасаған жағдайда жеке тұлғаларға – 10, ШК субъектілеріне – 20, ОК субъектілеріне – 30, ІК субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады
– Тұтынушының құқығы мен заңды мүддесі бұзылған жағдайда, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) құқықтар мен заңды мүдденің бұзылуын жою және тұтынушыға тауардың кемшілігі салдарынан осы бұзушылықтар кесірінен келтірілген залалды ерікті тәртіппен өтеу туралы наразылықпен жүгінуге құқылы. Тұтынушының сатушыға наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарлама поштамен, әлде сатушының электрондық пошта мекенжайы бойынша жіберіледі, – деді Н.Егембердиев.
Сатушы тұтынушы наразылығын қарауға және оның талаптарымен келіспеген жағдайда шағымды алған күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде жоғарыда баяндалған тәсілдермен дәлелді жазбаша жауап беруге міндетті. Бұл міндетті орындамаған жағдайда сатушы «Ескерту» түріндегі әкімшілік жауапқа тартылады. Тұтынушының шағымына жазбаша жауап бермеу бойынша құқығы мен заңды мүддесін бұзғаны үшін 110 кәсіпкер осындай әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер де кәсіпкер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін сол қателікті бір жыл ішінде тағы қайталап жасаған жағдайда жеке тұлғаларға – 10, ШК субъектілеріне – 20, ОК субъектілеріне – 30, ІК субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Тұтынушыларды ағарту мақсатында халық арасында тұтыну сауатын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысы тұрақты түрде жүргізіледі. Мамандар жедел желі телефоны бойынша кеңес береді, жеке қабылдаулар жүргізеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында департамент Instagram әлеуметтік желілерінде dtzpp.astana аккаунтында және Facebook парақшаларында департамент Астана қаласының сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті аккаунттарында ақпараттың бәрі тұрақты жарияланып отырады.